Бүгінгі таңда субсидия алуға өтінім Алматы, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында қабылданып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен көктемгі егіс жұмыстарына дайындық туралы брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, бүгінде ауыл шаруашылығы дақылдарын себу жұмыстары Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жүргізілуде. Атап айтқанда, 67,8 мың га жаздық дәнді дақылдар, 6,5 мың га картоп, 10,3 мың га көкөніс дақылдары, 18,8 мың га көпжылдық шөп егілген. Егіс науқаны барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күні 2,4 млн тонна тұқым толтырылды, бұл - жоспардың 100,2%», - дейді ҚР АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов.
Оның айтуынша, 2021 жылы тұқым шаруашылығын қолдауға 11,8 миллиард теңге бөлініп, 82,1 мың тонна элиталық тұқым мен 3,8 миллион көшет сатып алынады.
«Минералды тыңайтқыш сатып алуды субсидиялауға облыстардың жергілікті бюджетіне 26,1 миллиард теңге қарастырылған. Облыстық әкімдіктердің жедел ақпаратына сәйкес, республика аграрийлеріне көктемгі дала жұмысын жүргізу үшін 117,6 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді. Бүгінгі таңда субсидия алуға өтінім Алматы, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында қабылданып жатыр. Жақын уақытта Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында өтініш қабылдау басталады. Басқа аймақтарда субсидия тізімі мен нормаларын бекіту соңғы сатыда. Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында стандарттарды бекітуді бір апта ішінде аяқтау туралы тиісті тапсырма берді», - дейді ол.