ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізілуде. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Ult.kz.
"Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылған деген күдік бар. Ол биыл көктемде елордадағы автосалондардан 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алған", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алған.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.
"Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған", - деп жазды ҚМА.
Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.
Күдікті ұсталды.