22 қаз, 2020 сағат 11:43

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жүйелі жүргізілуде – Вице-министр

Елімізде 2014 жылдан бері этномәдени бірлестіктер жанында мемлекеттік тіл мен әр этностың өз ана тілін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін осындай оқыту курстарынан 81% этнос өкілдері оқудан өтіпті. Бұл туралы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан – түрлі тарихи кезеңдерде қаншама ұлт пен ұлысқа құшағын ашып, бауырына басқан ел. Көпұлтты халқымыздың тату бірлігі мен ынтымағының арқасында бүгінде ұлтаралық қатынастың қазақстандық бірегей үлгісі қалыптасты. Әрине, ұлтаралық татулықтың қазақстандық моделі туралы айтқанда мемлекеттігіміздің негізін қалаған, Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деген болатын», - дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов.

Оның айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі еліміздегі этномәдени бірлестіктермен қашанда тығыз қарым-қатынаста байланыс орнатуға мүдделі. 

«Бұл мақсатта бағытымыз – айқын, жоспарымыз – белгілі. Атап айтқанда, елімізде 2014 жылдан бері этномәдени бірлестіктер жанында мемлекеттік тіл мен әр этностың өз ана тілін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін осындай оқыту курстарынан 81% этнос өкілдері оқудан өтіпті. Жалпы, 2011 жылдан бастап Мемлекеттік тіл оқыту орталықтарында жарты миллионнан астам ел азаматтары (513 624) қазақ тілі курстарын оқып шыққан. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді», - дейді ол. 

Вице-министр қазақ тілінің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар осы бағдарламалар және басқа да жобалар шеңберінде өз жалғасын таба беретін айтты.

«Ең бастысы, мемлекет бұл жобалардың барлығында да ең алдымен өздеріңіздей талантты да белсенді азаматтарға сенім артады. Қазақ тілін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне жеткізу үшін мемлекеттік тілді жетік меңгерген сіздердің көмектеріңіз аса қажет. Қоғам бүгінгі сіздермен мақтанады. Басқалар сіздерге қарап ой қалыптастырады, бой түзейді», - дейді Марат Әзілханов.