Былтыр орта білім беру мекемелеріндегі кітапханаларға 2 млн-нан астам көркем әдебиет сатып алынды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік тілді жетілдіру мәселесі ол туралы контентпен де байланысты. Әсіресе колледж және жоғарғы оқу орындарын алсақ, қазақ тіліне қатысты контентке қатысты кемшілік көп. Жеткілікті деңгейде әдебиет жоқ. Осыған байланысты білім туралы ұлттық жобада жоғарыда аталған мәселені бөлек қарастырып отырмыз. Атап айтқанда, әлемдік деңгейдегі шет тілдеріндегі әдебиеттерді қазақ тіліне аударып, оқу барысында қолдану керек. Бұл жұмысқа тіл комитеті кірісті, ол үшін қаржы қарастырылған. Сонымен қатар бүгінде отандық ғалымдар колледж және ЖОО арналған қазақ тіліндегі оқулықтар жазып жатыр. Әсіресе темір-терсектің тілін қазақшалау аса маңызды», - деді Аймағамбетов «Мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру» атты дөңгелек үстел барысында.
Сондай-ақ, министр балаларды кітап оқуға баулитын арнайы бағдарламаның жүзеге асып жатқанын айтты.
«2021 жылы біз мектеп кітапхаларына 2 млн-нан астам көркем әдебиет сатып алдық. Балалар мектеп кітапханасына бармайды деп жатады. Егер кітапханада жеткілікті деңгейде қызықты әрі заманауи кітаптар болмаса, әрине балаларды тарту оңай емес. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға қатысты келесі мәселе – терминология. Терминдерге қатысты басты мақсат – бірізділіктің болуы. Себебі кейбір терминдерді әр жер әртүрлі аударып жүр. Осы олқылықты жою керек. Бұл мақсатта біздің комитет жұмысты бастап кетті. Терминологияға қатысты ұсыныстарыңыз болса, қарауға әзірміз», - дейді ол.