Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттің барлық деңгейлерінде атқарылу көрсеткіші жоғары. Бұл туралы Үкімет отырысында биылғы жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік бюджеттің шығысы 99,3 пайызға, республикалық бюджеттің шығысы – 99,8%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,7%-ға атқарылды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттің барлық деңгейлерінде атқарылу көрсеткіші жоғары», - деді Жамаубаев.
Оның айтуынша, республикалық бюджет бойынша сомасы 8,6 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 17 млрд теңгені, оның ішінде үнемдеу 5 млрд теңгені құрады. Игерілмегені - 12 млрд теңге.
«Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Қаржы, Төтенше жағдайлар мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: шарттарды қазынашылық органдарына тіркеуге кеш ұсыну; төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу; орындалған жұмыстардың актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау; конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу; сот талқылауларының болуы», - деді министр.