20 қыр, 2024 сағат 18:26

Қауіпсіз қоғам құқық қорғау органдарының қызметінен бастау алады


фото: Жас Алаш
Қауіпсіз қоғам дегеніміз – азаматтардың өмірі, денсаулығы, құқықтары және бостандықтары қорғалатын, тұрақтылық пен қауіпсіздік қамтамасыз етілген қоғам. Мұндай қоғамда адамдар өздерін қауіп-қатерден алыс сезініп, еркін өмір сүріп, ешнәрсеге алаңдамай жұмыстарын істей алады. 

Қауіпсіз қоғамның негізгі сипаттамалары бар. Ең алдымен қауіпсіз қоғам -құқық қорғау органдарының қызметінен бастау алады. Қазір құқық қорғау қызметі жетілдірілді, халыққа жақын бола түсті. Полиция қызметкерлерінің жұмысы жаңғырды, құқық қорғаушылардың қызметін қадағалау тетіктері енгізіліп, цифрландыру үрдістері жүріп жатыр. 
Цифрландыру ел азаматтарының қауіпсіздігін арттыра түсті. Яғни халық онлайн режимде құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Мысалы электрондық үкімет порталы. Ол арқылы айыппұлдарды тексеру, арыздар мен өтініштер қабылданады. Қалалар мен қоғамдық орындардағы бейнебақылау камераларының санының артуы да құқықбұзушылық пен қылмыстардың алдын алуға жол ашты. Полицияның Call-орталықтары, онлайн платформалары мен мобильдік қосымшалары халықтың тез әрі тікелей көмекке жүгіне алуына мүмкіндік берді. Ал құқық қорғау органдарының қатарында нәзік жандылардың көбеюі әйелдер мен балалардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттыра түсті. 
«Көп қойылатын сұрақ, әйел адамның осы салада істей алуы қиынға соқпай ма? Иә, әрине, қиын. Бірақ шешілетін жағдай. Прокурор болу ол жәй ғана қызмет ету емес, ол тәулік бойы байланыста болу, өмірінің бөлшегін осы қызметке арнау, мінез, сабырлық, қандай да бір шешімге дайын бола білу. Әйел адам өмірінде көп нәрсені жасай алады, егер де оған ынтасы болса», - деді прокурор Айжан Аймағанова. 
Қауіпсіз қоғамда қатыгездік, біреуге тіл тигізу, ар-намысын таптау, ұрып-соғу сынды дерттер болмауы тиіс. Яғни азаматтарымыз үйде де, түзде де өздерін қауіпсіз сезінуі үшін заң мен тәртіп қоғамда қатаң сақталуы керек. 2024 жылы елімізде ішкі қауіпсіздікті күшейту мен құқықтық тәртіпті жақсарту бойынша маңызды заңдар мен шаралар жүзеге асырылды. Жаңа заңдар тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске басымдық беріп, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бұл бастама елде құқық қорғау саласының жаңа басымдықтарын көрсетіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған әділетті қоғам құру мақсаттарына сәйкес келеді. Президент “заң және тәртіп” принципін нығайтып, зорлық-зомбылықты азайту арқылы қылмыспен күресті басымдыққа айналдыруды ұсынды. 
Мысалы сәуір айында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейтетін заң қабылданды. Осы өзгерістер арқылы әйелдер мен балалар өздерін қауіпсіз, мемлекеттің қорғауында бола алатындарына сенімдері пайда бола бастады. Жаңа заң мен қоғамдық ашықтықтың арқасында әр әйел өзінің мәселесін қорықпай айта алатын, «Еститін» мемлекеттің құлағына жеткізе алатын жағдайға жетті. Балалардың құқығын қорғайтын уәкіл өңірлер мен ауылдарды аралап, құқығы тапталған балалардың жағдайын шешіп, заңнан аттап өтетіндердің тиісті жаза алуын қадағалап келеді. Мысалы күні кеше балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі жаһандық министрлік конференциясының панельдің сессиясы өтті. Еліміздің атынан Динара Зәкиева сөз сөйледі. Шараға 118 үкімет, 75 министр, балалар құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмендер, азаматтық белсенділер және үкіметтік емес ұйымдар қатысқан. Конференцияны Колумбия және Швеция үкіметтері, БҰҰ, ЮНИСЕФ және ДДҰ ұйымдастырды. 
«Қазақстанның осы саладағы жетістіктері мен балаларды қолдау және оларды зорлық-зомбылықтан қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған Президенттің реформаларымен бөлістім. Жас делегаттар қызықты сұрақтар қойып, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты бүкіл әлемде тоқтату үшін қандай шаралар қолдану керектігі туралы өз ұсыныстарымен бөлісті», - деді балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева. 
Қабылданған заңдар арқасында биыл елімізде қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеді. Қылмыстың жалпы деңгейі шамамен 15%-ға азайған, әсіресе орташа ауырлықтағы және зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстардың саны төмендеді. 
Қылмыстың алдын алу үшін үкіметтің нақты қадамдары және қоғамдық құқықтық мәдениетті қалыптастыруға арналған бағдарламалар да өз әсерін тигізуде. Мысалы құқық қорғау қызметкерлері білім ордаларын аралап, мектеп оқушыларымен кездесуді ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.

«Бұл өткізілетін шаралар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, оларда тұрақты өмірлің құндылықтар мен қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Кездесу барысында оқушылар құқық бұзушылыққа байланысты нақты өмірлік жағдайларды талқылады. Сондай-ақ оларды қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», - деді прокурор Айжан Аймағанова. 


Бюроның статистикалық деректеріне сүйенсек, соңғы уақытта азаматтардың полиция мен құқық қорғау органдарына сенімі артып келеді, бұл құқықтық тәртіптің жақсаруына және қауіпсіз қоғамды қалыптастыруда оң әсерін беруде.
Сонымен қатар, Қазақстан БҰҰ қылмыстың алдын алу және қылмыстық әділет жөніндегі комиссиясына алғаш рет қосылып, халықаралық қауымдастықта қауіпсіздікті арттыру және қылмыспен күресу бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді.