28 мам, 2018 сағат 08:50

KAZ Minerals Bozymchak басшысы сот залында босатылды

Бішкекте ұсталған KAZ Minerals Bozymchak бас директоры Ілияс Түлекеев сот залында босатылды. Бұл туралы KAZ Minerals компаниясының Корпоративтік байланыс департаментінің өкілдері айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"2017 жылдың 7 желтоқсанында Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 221-бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында  Ілияс Түлекеев сот залында босатылды, сот бұлтартпау шарасы түрінде оны қамауға алмады", - делінген компания өкілдері жариялаған хабарламада.

Осыған дейін KAZ Minerals мамандары Ілияс Түлекеевтің ұсталуына қатысты мән-жайды айтып берген болатын. Компаниядағылардың айтуынша, KAZ Minerals Bozymchak басшысы ұсталған сәттен бері қорғаушы жұмыс істеп жатыр, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері - елші мен консул хабардар. "Қырғызстан президентінің әкімшілігіне, Бас прокуратураға тиісті үндеу жолданған. Сонымен қатар, KAZ Minerals өкілдері кеше KAZ Minerals компаниялар тобы басшылығының Бішкекке жол тартатынын хабарлады.

Еске сала кетейік, кеше, 27 мамырда KAZ Minerals Bozymchak басшысының ұсталғаны жайлы хабарланған болатын. Кейбір деректерге сәйкес, ол Бішкектегі әуежайда ұсталған.

Ілияс Түлекеев компанияның негізі қаланғалы бері басқарып келеді. KAZ Minerals Bozymchak компаниясы KAZ Minerals PLC тобына кіреді. "Қазақмыс Голд Қырғызстан" компаниясы Қырғызстандағы жұмысын 2007 жылы бастаған. 2015 жылы 31 қазанда "Қазақмыс Голд Қырғызстан" атауы KAZ Minerals Bozymchak атауына өзгертілді, компания Джалал-Абад облысы Алабөкен ауданындағы Бозымчак кен орнында геологиялық барлаумен және мыс-алтын өңдеумен айналысады, сонымен қатар, кен орнын пайдалануға қажетті өзге де лицензияларға ие. 2015 жылы 1 тамызда Қырғызстан премьер-министрінің қатысуымен "Бозымчак" кен-байыту комбинатының жұмысы іске қосылған болатын.