Болашақ энергиясы - бұл бос сөз емес. Мұндай пікірді бүгін «Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды» атты халықаралық форум барысында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов білдірді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Біз энергетикалық револцияны ілгерілетуге тиіспіз. Бұл ретте адамзаттың жартысын құрайтын әйелдер барынша белсенділік танытуы қажет. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев гендерлік паритетті, сонымен қатар саясат, экономика және технологиялық процесстер саласындағы ерлер мен әйелдердің теңдігін толықтай қолдайды. «Жасыл кредиттеу» жүйесін және әйелдердің «жасыл жобаларға» қатысуын кеңейту әйелдер мен қыздар үшін экономикалық мүмкіншіліктерді кеңейту арқылы тиімді жасыл бизнес модельді дамытуға септігін тигізеді. Қазақстан өзінің сыртқы саясатында мультиполярлықты және тең негізде барлық елдермен бейбіт қарым-қатынасты ұстанады. Барлығымыз да болашақ энергиясы - бұл бос сөз еместігін түсінеміз», - деді Қайрат Әбдірахманов.
Ол ЭКСПО алаңында Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту орталығы құрылатындығын атап өтті. Сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығы дәл сондай халықаралықтармен және барлық индустриалды елдермен ынтымақтастықты жолға қоятынын айтты.
«Бүгінгі форум әйелдерді барлық қиындықтан арылуға көмектесуге бағытталған. Өйткені олар баламалы энергия көздерін алуға лайықты. Бұған қоса, әйелдер жер шарында аталған қозғалыстың алдыңғы легінде тұр», - деді Сыртқы істер министрі.
Айта кетейік, форум жұмысына әлемнің 25 елінен 300-ден астам делегат қатысуда. Олардың арасында РФ Федералды жиналысының Федерация кеңесі төрайымының орынбасары Галина Карелова, Беларусь Президенті Әкімшілігінің басшысы Наталья Кочанова, Қырғызстанның вице-пермьер-министрі Чолпан Сұлтанбекова, Жаһандық әйелдер саммитінің президенті Ирен Нативидад, жасыл экономика мен баламалы энергетика саласындағы әлемдік әйелдер қауымының, мемлекеттік органдардың, бизнес саласының, үкіметтік емес ұйымдар мен Қазақстан әйелдер қоғамдастығының өкілдері бар.