19 қаң, 2017 сағат 18:01

Қазақ неге парақор?..

«Алаған қолым береген». Қазақ тауып айтқан дейміз-ау! Бірақ, сол «алу» мен «беруге» құмартқан халықтың болашағы не болмақ? Құдай қолдап, кішкентайлы боласыз делік. Перзентхананың есігін аша сала дәрігерлерге көк қағаздың құлағын көрсетуге тиіссіз. Балаңыз балабақшаға барса да, мектепте оқыса да, университетке түссе де, қала берді жұмысқа орналасса да, қызметінен жоғарыласа да пара беру – парызыңыз. Ол парызды қаза қылуға дәрменіңіз жоқ. Көшеде ала таяқ ұстаған жолсақшысының өзі ақшаның көлеңкесін көрсе болды, заңыңызды дәп бір өзінің жеті атасы жазғандай аттап өте барады. Беруші, қалтасының түбін қағушы – халық. Ал, алушы кім? Мемлекеттік қызметкер! Демек, біздің «алаған қолымыз береген» емес, «береген қолым береген»… болып барады.

 

Пара һәм ашық сауда…
Қазіргі қазақ қоғамына қарасаңыз дәп бір базарда жүргендей сезінесіз. Шынын айту керек, тәуелсіздік алғанға дейін «пара» деген аса  бір  жантүршіктіретін жаман сөз емес-тұғын. Жалпы түркі халықтарына ортақ бұл сөзге «ақша» ұғымы синоним бола алады.  Бірақ, заман өзгерді. Заман өзгерген соң ұғым да басқа сипатқа ие болды. Кезінде қазақ болыс болып, шен алу үшін пара беруші еді… Енді, өмір сүру үшін пара ұсынатын індетке шалдықты. Дұрысы мемлекеттік органдардан өзіне қажетті ақпаратты алу, өзіне тиісті қызметті пайдалану үшін қаржы шығындауға міндетті. Бәлки, жабайы капи­тализмді кінәлармыз. Сол жабайы капитализм біздің мемлекеттік органдарды базарға айналдырып жіберді. Мемлекет әр баланы тегін оқытуға міндетті. Сөйте тұра ұстаздар қауымы пара дәметеді. Мемлекет бәрімізге тегін медициналық жәрдем көрсетуге тиісті. Сөйте тұра Гипократтың шәкірттері қалта қалыңдатудың жолдарын тауып алған. Тіпті, қазір кез-келген мемқызметкер әр қой­ған қолын, мемлекеттік сатып алуларды, шыққан шешімдерін сатудан арланбайды. Осындайда «парақорлық дегеніміз дәстүрге айналып бара жатқан жоқ па?» деген сұрақ көкейге келіп тіреледі.

Парамен ұсталсаң, парамен  құты­ласың…
Саясат деген «ағаш атты» ерттеп мін­гендердің, яғни, мемлекеттік қыз­мет­керлердің қолы мен ары қайткен күнде таза болмақ? Қайткен күнде мемлекеттік қызметкер еліміздің айнасына айналады. Дәл бүгінгі «беттүзер» айнамызға қарасаңыз, жаныңыз түршігеді. Мәселен, өткен жылы қаржы полициясы (сол кездегі) органдары айналдырған жарты жылдың ішінде 1800-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысын анықтапты. Аталмыш қылмыс өткен жылдармен салыстырғанда 2,2 пайызға артыпты-мыс. Солардың ішіндегі 1650 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Бұл ресми дерек. Ал, бейресми деректер не дейді?.. Оны екшеп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, көп айтыла бермейтін «бір анық» бар. Пара алудың «акулалары» өзге теңізге еш бөгетсіз өтіп кетеді де, май табаға шабақтар шыжғырылады. Тіпті, шортандар парамен ұсталып, парамен құтылатыны жайлы да жиі естиміз. Мұндай фактілер көбейген сайын құзырлы органдардың тізгінін ұстаған шенділер мен шекпенділердің ар-ұятын оятып, мәдениетін қалыптастыруды жедел қолға алу керектігі байқалады.

Қазанға қақпақ керек…
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Шенділерді итке балаудан аулақпыз. Десе де, олар мемлекет қазанының қақпағын ұстап отыр­ған­дықтан, халық алдындағы бар жауап­кершілікті сезінуі керек. Бізде осы жауапкершілік мәселесі кемшін түсіп отыр. Халықтың өз мемлекетіне, өз мем­лекеттік қызметкеріне деген сеніміне селкеу түсірмеу үшін шенділерді тек қылмыстық жауапкершілікке тарту аз. Шынын айту керек, осыған дейін парамен ұсталған қаншама шенеунік істі болды. Десе де, қылмыстық жауапкершілік шенділерге түпкілікті сабақ бола алмады. Олар, керісінше, «екі қарап бір шоқитын» қарғаның сақтығын жасауды үйреніп алды. Сондықтан да, насихат жұмыстарын жандандыру мәсе­лесін қолға алғанымыз жөн. Яғни, сы­байлас жемқорлықтың барар жері темір тор екенін түсіндіру арқылы тезге сал­ға­нымыз дұрыс. 

Ашаршылық көрген халық  парақор болады
Қазақ   мәрт  халық. Үйіне   келген қонақ­тан бұйымтай сұрайды. Астына ат мінгізеді. Шапан жабады. Біреумен құда болса, киіт кигізеді. Қалыңмал алады. Осы «алыс» пен «берістің» астарында парақорлық жатқан жоқ па? Әрине, салт-дәстүрді мансұқтаудан аулақпыз. Тек, біз сый мен сияпаттың арасын парақорлықтан ажыратқанымыз жөн секілді. Мысалы, мемлекеттік қыз­меткердің «сыйақы» сұрауы бүгін ғана туындаған мәселе емес. Қазақы па­раның түп-тамыры сонау патшалық үкіметтің тұсынан басталады. Мысалы, бабаларымыздың ауылнай немесе аға сұлтан болуы үшін отар-отар қой айдап, сайлау сайын шығындалғаны жайлы деректер жетерлік. Бірақ, ол кезде ешкім де «биені бүгімен, түйені түгімен» жұтқан жоқ. Бір қызығы қазіргі қазақ қоғамындағы парақорлықтың дендеуін кейбір психологтар ашаршылықпен байланыстырғысы келеді. Ашаршылық пен жоқшылықты көп көрген елдің азаматының көзі ешқашан да байлыққа тоймайды-мыс.    

Түйін
Атақты француз философы Шарль Луи Монтескье: «Көптеген ғасырлар тә­жірибесі көрсеткендей, қолында билігі бар адам, қылмыс жасауға бейім тұрады және де тиісті шекке жетпейінше, сол бағытта әрекет жасай береді» деген екен. Әрине, бұдан құтылар бір ғана жол бар. Егер де демократиялық құндылықтар орны­ғып, бар билік халықтың қолына көшсе, жемқорлық та өздігінен жойылады. Біз осы жолға түсуге тиіспіз. 


Жастар  неге  шенеунік болғысы  келеді?
Елімізде жүргізілген әлеуметтік зерт­­теулер қазақ жастарының 63 пайызы шенеунік, әкім, депутат болғысы келе­тінін дәлелдеген. Өйткені, біздің жастар баюдың төте жолы – мемлекеттік қызмет деп біледі. Жеткіншектердің санасында қалыптасқан осы психология, осы тенденция бізді қайда апарады?  

