19 қаз, 2021 сағат 19:13

Қайрат Келімбетов ұлттық жобалардың құрылымын айтты


Ұлттық жобаларды жүзеге асыру барысында вице-министрлерге бірнеше міндет жүктеледі. Бұл жайында TALAP.Talks алаңында сұқбат берген ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, «Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«10 ұлттық жобадан 40 бағыт тарайды. Бірнеше шағын тапсырма да бар. Мәселен, «экономикалық өсім» бағытының бірнеше тармағы бар. Немесе, «күшті өңірлер» бағыты. Бұл бағыт «Нұрлы жер» мен «Нұрлы жол» бағдарламаларын қамтиды. Ал ол жерде шамамен 100 міндет және 200-ден астам көрсеткіш бар. Яғни, көрсеткіштердің өзі бірнеше мың. Енді олардың саны 200 болады», - деді Қайрат Келімбетов. 

Сонымен қатар ол ұлттық жобалардың аясында әрбір вице-министрге қанша міндеттен жүктелетіндігін айтып берді. 

«Егер әрбір министрлікке орташа есеппен алар болсақ, онда министрдің әрбір орынбасарына бірден үшке дейін міндет жүктеледі», - деді ол. 

Қайрат Келімбетов еліміз алғаш рет мемлекеттік бағдарламадан ұлттық жобаға алғаш рет көшіп отырғандығына тоқталды. 

«Бұл өте байыпты әрі ауқымды міндет. Бұған қоса, егер біз 2025 жылға дейін қаржыландыру жайында айтар болсақ, оның бәрі есептелінген және үш жылдық бюджетте нақты қарастырылған. Бүгінде үш жылдық бюджет Парламенттік тыңғылықты талқыланып жатыр», - деді агенттік басшысы.