Жыл басынан бері елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 6,3%-ке қымбаттаған. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 6,3%-ке өсті, оның ішінде 6 тауарлық позиция 5,3 проценттік тармақты немесе жалпы өсімнің 84%-тін құрады. Бұл маусымаралық кезеңде бағаның өсуі байқалатын көкөністер, сондай-ақ импортқа тәуелді өнімдер (қант, қарақұмық жармасы) және жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлар. Жылдық мәнде бағаның өсуі 11,8%-ті құрады», - деді Сауда министрі бүгінгі Үкімет отырысында.
Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының айтарлықтай қымбаттауы Түркістан облысында – 9,4%, Нұр-Сұлтан қаласында – 8,5% және Алматы қаласында – 6% тіркелген.
«Бағаның ең төмен өсімі Батыс Қазақстан облысында – 5,7%, Ақмола облысында – 5,6% және Қарағанды облысында – 5,2% байқалады», - дейді Б. Сұлтанов.