Қазір ешкім ғарышкер болғысы кел­мейді. Өйткені, ғарыш айлағын игеру қазақ үшін – мифология. Аңызбен арбалып, ертегіге еліту нарықтық қоғамда мүмкін емес. Содан болар, жас­та­рымыздың дені болашақтың үміт жібін мемлекеттік қызметтің мойнына байлағысы келеді. Бұл арман екінің бірінің басына қона салмасы тағы белгілі. Сондықтан да, күн санап жұмыссыз жастардың саны артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, біріншіден, еліміздегі 3 млн халық өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр екен. Сол 3 млн-ның 700 мыңы – жастар. Яғни, 700 мың жасымыз такси айдап, әрбір жерде жалданып, түрлі бейресми жұмыс жасап жүр деген сөз. Екіншіден, мұның сыртында 30 мың жұмыссыз ұл-қызымыз бар. Үшіншіден, елімізде жыл сайын 60-70 мыңдай түлек ЖОО-ларды бітіріп шығады. Мұның бәрі дерлік қызмет тізгінін ұстап кетіп жатыр деп айта алмаймыз. Бүгінгідей дағдарыс алқымнан алған кезде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың ертеңі бұлыңғыр екені тағы рас.

Жастардың шенеунік болуға талпынуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, олар әлеуметтік жағдайды жақсартуды ойлайды, екіншіден, туыстарға жәрдем еткісі келеді, үшіншіден, материалдық құндылыққа оңай жетуді көздейді, төртіншіден, жұрт алдында беделді болуды армандайды… Әри­не, өтпелі кезеңге тән бұл құбылысты жою үшін ең алдымен «мемлекеттік қызмет – карьера жасайтын мекеме» деген түсініктен арылуымыз қажет. Өйткені, қазір кез келген азаматтың карьералық тұрғыда өсуі, яғни, әлеуметтік сатыға көте­рілуі тек қана шенеуніктіктің аясында қалып­­тасып отыр. Тіпті, шенеуніктеріміз елдегі кәсіпкерлерден ауқатты. Демек, бұл жағдай жастарға баюдың, материалдық құндылықты арттырудың жолы болып көрінеді. Осындай кезеңде біз оларды металлург, машина жасаудың шебері немесе т.б бол деп үгіттей аламыз ба? Қазір еліміздегі кез келген өндірістік саладағы тұрақтылық деңгейі төмен. Жастарымыз әр өндірістік сала біреудің жекеменшігі екенін біледі. Демек, бұл жерде жастарды кінәлауға болмайды. Себебі жас мамандар қазір бір өндірістік салаға барса, ол жердің иесі, яғни, басшысы бола алмасын, өмір бойы қатардағы маман болып қалатынын жақсы түсінеді. Біздің елдегі көптеген салаларда әлеуметтік қауіпсіздік мәселесі жолға қойылмаған. Бүгінде мемлекетіміздегі әрбір төрт жас маман ғана жұмыс орнына орналаса алады екен. Бізде мұндай проблемалар көп.

Айтуға оңай, әрине. Сол себепті де бұл түсінікті өзгерту үшін мемқызметкерлердің жемқорлығына түпкілікті балта шабу жолдарын қарастыруымыз қажет. Жастардың шенеуніктікке ұмтылуының бір қырын – парақорлыққа құмарту деп түсінген жөн. «Диплом деген көк қағаз, жұмысқа қарым-қабілет керек» деген пікір нық орналасқаны керек. Сонымен қатар, әр университет өзінің түлектерінің 70 пайызын жұмыспен қамти алмаса, ол оқу орындарын жабу мәселесі қаралуы керек. Бұл жайттарды жасай алмасақ, діни экстремизмнің артуы, отбасылық ажырасулардың көбеюі, жетімдер санының артуы тоқтамақ емес. Нақты деректерге сүйенсек, бүгінде елі­міздің құрылыс саласына 10 мыңға тарта, ауыл шаруашылығында 10 мыңға жуық, машина және жабдықтау технологиясында – 8 мың, қызмет көрсету саласында 7 мың маман жетіспейді екен. Құр қиялға ерік берген жас жеткіншекті білікті кадр болуға үгіттеп, бетін осы салаларға бұрсақ, бір серпін байқалар ма еді?.

Түйін
Арман алға жетелейді. Жастардың арманына шек қою мүмкін емес. Десе де, өмір ағысына тек арман жетегімен емес, шынайы көзқараспен қарайтын кез жеткен секілді.

Елшілер неге мемтілді  қажет етпейді?
«Елдестірмек елшіден». Құдайға шү­­кір, қазір Тәуелсіз қазақ елінің әлем ал­дын­дағы абыройын асқақтатып, гео­саясаттағы көшімізді өрге сүйреп жүр­ген дипломаттарымыз аз емес. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде әлемнің 45 елінде Қазақстанның елшілігі ту тігіп, шет мемлекеттермен саяси қарым-қатынас жасап жатыр. Бірақ, біз осыған дейін ғаламға Тәуелсіздігімізді мойындататын – қазақтың үні, қазақтың тілі екенін, Алаш елінің атынан сөйлейтін әр елші мемлекеттік тілді толық қолдануы қажеттігіне мән бермей келдік. Енді, осы олқылықтың орнын қалай толтыруға болады? Ой елегінен өткізіп көрелікші.

Тарихтан  тағылым
«Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан ел­міз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз»… Біле, білген адамға бұл – би Қазыбектің емес, жоңғарға елшілікке барған елші Қазыбектің аталы сөзі. Шынын айту керек, өткен тарихта осылай осып-осып сөйлейтін елшілеріміз болғаны рас. Бұл үрдіс қазақтың ресми «тұңғыш елшісі» атанған Нәзір Төреқұловқа дейін жалғасын тауып, ұлттық танымымыздағы осы игі бас­таманы онан кейінгі кезеңдерде Қытайда елші қызметін атқарған Мұрат Әуезов пен бірнеше елде дипломатиялық қызметтер атқарған Болатхан Тайжандар жалғай білді. Тәуелсіздік алған жылдары ең алғаш болып, бүкіл елшіліктің іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіруге тырысқан Болатхан Тай­жанның ерен еңбегі – соның айғағы. Болат­хан Тайжан ағамыз осы қадамы арқылы өзінің кәсіби елші екенін барлық қырынан көрсетті.

Мемлекеттік тілде сөйлеу әр елшінің парызы болуы керек
Өткен тарих осымен тамам. Бүгінгі күнге оралайық. Қарапайым сөзбен айтқанда, елші дегеніміз – бір мемлекеттің екінші бір мемлекетке арнайы жіберген өкілетті – дипломатиялық өкілі. Яғни ол барған елінде сол мемлекеттің атынан сөйлеуге, сол мемлекеттегі Қазақстан азаматтарының құқығын қорғауға, екі ел арасындағы түйткілді мәселелерді шешуге құқылы. Мұнымен қоса, елшінің әрқайсысы өзі елші болып отырған елмен мәдени, саяси һәм экономикалық байланысты күшейтуге тиіс. Егер де сол елшіңіз өз елінің рәміздерін, өз елі­нің ұлттық мәдениетін, ұлттық тілін құрметтей алмаса, мемлекеттік тілін білмесе,  ол мемлекеттегі миссиясын қалай орын­дамақ? Сондықтан да, Қазақстан тарапынан елшілікке тағайындалған кез келген дипломат барған елінде мүм­кіндігінше қазақ тілінде сөйлеп, мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету керек. Бұл шет мемлекеттерге біздің төл мем­лекетіміз, төл тіліміз, төл саясатымыз бар екенін көрсетеді. Яғни, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту мәселесі әр елшінің борышына айналуы тиіс. Бірақ, өкініштісі, бұл мәселеге келгенде әлем елдеріне жіберген 45 елшілеріміз емес, алыс-жақын өзге елден біздің мемлекетке келген дипломаттар мен кейбір елшілердің мемлекеттік тілімізді шемішкеше шағып, бізді ұялтатын жағдайға жетті. Ал, тікелей шеттегі елші­лерімізді басқарып отырған Сыртқы істер министріміз Ерлан Ыдырысовтың мем­лекеттік тілді жарытпайтынын ескерсек, ұяттан тіпті, өліп кетуге болар еді.

