19 шіл, 2022 сағат 16:37

Қайрат Сатыбалды "Қазақтелекомдағы" үлесінен толық айырылды


1 шілдеден бастап Қаржы министрлігі "Қазақтелеком" АҚ-ның жаңа акционері атанды. Енді министрліктің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне компанияның 3 084 893 акциясы немесе барлық пакеттің 28,81%-ы тиесілі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Forbes.kz басылымының жазуынша, "Қазақтелеком" АҚ акционерлерінің жаңа тізімінде Қайрат Сатыбалды иелік ететін Skyline Investment Company S.A (Люксембург) компаниясы жоқ, бұрын аталған компания  2 671 481 акцияға (24,95%) иелік еткен.

"Самұрық-қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының оператордағы үлесі өзгермеген, яғни 52,03%-ға тең. Осылайша оператордың 80,84%-ы мемлекетке тиесілі. The Bank Of New York Mellon Drs әлі де "Қазақтелекомның 9,77% акциясына иелік етеді. 

Айта кетейік, бұдан бұрын «Қазақтелеком» АҚ директорлар кеңесінің құрамынан Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға тиесілі Skyline Investment Company компаниясының екі өкілі – Ерұлан Құсайынов пен Абай Әлімов шығарылғанын хабарлағанбыз.