01 шіл, 2022 сағат 17:18

Қазақ-қытай шекарасында 27 млн теңгенің декларацияланбаған тауарын әкеле жатқандар ұсталды


Қазақстандық кәсіпкерлер Қытайдан құны 27 млн теңге болатын декларацияланбаған тауарды кедендік баж төлемей әкелуге тырысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы құны 27 млн теңге болатын автобөлшектер, аккумуляторлар, дәнекерлеу аппараты мен шаруашылық тауарларын Қазақстанға бір ЖШС кедендік төлемдер мен салықты төлемей әкелуге тырысты. 

14 маусымда «Қалжат» кеден бекетінде декларацияланбаған жүкті тасымалдау әрекеті тоқтатылды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Бұзушылық сыртқы экономикалық қызметке қатысушымен ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бақылау жүргізу кезінде анықталды. 

Тіркемесі бар КамАЗ маркалы автокөлік құралын инспекциялық тексеру кешенін қолдану арқылы сканерлеу нәтижелері бойынша құжаттарда мәлімделген тауарлар мен көлік құралындағы заттар арасында айырмашылықтар анықталды. 

Кедендік тексеріп қарау нәтижелері бойынша жалпы салмағы 20 тоннадекларацияланбаған тауар анықталды, оларға 5,5 млн теңге сомасында кедендік төлем мен салық салынды.

Сонымен қатар, импорттаушы ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 551-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Декларацияланбаған тауарлар бойынша кедендік төлем мен салық сомасы бюджетке өндіріп алынды.

Айта кету керек, мұндай фактілер осыған дейін де болған.

Мәселен, инспекциялық-тексеру кешендерін пайдалану кезінде ағымдағы жылы құны 1 млрд теңге болатын 4 мың тоннадан астам декларацияланбаған тауар анықталды.