Ащы сабақ
Мысалы, бір кездері Қазақстандағы Ұлыбританияның Төтенше және өкі­летті елшісі Пол Браммел мырза Қа­зақстан Президентімен мемлекеттік тілімізде тіл қатысып, саяси санасы ояу халқымызды дүр сілкінткені есімізде. Бұл – бір. Екіншіден, өткен жылдары Президентімізге сенім грамотасын тапсырған Моңғолияның жаңа елшісі Жагир Сухээ қазақ тілін ана тіліндей мүдірмей сөйлеп, таңдайымызды қақ­тырды. Ал, Финляндияның атынан келген өкілеттісі Илкка Унто Калерво Райсанен қолындағы парағына қа­ра­ғанмен, қазақ тілінде әжептәуір тілін сындырғанын аңдатып қалды. Ұлы­британияның Пол Браммелі, Моң­ғо­лияның Жагир Сухээсі, Финляндияның Илкка Унто Калерво Райсаненнен ащы сабақ алып, солар сөйлеген қазақ тілімен, біздің елшілер тіл қатса, тонын ешкім шешіп алмасы хақ. Шындығын мойындауымыз керек, бұған дейін бауырлас өзбек, қырғыздан басқа ешбір елші қазақтың тілін білуге, сөйлеуге асықпаған еді. Тек Жапония елшісі ғана дипломатиялық қызметі барысында арнайы курстан өтіп, қазақ тілін меңгерген болатын.

Не істемек керек немесе үшінші «көзір» 

«Елшінің қылышы – тіл». Қазақтың осы аталы сөзін еске ала отырып, енді не істеу керектігіне тоқталайық. Біріншіден, шетелге саяси мақсатта шыққан кез келген дипломат мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауы қажет. Екіншіден, әр Елшіліктің ресми қағаздары мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Бұл мемлекеттік құпиялықтың жария болмауына кепіл бола алады. Үшіншіден, мемлекеттік тілді білу мемлекеттің амбиция­сын білдіреді. Өзін құрметтеген ел, өзгенің құрметіне ие болады. Төртіншіден, елшінің ана тілімізде сөйлеуі мемлекеттің имиджін қалыптастыруға септігін тигізеді.

Шынын айту керек, қазір біздің елдің имиджін биіктетіп жүрген – Елбасымыз. Өйткені Президентіміз шет мемлекеттерге ресми іс-сапарларға барған кезде Әнұранымыз шырқалып, қазақтың тілі, қазақтың музыкасы әуелейді. Мұнан кейінгі кезекте бұл үнді спортшыларымыз ғаламға паш етіп жүр. Егер де бұл сапқа елшілеріміз де қосылып, шет мемлекеттермен қарым-қатынас тілін қазақ тілі етсе, үшінші «көзіріміз» күшіне мінер еді. Өйткені елшілердің өз тілінде сөйлеуі – ежелден қалыптасқан дәстүр.

Түйін
Жүсіп Баласағұн: «Елші ердің төрт құбыласы тең болсын, елде – кісі, сыртта бүтін ел болсын!» депті-міс. Сол бабамыз өзінің «Құтты білігінде» елшіге қойылатын талаптар жайлы егжей-тегжейлі сипаттап, «елші ерекше зерек, өзі көрікті, көп тіл білетін шешен, жақсы аңшы, құсбегі, жұлдызшы (астролог), түс жорушы, музыкант сияқты көптеген қасиеттерге ие жан болуы қажет» екенін айтыпты. Біз бүгінгі дипломаттарымызға Жүсіп Баласағұн қойған талаптарды міндеттеуден аулақпыз. Тек өз Отанының тілін білмейтін елші болмауы қажет екенін ғана аңғартқымыз келеді.

Шетте оқыған жастарда қайыр бар ма?
«Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дейді хакім Абай. Заман өзгерді, біз қазір жеткіншектерімізді медресеге емес, шетел асырып, әлемнің озық оқу орындарында оқытатын болдық. Сана да «жаңарды». Оларды осылай білімді шеттен іздету арқылы «қызмет қылсын», «шен алсындыққа» баули бастадық. Бұл үрдіс өз жемісін берген де болар. Бірақ, бір мәселені ұмыт қалдырдық. Ол – жастардың ұлттық санасының беріктігі. Сол санаға ұлттық құндылықтардың дәнегін егіп, оларды отаншыл рухпен тәрбиелей алып отырмыз ба? Осы ойымызды талқылап көрсек…

Қатер  қайдан  келеді?
Соңғы жылдары түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында мыңдаған шәкірт шетел асып, «инемен құдық қазыпты». Ал, мұның сыртында әртүрлі шетелдік гранттармен өзге елге қанат қаққан жастарымыз қанша? Санын дөп басып айту қиын. Олардың қаншасы елге оралып, жемісті еңбек етіп жүр? Тағы да күңгірт… Сол жас­тарымыз өзге елден нендей тың жаңалық, нендей тың серпіліс әкеліп жатыр? Нақты дерегіміз болмағандықтан, «оны уақыт көрсетеді» деп бар жауапкершіліктен сытылып шыға келеміз. Қазір шет мемлекеттерде оқудың пайдасы жайлы жиі айтылады. Бірақ, арагідік болмаса, шетелге бала асырғаннан келер зиянды сөз етпеуге тырысамыз. Мәселен, біріншіден, жат жерде жат идеология бар. Ол идеологияның өзін үш түрге бөліп қарастыруға болады. Бірінші – саяси идеология. Өзге елдерде Қазақстан саясатына ықпал еткісі келетін саяси топтар бар болуы заңды құбылыс. Олардың сол идеологияны жастарға сіңіру арқылы мемлекетіміздің саясатына саңылау іздемесіне кім кепіл? Екіншісі – діни фанатизм идеологиясы. Елімізге сансыз миссионерлер аттандырған батыс елдері оң-солын әлі танып үлгермеген һәм өз аяғымен келген жастарымызды сәтті пайдаланып кетуі бек мүмкін. Үшіншісі – дүниелік идеология. Жасындай жарқылдаған жастарды жалт-жұлт еткен дүниемен қызықтырып, қаржымен алдарқатып, елітіп әкетпесіне кім кепіл? Қазіргі жағдайға қарап отырсаңыз, алғашқы саяси идеологияның нәтижесі көзге көрінбегенімен, қалған екеуінің зарары сезіле бастады. Мәселен, өз бетімен мұсылман елдеріне оқуға аттанған жастарымыз сол жақтан діни білім алып, еліміздің салт-санасын жоққа шығара бастады. Батысқа аттанған қыздарымыз адамзаттық құқығын пайдаланып, жатжұрттықтың табалдырығын келін болып аттап, ұлда­рымыз сол елден жан жарын тауып, қалып қоюда. Ал, олардың саны қанша екені тағы белгісіз. Біз мәселенің бетін ғана айтып отырмыз. Сондықтан да, бұл мәселенің астарына тереңірек үңілген жөн секілді.

