Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Үкімет басшысы мен әкім болудың айырмашылы жайлы ойымен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қаласы әкімінен ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында «Премьер-министр мен әкім лауазымының айырмашылығын сезіп жатырсыз ба?» деген сұрақ қойылған еді.
«Премьер-министр болмай тұрып та әкім болғанмын. Павлодар облысында қызметте болдым. Әкім болып, премьерлікке – кейін қайта әкімдікке келдім. Мұндай жұмыс істесек, шаршау деген болмау керек. Шабыттана атқарған абзал. Қай қызметте болсаң да жан-тәніңді беріп жұмыс істемесең, отырған орыннан ешқандай пайда болмайды. Мәселе бастық болғанда емес. Қай қызметте отырсаң да осы», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Алматы қаласының әкімі өз сөзінде өзіне үлкен сенім артылып отырғанын айтып өтті.
«Сенімді ақтау керек. Халықтың үміті зор. Мысалы, Үкімет басшысынан кейін әкімнің мүмкіндігі жоғары. Өйткені, сенің көзқарасың басқаша. Премьер болғанда бүкіл Қазақстанның экономикасын қарап отырдым. Ал мұнда шешім шығару қабілетің басқаша қалыптасады. Үлкен тәжірибеден өтесің. Бұл жөнінде жасаған бес айдың ішінде бағдарламаларымыз – Үкіметте жиналған тәжірибенің нәтижесі», - деді ол.