Кеше отандық арналардың бірінде журналист-жазушы Сәкен Сыбанбайдың «Ғаламтордағы махаббат» кітабы талданды. Жүсіпбек Қорғасбек жүргізген хабарда жазушының ерекше кітабын белгілі журналист-қаламгерлер Қали Сәрсенбай мен Дәурен Қуат талдауға қатысты, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Биыл елуді еңсерген жазушы Сәкен Сыбанбай бұған дейін неге жазбай жүргенін, кітап шығаруға неге асықпағанын айтып берді.
«Мен журналистика мамандығын таңдап келдім. Өзім таңдаған мамандықтың қыр-сырын білуге тырыстым. «Мерзімді баспасөз» кафедрасында болдым, өзімді о бастан «газетші» деп санадым. Тек газет-журналда ғана істеп жүрдім. Мүлде көркем проза жазу, кітап жазу деген ой болған жоқ. Бар ойым журналистикада болды. Маған неге жазбайсың деген ағаларым болды. Бірақ соған аса мән бермеппін. Соның бірі - Марат Қабанбай ағам еді, ол «Ана тілі» газетінде маған ұстаз болды. Бір жағы жаспыз, басқа да қызықтарға алаңдап тұрамыз. Сол кезде ол кісі маған жазу туралы біраз әңгіме айтты. Тілің бар, икемің бар, жазуың керек деген сияқты. Бірақ менің селсоқ тыңдап отырғанымды байқады да, «әй, сенің ішіңе әлі сөз түспеген екен. Бара бер» деді. Сол сөз кейін ішке түсті-ау деймін. Әйтпесе мен жақсы оқырман болдым, қазақ әдебиетінің әрбір өкілін оқып өстік. Бірақ жазуға сол кейінгі 5-6 жылда ғана келдім», – дейді Сәкен Сыбанбай.
Айта кетейік, «Ғаламтордағы махаббат» кітабы 13 әңгіме, 2 хикаяттан тұрады. Жазушы үшін әдебиетке келу, прозаға араласу деген шешім - аяқасты болған іс емес. Ішкі дайындықпен келген шебер жазушы. Оның бірден-бір дәлелі - осы аталған кітапқа енген «Мұңлық» әңгімесі.
«Мұңлық» деген бірінші әңгімемде жаңа туған шарананы әжетханаға тастау көп орын алып, даттап та, қаралап та түрлі ақпараттар жаздық. Бірақ біз олардың ішкі жан дүниесін түсіндік па? Тақырыпқа осы тұрғыдан келдім. «Мұңлық», «Сен қандай тәтті едің, өмір», «Бақытты адам», «Сенім», «Бесінші палата», «Өмір өтіп барады», «Керемет күн», мұның барлығы бірін бірі толықтырып отырған әңгімелер. Бүгінгі күннің мұңы, бүгінгі күннің зары, бүгінгі күннің біздің жанымызды жеп, жүрегімізді ауыртып жүрген мәселелер», – дейді жазушы Сәкен Сыбанбай.
Талқылауға қатысқан қаламгер Қали Сәрсенбай жазушының шеберлігі мен ерекшеліктерін атап көрсетті. Оның айтуынша, жазушының шеберлігі сондай әр оқиғаға оқырманның өзі ілесіп отырады.
«Сәкен кейіпкерін суреттеп жатпайды. Оның диалогтарынан-ақ кейіпкердің мінезі көрінеді. Оның тағы бір мықтылығы юморы бар. «Рамазан мен Жұлдызай» деген хикаят маған қатты ұнады. Оның ішінде монолог бар. Адамның жыртқыштығын мақтаның көсегіне теңеп ашады. Шеберлік қой, расында. Сәкеннің бір шеберлігі - адамды ынтықтырып қояды. Оқиғаның аяғына дейін ынтығып, бір оқиғадан екінші оқиғаға ауысып отырасыз», – дейді Қали Сәрсенбай.
Ал осы кітаппен аттас «Ғаламтордағы махаббат» деген әңгімесі бір бөлек. Бұл туралы жазушы Дәурен Қуат талдап көрсетті.
«Басқа әңгімелердегі кейіпкерлер бізге таныс бейнелер. Мысалы, «Бір шәугім шәй» этнографиялық әңгіме, «Рамазан мен Жұлдызай» қосыла алмай кеткен ғашықтар, «Мәдениетті кісі», «Бақытты адам», бәрі-бәрі таныс. Бізге ең бейтаныс адам «Ғаламтордағы махаббат» әңгімесіндегі кейіпкер. Ең керемет жазушы өзінің шығармасына жаңа кейіпкер алып келеді. Образ алып келеді. Біз өзімізге таныс адамдар туралы осы уақытқа дейін жазып келдік. Ал қазіргі заманда, онлайн отыратын, виртуалды әлем дейміз ғой, әлеуметтік желіде отыратын типтер пайда болды қазір. «Ғаламтордағы махаббаттағы» негізгі кейіпкер осы. Барлық дүниеден алыстаған, оңашаланып қалған, өз қиялында әлем жасап алған. Сол қиялында ол мықты жігіт, сұлу қыз. Бірақ ол кеміс адам. Компьютердің алдында отырып, соншалықты бүкірейіп қалған, бір қолынан бір қолы ұзын, осыдай жаңа кейіпкерлер келе жатыр. Осындай кейіпкерді қазақ әдебиетіне бірінші алып келген осы Сәкен Сыбанбай», – деді Дәурен Қуат.
Естеріңізге сала кетейік, кеше отандық арналардың бірінде журналист-жазушы Сәкен Сыбанбайдың «Ғаламтордағы махаббат» кітабы талданды. Жүсіпбек Қорғасбек жүргізген хабарда жазушының ерекше кітабына белгілі журналист-қаламгерлер Қали Сәрсенбай мен Дәурен Қуат талдауға қатысты. «Ғаламтордағы махаббат» кітабы 13 әңгіме, 2 хикаяттан тұрады.