Жастарды шетелде оқыту кемерінен асып бара жатқан жоқ па?
Ол үшін, ең алдымен, «Жастарды ше­тел­де оқыту кемерінен асып бара жатқан жоқ па?» деген сұраққа жауап тауып алған жөн. Алысқа бармай-ақ, іргедегі 1,5 миллиард халқы бар Қытайға назар салайықшы. Соншама халқы бар «Айдаһар елі» шетелге бала жіберуге айлалы көзбен қарайды. Жылына оқу мақсатында бірнеше мың адамды ғана шекара асырып, 2-6 айлық, әрі кетсе, бір жылдық білім беру курстарына аттандырады. Олардың денін мемлекеттік қызметкерлер құрайды. «Адами өнімдері» көп бола тұра, біз секілді 4-5 жылға бала жібермеулерінің астарында не бар? Бұл – бір. Екіншіден, 120 миллионнан астам халқы бар Жапония мемлекет тарапынан жылына 15-ақ азаматты шетелде оқытуға рұқсат береді екен. Осы екі мысалдың өзі елімізге біраз жайтты ұқтырса керек-ті…  Ал, біз болсақ, мемлекет тарапынан жыл сайын 3000 студентті 87 мамандық бойынша дүниежүзіндегі 32 елге аттандырып жатырмыз. Ал, бейресми орталықтар арқылы арман қуғандарды қоссақ, бұл сан тағы да еселене түсері белгілі. Бұл «шетелге бала оқытпау керек» деген ойды білдірмесе керек. Осы жағдайларды ескеріп, тек шетелде бала оқытудың санын емес, сапасын арттырып, кемерінен асып бара жатқан мәселенің тізгінін бір тартып қою керектігін аңғартады. 

Не істемек керек? 
Әрине, келешектің көкжиегін кеңіту үшін жастарымыздың дамыған елдерді көруі, сол жақтан дәріс алып, елінің кемесін алға сүйреуі қажет-ақ. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, осы бағытта «Болашақ» бағдарламасы жас­тарды өзі таңдаған озық оқу орнына орналастыру, оны оқуын бітіргенше қадағалау, сосын елге қайтқан соң жұмыспен қам­ту сынды жұмыстарды дөңгелетіп жатқаны рас. Десек те, бар мәселе осы жайттармен шектеліп қалмауы қажет. Бұл мәселе жалпыұлттық сипат алып, шетелде бала оқытудың мемлекеттік сүзгісін қалыптастыруымыз керек. Ол үшін қандай жайттарды қаперге алу керек?

Біріншіден, өзге елдерге жастарымызды егемен елімізге қажетті, бірақ өз елімізде оқытуға мүмкіндік жоқ мамандықтарды игеруге ғана жіберу керек. 

Екіншіден, «мектептің жасы», «жо­ғары оқу орындарында оқитындардың жасы» деген секілді шетелде оқитын балалардың жасын белгілеу қажет. Жасы 22-ден аспаған бозбалалар мен бойжеткендерді, ұлттық таныммен сусындап өспеген жеткіншектерді шекарадан асыруға болмайды.

Үшіншіден, тек қана мектепті үздік бітірген, ерекше дарынды жастардың әлемдік деңгейдегі іргелі оқу орындарынан білім алуына жол ашуға тиіспіз. 

Төртіншіден, мемлекеттік құпия саласының мамандарын, әскерилерді өзге елдерге оқытпау керек. Болондық оқу жүйесі бойынша PhD докторанттарын шетелге тәжірибе алмасу үшін жіберу міндеттелген. Әскери оқу орындарын мұндай міндеттен босату қажет.

Бесіншіден, елімізде шетелге оқуға жіберілетін жастарға арналып, кемі бір жылдық дайындық курстары ашылғаны жөн. Ол жерде баратын елдің заңы, өмір сүру ерекшеліктері түсіндіріліп, ол елдерде өзін қалай ұстауы керектігі үйретілуі қажет. Өйткені, шетел азаматтары біздің жастарымызға қарап, мемлекетімізді таниды. Олардың құлағына сонымен қатар ұлттық таным тұрғысынан арнайы дәрістер оқылуы, «өзге елде сұлтан болғаннан, өз елінде ұлтан болғаны» артық екені құйылуы тиіс. 

Алтыншыдан, шетелдегі жастардың түрлі саяси-діни ұйымдармен байланыс жасауына, түрлі идеологиялық үрдістерге бой алдыруына шектеу қою керек. 

Жетіншіден, қазақ жастары оқитын елдердегі елшіліктердің жанынан сол жастардың басын қосатын мәдени орталықтар ашылғаны жөн. Сол орталыққа келген әр қазақ баласы аптасына кемі бір мәрте ұлттық құндылықтар жайлы дәріс алып отырса, түрлі келеңсіз оқиғалар орын алмас еді.

Түйін
«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім». Қазақтың белгілі жазушысы Мұхтар Әуезовтің осы сөзі әркімнің көкейінде жүретіні хақ. Демек, өзге елдермен тереземіз тең болуы үшін біздің әр нәрсені біле бергеніміз жөн. Бірақ та, ұлттық құндылықтарды, ұлттық танымды әліп құрлы көрмесек, елді сүймесек, сол білгенімізден қайыр бар ма? Бұл сұрақты да әрдайым қоғам алдында қойып тұруымыз қажет секілді. Айтар ой – бізден, іліп әкетіп, саралау сізден болсын.

Байлар да жылайды: Ұлттық буржуазия жыры
Тәуелсіздік алғалы қазақ даласында мыңғырған мал айдаған байлар көбейді. Өндіріс ошақтарының тізгінін ұстаған, алыпсатарлықпен тіршілікті ұршықша иірген, тырбанып жүріп тыңайған, астына мінген арғымағын тебініп жүріп теңге жиған ауқаттылар легі аз емес. Бірақ, сол қалталыларымыз байыған сайын жылауық болып бара жатқан жоқ па?

«Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегендей болмайық. Десек те, қазір, бізде ХIX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басындағыдай «сен тұр, мен атайын» дейтін ұлт зиялылары неге жоқ? Бұл ға­сырда алтын құрсақты аналарымыз саясат сахнасының үш бәйтерегі – Әлихан, Ахмет, Міржақыптай арыстарды, Жүсіпбек пен Мұхтардай ұлдарды, Әлімхан Ермековтей оғландарды неге дүниеге әкеле алмай отыр? Бәлкім, бізде ұлттық буржуазия қалыптаспай отырған болар. Мәселенің тігісін жазып көрелікші…

