Фото: ашық дереккөз
Қазақстан Республикасының Президенті медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.
Құжат Мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне физикалық күш көрсету және қатыгездік таныту фактілеріне қатаң құқықтық тосқауыл қою жөніндегі тапсырмасы аясында әзірленген. Заң жобасы Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндетін атқару кезінде олардың өмірі мен денсаулығына қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін жаңа бап енгізуді қарастырады.
Жаңа нормаларға сәйкес, зорлық-зомбылық қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы белгіленеді. Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза 2 жылдан 3 жылға дейін күшейтіледі.
Ал өмір мен денсаулыққа қауіпті емес зорлық-зомбылық үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген. Өмірге және денсаулыққа қауіпті күш қолданған жағдайда кінәлі тұлғалар 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауырлататын жағдайларда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Сонымен қатар Қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұл санаттағы істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу ішкі істер органдарының құзыретіне беріледі.
Президент медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен әл-ауқатына нұқсан келтіретін мұндай әрекеттер «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қатаң түрде тоқтатылуы тиіс екенін атап өтті.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері елде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаудың 280-нен астам фактісі тіркелген. Ал биылдың өзінде мұндай 58 жағдай орын алған.
