14 там, 2019 сағат 10:07

Қауіп болса, халықты эвакуациялау керек - Сағынтаев сел қаупі жайлы

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жергілікті тұрғындармен кездесті. Қала басшысы су деңгейі төмендегенін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жоғары жақтан келе жатырмын. Таң атқалы сол жақта жүрміз. Тиісті шаралар қабылданды. Қорқатын ештеңе жоқ. Құдай сақтасын. Жаздай жұмыстар атқарылды. Көлдің басында экскаваторлар жұмыс істеді. Олар жаздай жерді қазып суды жіберіп отырған. 77 мың текше метр суды 26 мың текше метрге дейін түсірген. Соның арқасында қазір су аз келді. Енді, қазір жоғары жақтан хабар беріп жатыр, көлден аққан су тоқтады. Өзінің қарқынымен ағып келеді. Мына бөгетке дейін 22 шақырым, су өзен арнасымен ағады деп ойлаймыз. Ешқандай қауіп жоқ. Сумен ешқандай тас ағып келе жатқан жоқ. Жәй ағынды лай су келіп жатыр. Судың көлемі қалыпты жағдайда. Қазір мамандар тікұшақпен жоғары жақтан тағы да көріп шығады. Тұрғындар үшін ауыз су мәселесі де шешіледі. Қаладан тасымалдайтын болады. Алматы су мекемесінің басшысы да осында. Қазір 30 су таситын көлік белгіленді. Су құбырлары жөнделеді. Наурызбай ауданының халқымен кездесуге бара жатырмын. Сол кісілерге өзім барып мән-жайды түсіндіремін. Қажет болса осында қайтып келемін. Қарқынды су екі сағатта бәсендейді», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Осыдан кейін қала басшысы Алматы қаласына аттанып, №176 мектеп-гимназиясының ғимаратында жоспарланған тұрғындарымен кездесуге кетті. Бақытжан Сағынтаев қазір мамандар селдің қауіп-қатерін жою бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті.

"Таңертең адамдар жазып жатты, алаңдап қалды. Олар қайда бару және не істеу керектігін сұрайды. Еріктілер де өз көмегін көрсетуге дайын. Таңертең ішкі істер министрімен байланыстым. Егер бір нәрсе болса, адамдарды көшіру керек. Егер өзен деңгейі көтерілсе, тез тазалау керек. Біздің барлық қызметіміз, Ұлттық ұлан және басқалары толық дайын. Бірақ бұлай болмайды деп ойлаймын", - деді Алматы әкімі.