Қалтырау
«Ағайының бай болса, шайнағаның май болар» дейді қазақ. Ағайынымыздың бай екені рас, десек те аузымыз әлі де шылқа майға тие қойған жоқ. Неге? «Қазақ қателесті» дейін десек, бізге қарап «жыланға түк біткен сайын қалтырауық болады» деген бабаларымыздың сөзі күліп тұрады. Мұның соңы неге апарады? Қазір «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, Бәрібір тастамаймын астанамды» («А» әрпін бас әріппен жазуға да болады) деп, Қасым жырына еліткен жастарымыз аз емес. Олардың бір бөлігі жасы ордабұзар 30-ды ораса да, отағасы һәм отиесі бола алмай жүр. Енді бір парасы алып шаһарларда екіден-үштен бөбектерін ертіп, пәтер жалдап, «пәтерқұл» күй кешуде. Бір қауым жеткіншектер қос-қостан дипломын арқалап, арбакешке айналған. Ұлттың жыртығын жамайды деген бір оғландарымыз базар жағалап, енді біреулері Сейфуллин сынды қазақ зиялысы атындағы көшені сағалап күн көруде. «Кіреді итке» (кредит) күн көрген, «кіреді итпен» үй алған, «кіреді итпен» үйленген мыңдаған жастар елдің жоғын жоқтайды, елдің мұңын шертеді деп айта аламыз ба? Осындай қалтырап жүріп кіріптар күн кешкен жеткіншек қазақ руханиятына, қазақ саясатының кемелденуіне, қазақ экономикасының қарқындауына үлес қоса алмақ па? Кей кездері «жас­тар саясаты» дегенді концерт қоюмен таразылап жатамыз. Бұдан басқа жол қарастырып көрелікші… Мысалы…

Алаған қолым береген
Мысалы, біз Мұхтар Әуезов ең алғаш сахналаған «Еңлік-Кебек» қойылымындағы Кебек образын сомдаған, алаған қолы береген Аймағамбетов Ақкенже бабамызды жақсы білеміз. Ол 1917 жылдан кейін Қазақстанның әлеуметтік ісіне араласып, уездік, облыстық Қазақ комитетінің жұмысына қаржылай жәрдем беріп тұрған. Шыңғыстағы «Талап» игілік ұйымының құрылтайшысы болып, кейіннен аштыққа ұшыраған Жетісу, Сырдария қазақтарына азық-түлік, қаражат жағынан көмектескен. Бұл – бір. Екіншіден, «Қазақ» газетінің демеушісі болған Хасен Ақайұлының ерен еңбегі ұмытылмақ емес. Үшіншіден, «Алаш орда» үкіметінің бас Атымтай жомарты Ике Әділевті еске алыңызшы. Төртіншіден, Алаш партиясынан қаржысын аямаған Ахмет Ишанның жомарттығы жайлы аңызға бергісіз ақиқатты қалай ұмытасыз? Қазақтың «Джон Рокфеллер», «Билл Гейтсіне» айналған, мұндай игілікті, игі істі қолдаған байларымыздың тізімін тағы да тізе беруге болады. Мәселен, 11 мың жылқы айдаған Қаражан (Үкібаев) бай. Ол 1906 жылы Міржақып Дулатов түрмеге қамалғанда кепілдікке 2500 рубль төлеп, босатып алған. 1918 жылы Мұхтар Әуезов шығарған «Абай» журналының шығынын өз мойнына алған. Ресейдің болашақ патшасы Николай ІІ Омбы қаласына келгенде 1000 жылқыны сыйға тартқан Паң Нұрмұхамбет те алаштықтар десе, ішкен асын жерге қойып, қол ұшын созған деседі. Көкшетаулық Айбасов, Бимұрзин, Мәкенов сынды байлар жайлы да игілікті мысалдар келтіруге болады. Жаһанша Досмұхамедов Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың көмегімен Мәскеу университетінің заң факультетін бітірген. Әлихан Бөкейханов 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғанда Медеу бай (Оразбайұлы) он құлынды бие байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз бен бір қой сойып, Алаш зиялысының қамын ойлапты-мыс. Сонымен қатар, елде мектеп ашу ісінде бел сыбана күрескен Есенғұл қажы бастаған Маман байдың балаларының ұлтқа жасаған жақсылығы ұмытылмақ емес. Қош!

Не істемек керек?
Бұл – өткен ғасырдың әңгімесі. Кеңестік кезеңде осы байларымызға «феодал», яғни, «қанаушы» деген көзқараспен қарап келдік. Ал, бұл мысалдар шындығында, ол кезде ұлттық буржуазиямыздың қалыптасқанын көрсетеді. Біз ұлттық буржуазия кез келген мемлекеттің тірегі, іргетасы екенін ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Ал, қазір ше? Ұлттық буржуазиямыз қалып­тасып отыр ма?

Айтыс өтеді. Оның санаулы демеушілері бар. Осындай бірлі-жарым байқауларға, аламан жарыстарға қаржылай көмек көрсететін байларды жер-көкке сыйғызбай, жарна­малап жатамыз. Мешіт салғандарға да қызыға қараймыз. Бірақ, қазақ жастарының болашағы, білім алуы, азамат болып қалыптасуы бағытында кешенді жобалар жоқтың қасы. Сондықтан да, жер-жерлерде салынып жатқан мешіттерді, әлеуметтік көмектерді ұлттық буржуазия деңгейінде істелген іс деп айтуға ерте. Олай деу үшін біздегі байлар еліміздегі талантты, талапты жастардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, олардың мемлекетке қызмет етуіне септескені жөн. Яғни, бізге 30-ға толмай орда бұзған Шоқан, Сұлтанмахмұт, Саттар сынды оғландарымыздың шырағын жағатын ұлттық буржуазия керек. Бар айтпағымыз – осы.

Түйін орнына
Мұхтар Әуезов Ленинградта оқып жүргенде Смағұл Сәдуақасов артынан ақша жіберіп отырған. Әуезов досына жазған хатында осы мәселені жіліктей келе, «Қилы заман» сынды бірқатар шығармалар жазып тастағанын айтады. Егер де, Смағұл Мұхтарға қол ұшын созбағанда классикалық «Қилы заман» повесі өмірге келер ме еді? Осы бір кішкентай ғана мысал бізді ауыр ойларға жетелейді. Бүгінде мемлекеттік, ұлттық саясатта жастарымыздың арындап көрінбеуінің себебі, ұлттық буржуа­зияның қалыптаспағандығынан емес пе екен? Ойланайықшы…

Ұлт көсемдері. 
Олар қалай туады?

«Ертеңін ойламағанның тірлігі зая, елін ойламағанның ерлігі зая…» Бұл – біз­дің емес, атам қазақтың ғасырлар сүзгісінен өткен қасиетті сөзі. Содан болар, ел басына күн туғанда әр ерлігін зая етпейтін, «егеулі найза қолға алатын», «еңку-еңку жер шалатын» бір оғланның туарына бек сенген халықпыз…

Өткен тарихтың сартап беттерін ақтарсаңыз болды, қысылтаяң уақытта халқын ақылымен, батырлығымен, көре­ген­дігімен қорғаған, я бірауыз сөзімен ұлтының намысын жаныған көсемде­ріміздің өнегелі ісі көз алдыңызда кестелене береді. Сол әдемі кестенің алтын жібін иірген уақыт тек біздің ғана емес, күллі әлемге белгілі ұлт көсемдерінің атқарған ісін таразылап жатады… Бүгінге дейін сол өлшем таразысы бізге нені ұқтырды? Алдымен осы сұраққа жауап беріп алайық. 

