ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Арыс қаласында үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының сапасыздығына қатысты ақпараттарға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз тұрғындардан құрылыс жұмыстарына алаңдамауын сұраймыз. Бірде-бір шенеунік жұмысын аяқтамай қаладан кетпейді. Осы уақыт ішінде біз сіздермен бірге болдық және күн сайын 17 сектордың әрқайсысын тексеріп отырамыз. Ол үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты тапсырмасы бар. Бұған қоса, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қаланы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысу мақсатында апта сайын Арысқа іс-сапар жасап, оны тікелей бақылауында ұстауда», - деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.
Оның айтуынша, Арыс қаласында жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
«Алдымен, учаскеде шатыр ауыстырылады. Одан кейін мамандар терезелерді салады. Бұдан әрі жұмысқа әрлеушілер кіріседі. Әрбір маман өз жұмысын орындап, тапсырады. Оның соңынан келесі маман іске кіріседі. Яғни, үйлердің құрылысы мен қалпына келтіру жұмыстарының барлық кезеңі ұдайы бақылауда. Қаланы қалпына келтіруге рекордты көлемде құрылысшылар жұмылдырылды. Қажетті материалдар жеткілікті мөлшерде үздіксіз жеткізіліп, барлық 17 штаб күшейтілген кестеде жұмыс істеп жатыр», - деді бірінші вице-министр.
Қайырбек Өскенбаевтің сөзінше, құрылысшылардың үйлесімді жұмысының арқасында қысқа уақытта ауқымды жұмыстар атқарылды.
Бүгінгі таңда Арыстағы 6,7 мыңнан астам үйде негізгі қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. 2,6 мың жеке және көпқабатты тұрғын үйде құрылысшылар косметикалық жөндеу жүргізуде.