ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов Жамбыл облысында әскери қызметке шақырылған сарбаздың қайтыс болуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Күдікті де жақында ғана әскери борышын өтеуге келген жігіт. Мен қазір олардың қандай қарым-қатынаста болғанына жауап бере алмаймын. Оның үстіне екеуі де батыс өңірінен, біреуі - Атырау облысынан, екіншісі - Маңғыстау облысынан», - деп жауап берді министрлік өкілі Мәжіліс отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.
Спикер аталған оқиға бойынша шара қабылданып жатқанын айтты.
«Қарулы Күштерде ұйымдастырушылық және техникалық жағынан көптеген түрлі шаралар өткізіледі. Тұрақты бақылау жасалады. Бізде әр бөлімде, бөлімшеде психологиялық бақылау жүргізетін психологтар енгізілген. Әскери бөлімшелерде түрлі дәрежедегі командирлер тұрақты түрде бақылау жүргізеді. «Жауынгер дос» сияқты бір жолдас екіншісі үшін жауап беретін тәжірибе енгізілді. Техникалық тұрғыдан біз қазір казармаларда, жеке құрам орналасқан жерлерде бейнебақылау жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар жеке құраммен тәрбие жұмысы да жүргізіледі. Бірақ жас жігіт 18 жыл бойы өз отбасында тәрбиеленсе, онда кешіріңіз, біз оны бір жылда тәрбиелемейміз. Біздің басты міндетіміз – оған Отанын қорғауды үйрену үшін әскери мамандықтың негіздерін үйрету. Ол балабақшада, мектепте және ең бастысы отбасында тәрбиеленді», - деді Қамалетдинов.