Ұлтын ту еткендер ғана көсем болады
Тарих – безбен. Ол әр көшбасшының ұлтына еткен еңбегінің салмағын екшеп бере алады. Таразының бір басына ұлт көсемін, бір басына ұлтын қойып безбендеп, өлшеп көру қажет секілді. Екі жақтың салмағы тең түскенде ғана тұлғаның атауы ұлттың брендіне айналады. Мәселен, Мұстафа Кемал Ата Түрік түріктің атасына қалай айналды? Ататегі үнділік (кейбір деректерде қытайлық) бола тұра, малай ұлтының көшін бастаған Махатхир бин Мохамад ше? Қарулы отарлаушы елмен бейбіт жолмен қарсыласудың теориясы мен тактикасын белгілеген Махатма Ганди де тек өз ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдады емес пе?.. 1618-1648 жылдардағы  отыз жылдық ойраннан кейін 300-дей ұсақ князьдіктерге бөлініп кеткен Германияны Герман империясы еткен (1870-1871 жылдардан соң) Бисмарк болатын. Оны қойыңызшы, Бисмарктан кейінгі ұлы герман саясаткері атанған Конрад Аденауэр мен «неміс экономикасы кереметінің» авторы атағына ие болған Людвиг Эрхардтың әр ісін әлем тамсанып айтып жүрген жоқ па? Мысалы, бүгінде даму қарқыны жөнінен екінші дүниежүзілік соғыста жеңімпаз болған Ресей мен жеңілген Германияның қайсысының көші ілгері? Әрине, Людвиг Эрхардты туғызған неміс ұлтының… Саяси тұтқын ретінде 27 жыл алты ай алты күнін абақтыда өткерген Нельсон Манделаның саяси қайраткерлігі Оңтүстік Африка Республикасына деген көзқарасты түпкілікті өзгертіп берген жоқ па? Бұл тізімді өз биігін бағындырған Валенса, Тэтчер, Дэн Сяопин, Ли Куан Ю, Рейган, Рузвельт, Уинстон Леонард Спенсер-Черчилль  секілді тұлғалармен толықтыра беруге болады. Осы аталған тұлғалардың бәрі де өз ұлтын сүйгені, өз ұлтының арбасын өрге сүйрегені, өз халқының «табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын» деген түсінікпен өмір сүргені анық. Сол ерлігіне сүйсінген ел өз оғланының дәрежесін асқақтатып, әлемдік деңгейдегі бірегей тұлғаға айналдырып жіберді.

Ұлтшылдық ұлтты құтқарады
Енді, ақырын ойысып, өзімізге келсек… Өйткені, әлемдік тәжірибеге қарап діндардың да (Аятолла Хаменей, Мартин Лютер ), жалаңаяқ кедейдің  де (Махатма Ганди) елдің болашақ жолын көрсететін бағдаршамға айнала алатынын білеміз. Оларға тамсана қарап, «бізде де осындай көсемдер болғанда ғой» деп армандаймыз. Асылында, ондай тұлғалар Алаш баласында аз ба еді? Кешегі Сабалақ деген атпен Төле бидің түйесін баққан Абылай ханның Алаш баласын бір тудың астына біріктіргені, одан ертерек ХVI ғасырдың 20-шы жылдарында сан руға бөлініп бара жатқан қазақты сақтап қалған Хақназар ханның ерлігі, арғы тарихты ақтармай-ақ, кешегі алашордашылардың шекарамызды белгілеп беруі, дербес автономия алып, тәуелсіздікке  ұмтылуы – бәрі-бәрі ел көсемдерінің ынта-жігері арқылы жасалмады ма? Бірақ, біз сол бір Әлихан мен Ахметтердің ерлігін жете түсіне алмай жүрген сияқтымыз. Оған себеп «ұлтшылдық» деген сөзге тітіркене қарауымыз секілді. 

Бір өкініш…
Екінші мәселе, біздің көсемдер арасын­дағы ұстанымдардың аражігін ажырату керек. Мәселен, қысылтаяң кезеңде елін аман сақтап қалу үшін Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай – үшеуі үш саяси бағытты таңдады. Ақиқатына келсек, үшеуінің де жолы дұрыс. Тұрардың идеясы – қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде қазақты қорғап қалды. Әлиханның идеясы – бүгінгі Тәуелсіздіктің туының желбіреуіне септігін тигізді. Мұстафа Шоқайдың идеясы – болашақтағы түркілердің интеграциясына бастама болары хақ. Екшеп көрсек, бұл үш бағыт та тек ұлтты сақтап қалудың, жеке ел, мемлекет болудың қамы екенін байқайсыз. Десе де, іште бір өкініш бар. Ол өкінішті мынадай бір мысал арқылы түсіндіріп көрелік…

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияны аяққа тік тұрғызған президент Аденауэр мен экономист Эрхард өз арасындағы идеялық қайшылықты ұлттық мемлекетті сақтап қалу жолында жоя білген еді. Ұлттық мүдде жолында оларға жас айырмашылығы да (Аденауэр өзінің министрінен 21 жас үлкен болды), діни көзқарасы да (Аденауэр католик, ал, Эрхард протестант), флегматигі мен холериктігі де (Аденауэр флегматик және аз сөйлейтін, ал, Эрхард холерик және көпсөзді болатын) бөгет бола алмады. Екеуі бір жағадан бас шығарып, бірі саясатты, екіншісі экономиканы абсолюттендіру жолында жұмыс жасай берді. Бірі, яғни, Аденауэр – авторитарлыққа, ал, Эрхард демократизмге бүйрек бұрса да, мемлекеттік мүдде олардың идеясын бір арнаға то­ғыстырды. Егер де, дәл осы мысал секілді Әлихан, Мұстафа, Тұрарлардың басы біріккенде не болар еді?.. Біз,  бәлкім, қазір Жапония секілді елге айналып, Орталық Азияда үстемдік етіп тұрар ма едік?

Түйін
Қош! Тарихқа сүйенейік, өмірден алайық, әйтеуір ел басына күн туғанда ұлтын сақтар бір Махамбеттің табылары, елдің мерейін үстем етер бір ұлдың туары аксиомаға айналып кетіпті. Мұның себебін біздің ұлттың мемлекеттік санасының қалыптасқанынан іздеу керек секілді. Сол мемлекеттік сана әрдайым да Әлихан Бөкейханның «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзімен айшықталып тұрса, арман не? Десе де, бүгінгіндей алмағайып заманда хан баласынан қазақтың хақысын сұрайтын  көсем ұлдар керек-ақ… Ал, олар қалай, қашан туады?

Мемлекеттің ақшасы  «жалаңаш қыздарға»  бөліне ме?
«Платон менің досым, дегенмен шын­­дық одан да қымбат». Сол қым­бат шын­дықты қазақтілді ақпарат құрал­дарында қызмет ететін достардың көңі­ліне қарамай, ашып айтатын уақыт жетті деп ойлаймын. Бәріңіз білесіздер, қазақ тіліндегі санаулы ақпараттық порталдар қазір порнографиялық һәм эроти­калық сипаттағы мақалаларды жиі жариялайтын індетке шалдықты. Бұған басты себеп – оқырман тарту. Оқырманы көп интернет басылымға мемлекет тарапынан да қомақты қаржы бөлінеді. Сол қомақты қаржы қазақ ұлтын аздыруға жұмсалып жатқанын бүгінде ешкім жоққа шығара алмайды.

