15 қар, 2022 сағат 13:26

Қай министрлік пен әкімдік бюджет қаражатын игере алмады?


Үкімет отырысында мемлекеттік бюджеттің атқарылу барысын баяндаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша министрліктер мен әкімдіктер 278 миллиард теңгені игермегенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

"278 миллиард теңге игерілмеген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктері бюджетті дұрыс игермеген", - деді Жамаубаев.

Жергілікті бюджеттің шығыстары - 8,1 триллион теңге. Орындалмағаны - 520 миллиард теңге.

"Бюджет дұрыс игерілмеген өңірлер қатарында Астана, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бар. Игерілмеудің негізгі себептеріне төлемнің негізділігін растайтын құжаттарды ұсынбау, орындалған жұмыстардың актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау сияқты жайттар болған", - деп толықтырды Қаржы министрлігінің басшысы.

Мемлекеттік бюджетке трансферттерді есептемегенде 12 триллион 427 миллиард теңге сомасында кірістер түсіп, жоспар 104,1 пайызға орындалған.

Бұдан басқа, республикалық бюджетке трансферттерді есептемегенде шамамен 8,4 триллион теңге түсіп, жоспар 102,2 пайызға орындалған.