Пандемия кезінде мемлекеттік жүйе үшін саяси шешімді шұғыл қабылдау – үлкен сынға айналды. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысы жөнінде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Пандемия экономикаға қос тараптан салқынын тигізді. Бір жағынан жаһандық экономиканың қарқыны бәсеңдеді. 2020 жылы қателеспесем әлемдік жалпы ішкі өнім 4 пайызға төмендеді. Екінші жағынан шектеу шаралары мемлекеттердің бюджетіне, кірісінің азайып, шығысының ұлғаюына әсер етті. Пандемия сонымен қатар денсаулық сақтау және білім беру жүйесін стресс-тесттен өткізгенін білесіздер. Осының бәрі Қазақстан Үкіметіне дағдарысқа қарсы тиісті шараларды енгізуге мәжбүр етті», - деді Қайрат Келімбетов сарапшы Рахым Ошақбаевпен «Хабар 24» арнасында жүргізген сұхбатында.
Оның айтуынша, Үкімет дағдарысқа қарсы шаралардың басым бөлігін денсаулық сақтау жүйесіне бағыттады. Екінші жағынан кәсіпкерлік саласына орасан зор қолдау қажет болды. Себебі әртүрлі себепке байланысты біраз адам тұрақты табысынан айырылды.
«Мемлекет бұл тұрғыда кәсіпкерлерге көмектесті. Мысал ретінде айтарым: 4,5 миллионнан астам адамға айына 42 500 теңгелік әлеуметтік төлемді беру үшін 450 млрд теңге жұмсалды. Мұндай көмекті посткеңестік елдердің ішінде халқына Қазақстан ғана көрсеткенін атап өту керек. Осының бәрі де кейінгі 30 жылдың ішінде жолға қойылған экономикалық саясаттың арқасында мүмкін болды. Тұңғыш Президент – Елбасы бастаған реформалардың арқасында арқасүйер қор қалыптасқанын Президент те өз Жолдауында атап өтті», - деді ол.
Дегенмен Қайрат Келімбетов пандемияның сын-тегеуріндеріне толыққанды жауапты осы шаралармен ғана беру күрделірек екенін атап өтті.
«Жаһандық трендтер қатты өзгеріске ұшырауда. Пандемияның ықпалы мен шекаралардың жабылуы, экономикалық өсім қарқынының төмендеуі – бюджетке де, Үкіметтің мүмкіндіктеріне де ауыр жүктеме түсірді. Сол себепті Мемлекет басшысы билік тұтас әрекеттесе отырып, қандай да бір заңнамалық өте шұғыл шешімдерді қабылдайтын, жедел қаражат бөле алатын жаңа институттың керектігі жөнінде тоқтамға келді. Оның басында Реформалар жөніндегі Жоғары кеңес тұрады. Оның құрамында Үкіметтің, «Атамекен» палатасының, Президент Әкімшілігінің өкілдері бар. Олар өте маңызды саяси шешімдерді қабылдай алады. Бұл шешімдерді Мемлекет басшысы бекітеді. Мемлекеттік жүйе үшін саяси шешімді шұғыл қабылдау – ерекше сын-тегеурін болды. Шешімді қабылдаумен қатар сол реформалардың Парламентте жедел жүруін қадағалайтын осындай институт керек болды», - деді ол.
Еске сала кетсек, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысы өткен болатын. Жиында Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын әзірлеу, Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі, Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасы, сондай-ақ, Жедел реформалар пакеті және ұлттық халық санағын өткізу мәселелері қарастырылды. Отырыста Президент мемлекеттік басқаруды дамыту үшін іс-қимылдар жоспарын қабылдауды тапсырды.