Ешбір сайттың атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық. Сонда да, сөзіміз жалаң болмауы үшін оқырманның «жағасын ұстата, ұстата» кірлетіп біткен бірер мақаланың тақырыптарын ғана назарларыңызға ұсынып көрейік.
1.    Бахрейнде жезөкшелікке салын­ған қарағандылық қыз құлдықтан құт­қа­рылды; 
2.    Қайдағы ұят! Әсел Баянда­рова­ның ең «батыл» суреттері;
3.    Ұлан Қонысбаев – қазақтан шық­қан Роналду! Небір күшті қыздармен жүреді өзі;
4.    Балаларға не болып барады? Оқушы қыз жалаңаш суретімен мақтанды;
5.    Қазақ жігіті жас әйелін басқа еркекпен ұстап алды!
6.    Мына қыздарда ұят бар ма?
7.    Ең ұятсыз той. Туған күнге жалаңаш қыз сыйлағанды көрдіңіз бе?
8.    ОҚО-да рулас қарындасын зор­ламақ болған жігіт бүтін ауылды дүр­ліктіріп отыр;
9.    Қарағандыда 10-шы сынып оқу­шысы немере қарындасын зорлап, жүкті етті;
10.     Шымкенттік кейуана тойда тә­нін жалаңаштап билейтін қыздар үшін ұял­ды;
11.     Алматыда орынға таласқан жез­өкшелер клиенттің көзінше жаға жыр­тысты;
12.     Ресей суретшісі төсімен Рамзан Кадыровтың суретін салды;
13.    Елбасы қатысқан жиынға Дильназ Ахмадиева төсқап кимей барған ба?
14.     Тыр жалаңаш денесіне киімнің суретін салды; 
15.     Тойға жалаңаш келген екі модель әлемді шулатты.
Қош! Бұл тізімді бүгін тауысып біте алмаймыз.
Қазақ ұлтының намысын жыртуы тиіс сайттарымыз аузының суы құрып жалаңаш қыздарды аңдып отыратыны кейде қазақты ұлттық болмыстан айыруға жасалған арнайы бағдарлама секілді көрінеді.

Біріншіден, мұндай «жалаңаш мақа­лалар» қазақ ұлтын аздыруға қызмет ететіні белгілі. Елді «белден төмен» әңгімемен алдап, тобырға айналдыруды мақсат еткен­дердің тірлігі. Екіншіден, қазір еліміз­де порнографиялық һәм эротикалық өнім­дерді жариялауға тыйым салған заң бар. Кейбір интернет басылымдар сол Заңды айналып өтіп, «халықтың наразылығын туғызды, бұл не деген азғындық» деген секілді бетпердемен әлеуметтік желі арқылы күллі интернет қолданатын қазақ жұртын өздерінің иірімдеріне батырып барады.

Үшіншіден, бұл қазақы исламға да – жат қылық. 

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Порнографиялық басылымдар айналымының және оларды саудалаудың жолын кесу туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы» заңға 2013 жылы қол қойған болатын. Қазақстанның сол Заңы бойынша сексуалды-эротикалық сипаты бар заттар мен өнімдерді БАҚ-та жариялауға да арнайы тыйым салынған. 

1923 жылы 12 қыркүйекте Женева қа­ла­сында қабылданған сол конвенцияны мақұлдаған мемлекеттер порнографиялық материалдарды сату, тарату және жарияға шығару үшін оларды тасымалдау, айналымға түсіру, жарнамалау, өндіру, сақтау, әзірлеуді жазалау шараларын бекіткен. Конвенцияда порнографиялық суреттерді, гравюраларды, картиналарды, баспа өнімдерін, бейнелерді, афишаларды, эмблемаларды, фотографияларды, кинематографиялық фильмдерді, басқа да заттарды сатуға, таратуға, жария­лауға, тасымалдауға, жарнамалауға, өн­діруге, сақтауға тыйым салынған. Бұл тыйым­дарды бұзған тұлғаларды сотқа тарту жөнінде айтылған. Порнографиялық заттарды тұтқындау, тәркілеу және жою қарастырылған. Қазір, дереу, күштік құры­лымдар, ақпараттық порталдарға ревизия жасап, порнографиялық өнімдерді наси­хат­тағаны үшін жауапқа тартуы керек. Жоғарыда айтылған кез-келген материалдан ҚР Заңдарын өрескел бұзған заңсыздықты тауып алуға болады.

Енді, ҚР БАҚ туралы Заңына назар салыңыз!

Осы заңға сәйкес «Порнографиялық өнімдер рұқсат етілген орында ғана таралуы тиіс. Ал, олардың таралу орнын жергілікті атқарушы биліктегілер анықтайды. Эротикалық сипаттағы өнімдер арнайы белгіленген орыннан тыс жерде таралса, онда оны таратушы заң алдында жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, Заңға сәйкес эротикалық өнімдер 18 жасқа толмағандарға сатылса және оны жасауға 18-ге толмағандардың қатысы болғаны анықталған жағдайда оларды әкімшілік құқық бойынша жау­апқа, ал, өнім «порнографиялық»  өнім санатына жатқызылса, ҚР Қылмыстық кодексі бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. БАҚ туралы Заңда «эротикалық сипаттағы өнім дегеніміз – бұл біртұтас жүйелі түрде жыныстық қатынасты насихаттайтын құрал» делінген. Сол себепті, ғаламтор желілерінде, көшеде, жарнамаларда порнография түгі­лі эротикалық сипаттағы кез-келген өнім­ді таратуға заңмен тыйым салынған. Осын­дай заңбұзушылықты жасап қана қоймай, оқырманы көп басылым ретінде мемлекеттің қаржысына ауыз салған интернет басылымдардың тізгінін тартқызатын кез келді. Жоғарыдағы шенеуніктер де интернет порталдардың рейтингісіне емес, жариялаған мақалаларының мазмұнына сараптама жасап, бюджет қаржысын дұрыс мақсаттағы ақпарат құралдарына бөлуі керек.

Әйтпесе, қазір мемлекет қаржысын жалаңаш қыздарға арнап бөліп жатқандай әсер қалдырады. Сіз қалай ойлайсыз?

Ресейшіл жігітке жауап
Жақында ресейшіл бір жігітпен пі­кір талас­тырып қалдым. «Күйреген КСРО қайта құрылар болса, мен алғашқылардың бірі болып, сол мемлекетке барымды салып қызмет етер едім» дейді ол. «Қазаққа жасалған геноцидке бүгінгі Ресей жауапты емес» деп тағы да айды аспаннан шығарды. АҚШ-ты құбыжық ретінде суреттеп, біраз мазаны алды. Ресейдің әлемді билеудегі мүмкіндігін айтып, аузының суы құрыды. Мен оған АҚШ-тағы Айфон өндіретін Apple компаниясының жылдық бюджетіне Ресейдің жылдық кірісінің жет­пейтінін нақты деректермен айтып бердім. Біз өзі қалтасы тесік, экономикалық әлеуеті өте төмен Ресеймен одақтасып отыр­ғанымызды, әлемдік нарыққа шығарар шикізатымыз бен ауыл шаруашылық өнім­де­рімізбен бейшара елді асырауға бел шеше кірісіп жатқанымызды айттым. Ол аз болса, табиғи түрде әлсіреп, қолданыстан шығып бара жатқан орыс тіліне ерекше қамқорлық жасап, мешіттерге дейін орысша уағыз айтуды һәм еліміздегі білім ордаларын үштілді мектептерге айналдырып жатқанымызды күйіне әңгімеледім. Бір қызығы менің оппонентіме тек Apple-дің бюджеті ғана әсер етсе керек, «бұл фактіні сен ойдан шығардың, Ресей деген алып ел» деп қасарысып бақты. Ақыры интернеттің көмегіне жүгіндік. Онда былай деп жазылыпты. «Apple компаниясының 2015 жылғы кірісі 234 млрд. долларды құраған. Ал, осы жылдағы Ресей бюджетінің кірісі 197 млрд. долларға әрең жеткен».

