Ұлттық құндылықтар жүйесі бір арында тоғысқан, сан ғасырлық тарихы, кемел мәдениеті, өзіне тән ұлттық тілі, діні, салт-дәстүрі, өнері бар қазақ халқы –Ұлы халық. Тіліміз – қазақ, дініміз – Ханафи мазхабындағы ислам сонымен қатар шариғат пен тұрмыстық жағдайға икемделген шапан, сәукеле, бөрік, қамзол, кимешек, мәсі сияқты сән-салтанаты жарасқан ұлттық киіміміз бар. Ұлттық киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, жан дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол – біздің ұлттық мәдениетіміз.
Қазақтың ұлттық киімдері – ұлтымыздың рухани құндылықтарының айнасы, оның әрбір киімінде бейнеленген ою-өрнек ұлттың шежіресі іспетті. Халқымыздың бай ауыз әдебиеті үлгілерінде, эпостық жырларда суреттелетін әрбір қазақ қызының сұлулығы оның ұлттық киімдерінен де көрініп отырған. Мәселен, Қыз Жібек, Баян сұлу, Ақжүніс, одан бергі жазба әдебиеттерде суреттелетін Ақбілек, Күнікей, Тоғжан т.б. қазақ қыздарының сұлулығы олардың ұлттық, жарасымды киім үлгілерінен де көрініс тапты. Демек арғы-бергі ауыз әдебиетімізде, одан бергі жазба әдебиет үлгілерінде, жалпы мәдениетіміз бен ұлттық тарихымызда бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған «хижаб кию» немесе қазақ қызының хижаб кигендігі туралы ешқандай дерек жоқ. Яғни, «хижаб» біздің ұлттық киіміміз де, ұлттық құндылығымыз да емес.
Негізі хижаб сөзінің түп төркіні араб халқының сөздік қорына тән. Оның мағынасы қоршау, бүркеу, шымылдық, перде, далда, жамылғы дегенді білдіреді.
Ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған халқымыз ешқашан хижаб киіп, оранбаған. Қазақ қызы бұрымын бос қойып, ерлермен қатар атқа мініп елін, жерін жаудан қорғаған. Бұған тарих парақтарындағы батыр қыздар бейнесі айғақ. Сақтардың патшасы болған Томиристен бастап, Қабанбайдың жары болған – Гаухар батыр, Абылай ханның жау тылындағы барлаушыларының басшысы болған – Айбике батыр, Кенесары ханның қарындасы – Бопай ханшайым, Ұлы Отан соғысында елімізді қорғаған Мәншүк пен Әлия, желтоқсан оқиғасында тәуелсіздік жолында жан пида еткен Ләззат Асанова мен Сәбирасынды қайсар қазақтың қыздары жігіт-ағасымен қатар Отанымыз үшін, қазақтың намысы үшін еш жасымастан қолдарына қару алған.
Демек, бет-жүзін бүркеніп жабу, халқымыздың құндылығына жат құбылыс. Ол араб халқының дәстүрлі киімі, оның өзіқатаң табиғат жағдайына байланысты әйел адамдарды қойып, ер адамдар да ұзын киім киіп, бетін бүркеген.
Қазақ ешқашанда бесіктен белі шықпаған қыз балаға орамал тақпаған. Қыз баланы еркелетіп, жат жұрттық деп ерекше қадірлеп, төрінен орын берген. Рас, халқымызда орамал тарту үрдісі бар. Қазақта орамалды қыз бала келін болып, босаға аттағаннан кейін таққан. Орамал – тұрмысқа шыққандықтың белгісі. Жан тазалығы мен қатар тән тазалығына ерекше мән берген халқымыз ас әзірлеу барысындағы шаштың тамаққа түсіп кетпесі үшін, үй шаруасына икемделген, сонымен қатар наным-сенімі берік халқымыз келінін тіл-көзден сақтау үшін орамал таққызған.
Ал бүгінгі таңда қазақтың қара домалақтарының арасында тенденция алып отырған «хижаб» – бұл үлкен мәселе. Егер түйткілін таппасақ, салдарынан халықтың санасына, мәдениетіне, болмысына бөтен өзге ұлттың дәстүрі етене еніп, сіңе бермек. Нәтижесінде ұлттық менталитет пен халықтың бірлігіне нұқсан келмек.
Себебі бұл мәселе төңірегінде қоғамдағы пікір екіұдай күйде. Кейінгі кезде даулы әрі түйіні тарқатылмай тұрған тақырыптың бірі болып отырғаны баршаға мәлім.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың – деп Абай атамыз айтқандай, жақсы менен жаманды, өзіміздің және өзгенің дәстүрін ажырата білейік. Хижаб ол өзге халықтың дәстүрлі киімі, кейбір исламды қабылдағандар, сонымен қатар мәдениетін де бірге үйреніп соны дін деп ұғынады. Имандылық киімде емес, жүректе болуы қажет.
Басты мәселе өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, дәстүрімізді сақтап, болашаққа аманат ету. Егер құндылығымыз жойылатын болса, ол біздің ұлтшылдығымызға, бірлігімізге балта шабылып, сондай-ақ өзінің тарихы мен мәдениетінен ада болашақ ұрпақтың пайда болуына алып келмек.
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың.
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын – егер бірлігімізге нұқсан келсе, ол мемлекетімізге қауіп төнуі мүмкін деген сөз емес пе?!
Қасиетті Құранда айтылғандай Жаратушы Алла пенделерін ұлттарға бөліп жаратуының сыры – олар бір біріне ұқсасын деп емес, керісінше бірін-бірі танысын дегенді меңземей ме? Ендеше әубастағы болмысымыздан айрылмай, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақы дәстүріміздіұстанайық.
Әйгерім Иманбаева,
Қазақстан Республикасы Дін істері және
азаматтық қоғам министрлігі
Дін істері комитеті
Мәдениеттер мен діндердің
халықаралық орталығының аға сарапшысы
Ұлт порталы