Фото Facebook/Диас Нуракын
Қайыңды көліне бара жатқан жолда болған апат салдарынан төрт шетелдік турист зардап шекті. Бұл ақпаратты Алматы облысы Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев растады, деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
"Осы апаттан төрт шетелдік турист зардап шекті - екі ресейлік және Үндістаннан келген екі турист. Олар жеңіл жарақаттанған. Жол-көлік оқиғасынан кейін бірден жедел жәрдем көлігімен Жалаңаш ауылындағы ауруханаға жеткізіліп, тексеріліп, көмек көрсетілді", - деді Теңізбаев.
Оқиға орнында 1986 жылы туған әйел қаза тапқаны белгілі болды.
"Екі автобус соқтығысқан. Бір автобуста 10 адам, екіншісінде 23 адам болды. Шағын автобуста болғандардың көбі зардап шеккен", - деп түсіндірді Кеген ауданының әкімі.
Сондай-ақ, ол Көлсай мен Қайыңды көлдеріне жыл сайын 200 мыңға жуық турист келетініне қарамастан, Қайыңдыға баратын жолдың сапасы өте төмен екенін мойындады. Ол Көлсай мен Қайыңдыдағы инфрақұрылымды қалпына келтіруге уәде берді.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, 5 қазанда Кеген ауданы, Саты ауылдық округінде Қайыңды-Саты таулы жолының 9-шақырымында 47 жастағы автобус жүргізушісі қарсы қозғалысқа шығып кетіп, жол апатына себеп болған. Ол УАЗ көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Қазіргі уақытта Кеген аудандық ауруханасына 1 науқас, Шелек ауылының аудандық ауруханасына 2 науқас, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына 9 науқас жатқызылды. Науқастардың жағдайы орташа ауыр.
"Бұл дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық дерегі бойынша Кеген аудандық полиция бөліміне тіркеліп, қазіргі уақытта сараптама тағайындалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Автобус жүргізушісі Кеген ауданындағы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл мәселе Алматы облысы әкімінің бақылауында", - деп толықтырды әкімдік.