Тәуелсіз ел болғанымызға 25 жыл уақыт өтті. Осы жиырма бес жылда біздің кейбір азаматтарымыздың санасының өзгермеуіне Ресейлік БАҚ-тың бұғауынан босай алмауымыз себеп болып отыр-ау тегі… Егер де, ресейлік ақпарат құралдарын жауып, нақты шынайы ақпараттарға қол жеткізсек, бізде бірде-бір ресейшіл азамат қалмас еді. 

АҚШ-тың бір ғана компаниясының табысын таба алмайтын әлемнің «сотқар баласының» қылығына күліп қарап отырар едік. Орысша сөйлеуді абырой санайтын азаматтарымыз ол елдің мешеу қалпын білер болса, оның тілінде сөйлеуге арланар еді. Үкімет жиналысын өзге тілде өткізбегендерді тезге салып, мешеу елмен Одақ болудан үзілді-кесілді бас тартар еді. Амал не, Ресей біздің шенеуніктеріміз бен кейбір азаматтарымызға әлі – Ұлы Ел! 
Ұлы Ел емес, У-лы ел екенін қашан түсінер екенбіз…

Атақ
Мен, памфлет мені кім деп тұрсыз?.. Мен Алмалы облысы, Талхиз ауданы, Жалпыаяқ ауылы, Қаймана қазақ көшесіндегі елуінші үйдің «Құрметті азаматымын»! Бұл, бұл Менің өзімнің үйім болғандықтан мұндай атақты алуға толық құқым бар. Үйдегі қатын бастапқыда бұл атағыма қарсы болды. «Сен бұл үйдің «Құрметті азаматы» атануың үшін даңғарадай үй сал, балаларды ішіп-жемнен тарық­тырмайтындай қор жина, астыма есік пен төрдей көлік әпер. Сосын, әкесі-ау, мен саған атақты аяйын деп тұрғам жоқ. Қаймана қазақ көшесіндегі елуінші үйдің «Құрметті азаматы» деген атаққа Ерінгүл Ескермесқызының «Құрметті күйеуі», «Ерінгүлден туған балалардың «Құрметті әкесі» деген мансапты қосып берейік» деді.

Әйелдің сөзінде жан бар. Атақ алу үшін сол атаққа лайық қызмет жасау қажет қой. Мұны неге ойламағанмын? Мен дереу Жалпыаяқ ауылының әкіміне бардым. Даңғарадай кеңсеге сыймай отырған әкім менің келгеніме қуанып-ақ қалды. Десе де, өзіңіз білесіз? Қазіргі шенділер тегіңнің артында тележкідей тіркеме болмаса, сөзіңізді тыңдамайды. Басқаны ұқпасам да, мұны жақсы білемін. Кім тексеріп жатыр дейсің. Әкімнің қолынан қысып ұстап тұрып: «Құрметті, Әкім мырза! Мен  Қайрат Нұртасты тірідей көрген, MS Сайлаубекпен бір тойда, бір дастарханда (мұным өтірік енді) отырып тамақ ішкен, болашақ Қаймана қазақ көшесіндегі елуінші үйдің «Құрметті азаматы» Мансапқұмар Мықтыбеков деген ініңіз боламын», – дедім.

– Бұл атағыңды дәлелдейтін қағазың бар ма? – деді әкім мес қарнын қолымен сипалап.
Мен ауыз ашқанша өзі сөйлеп кетті.
– Мені білесіз, Жалпыаяқ ауылының білдей әкімімін. Міне, әкім екенімді дәлелдейтін құжат.
Сыртында елтаңба бедерленген, қою көк, өте сұсты құжатты қолыма ұстата салды. Оқып шықтым, бұ кісі расында да осы ауылдың әкімі екен.
– Мен «Нұр-Отан» партиясының мүшесімін, мен аудандық мәслихаттың депутатымын, мен… мен… мен…

Алдымда тау болып, қызылды-көк құжат­тар, анықтамалар, медаль мен ордендер үйіліп қалды. Сол құжаттарға көмі­ліп қалған мен байқұс әкімнің алдынан қайтып қашып шыққанымды білмеймін, бір есімді жисам, Талхиз ауданы әкімінің алдында отырмын. Ол кісінің атақ-даңқы ауыл әкімінікінен екі есе көп көрінеді. Сол мансаптарға тағы көмілдім. Қашып кетпек едім, әкім дереу аяғымды байлатып тастады. «Қайрат Нұртасты тірідей көрген, MS Сайлаубекпен бір тойда, бір дастарханда отырып тамақ ішкен, болашақ Қаймана қазақ көшесіндегі елуінші үйдің «Құрметті азаматы» екеніңді дәлелде» дейді. Құдай оңдады, әйтеуір! Дәл осы кезде біз отырған кеңсеге Алмалы облысының әкімінің өзі кіріп келмесі бар ма? Мана ғана даңқтың буына масаттанып тұрған шоң адам әп сәтте шоңайнаға айналып кетті. Облыс қожасына жабысып, әуектеп өліп барады. Мұндай жиіркенішті болар ма, пәтшағар! Дәп бір жынысын өзгерткен «көгілдір» жандай қожасын айналып-толғанғанда атақты болудың оңай шаруа емес екенін түсінгендей болдым. Нән әкім мән-жайды сұрап біле салып, көмекшісіне қоңырау шалды. Он минут өтті ме, өтпеді ме бір топ адам, құшақ-құшақ атақтарды кеңсеге көтеріп кіргізе бастады. Ат шаптырым бөлме қағазға лықа толды.

– Міне, менің еңбегімнің дәлелі. Сенің дәлелің қайсы?, – деді дәу әкім ызадан булығып.
Мен жылап жібердім. Жылап жатып: «Әкім мырза, қағаз жү­зінде бәрі керемет шығар. Жоғары жақ­та­ғы­лардың медальдері бұдан да көп. Мемлекетіміздікін айтсаңызшы, ЭКСПО-ны өткізуіміздің өзі қандай мәр­тебе? Бірақ, халық неге кедей? Неге қайыршы? Сіздей нән мырзалар басқарған ел неге гүлденіп кетпейді?» деген болдым еңкілдеп…

Облыс әкімінің иманы бар екен. Қолына телефонын алып, көмекшісін шақырып, мөр сұратты. Сол арада бір ақ қағазға «Қайрат Нұртасты тірідей көрген, MS Сайлаубекпен бір тойда, бір дастарханда отырып тамақ ішкен, Қаймана қазақ көшесіндегі елуінші үйдің «Құрметті азаматы» – Мансапқұмар Мықтыбеков» деп жазып, астына қол қойып, мөр басты. Сөйтті де, қолыма салтанатты түрде атағымды табыс етті.

Тегінде мен де адам болмаймын ғой. Әйелімнің айтқандарын тізбелеп, міңгірлей бастап едім, екі әкім байлаудағы аяғымды шешіп, құйрығымнан бір тепті.

Енді, міне, өздеріңіз көріп отырсыздар! Мен Қайрат Нұртасты тірідей көрген, MS Сайлаубекпен бір тойда, бір дастарханда отырып тамақ ішкен, Қаймана қазақ көшесіндегі елуінші үйдің «Құрметті азаматымын»!

Енді, даңғарадай үй салып, балалардың ішіп-жемі үшін әуреленіп қажеті жоқ. Атақ қолда, бала-шаға туған әкесінен безер деймісіз…

Қанат Әбілқайыр

жазушы, журналист

"Ақиқат" журналы