"ҚазАгроҚаржы" АҚ орталық аппаратының кеңсесінде топ-менеджерлер төбелескен, олардың осы әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Видеоны берген дереккөздің мәліметінше, жандалдасқан екеудің бірі Басқарма басшысының орынбасары Қанат Тұрсынқұлов та, екіншісі департамент директоры Ербол Тәшенов. Видеоның кадрларынан екеуінің ерегескені және сондағы тұрған адамдардың оларды ажыратып жатқанын байқауға болады. "Жанжал жаңажылдық отырыстың алдында болған, - деді куәгерлер.
Куәгерлердің айтуынша, компанияның топ-менеджерлері "ҚазАгроҚаржы" АҚ орталық аппаратының кеңсесінде (бесінші қабатта, топ-менеджмент бөлмесінде) спирттік ішімдіктер ішіп отырған. Бұл Тәуелсіздік Күні қарсаңында болған. Мерекелік тойлау және спирттік ішімдіктер ішкен қайта оңалту департаментінің директоры Ербол Тәшенов басқарма басшысының орынбасары Қанат Тұрсынқұловты ұрған. Осы кезде төбелес басталған. Төбелес барлық қызметкерлердің көзінше болған және қызметкерлер жанжалдасқан екеуін ажыратқан.
"ҚазАгроҚаржы" АҚ өкілдері осы жағдайды кішігірім келіспеушілік деп бағалап, мұны бір үлкен дау немесе жанжал деуге болмайтынын айтты.
"Бұл жәй кішігірім келіспеушілік қана, қызметтік бабына еш қатысы жоқ. Сонымен қатар, бұл оқиға жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін (21.00-де) болған. Медициналық көмекке жүгінудің немесе құқық қорғау органдарына хабарласудың еш қажеті болмаған. Қазіргі уақытта екеуінің арасында ешқандай араздық жоқ", - делінген ресми сауалға келген жауапта.
"ҚазАгроҚаржы" АҚ әдеп кодексі бойынша екеуіне де тәртіптік шаралар қолданылатын болыпты.
"ҚазАгроҚаржы" АҚ "Ауыл шаруашылығының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 24 қарашадағы № 1777 қаулысына сәйкес 1999 жылы 28 желтоқсанда ауыл шаруашылығындағы басты мәселелердің бірі - техника паркін жаңарту мәселесін шешуде көмек көрсету мақсатында құрылған.
Қоғам "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдинг құрамына енеді.