Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов БҚО-да өз командирін атып өлтіру жағдайына байланысты істің қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске сала кетсек, БҚО Ақжайық ауданында полиция қызметкері өз командирін атып өлтірген болатын. БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Ақжайық аудандық сотының тергеу судьясы Әмірхан Куликешев төрағалық еткен сот отырысында 1994 жылғы С. есімді күдіктіні күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы санкцияланған.
Бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында министр Қалмұханбет Қасымов осы жағдайға байланысты қандай шаралар қабылданып жатқанын айтып берді.
«Шынында да, бізде сондай жағдай тіркелді. Бұл - саптық бөлімше. Яғни, олар тергеу органдары немесе қылмыстық полиция емес. Олар - күзет жұмысын атқаратын қызмет. Олар Батыс Қазақстанда әкімдікті, сотты, медициналық қоймаларды күзетеді. Айта кетерлігі, біз қазіргі уақытта тергеу амалдарын жүргізіп, жағдайды зерттеп жатырмыз. Қылмысты жасаған адам екі жылдан астам уақыт осы қызметте болған. Екі рет зерттеуден өткен. Түсіндіруінше, оған ескерту жасалған. Осыдан кейін ол өзін қорландым деп есептеп, қылмысқа барған. Демек, қаруды алғаннан кейін ол өз командиріне бірнеше рет оқ атқан. Қазіргі уақытта атап өткенімдей, тергеу амалдары жүргізілуде. Міндетті түрде сот-медициналық сараптаманы жүргіземіз. Барлық кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартамыз», - деді министр.
Қалмұханбет Қасымов осы жылы елімізде дәл осындай екі жағдай тіркелгенін атап өтті.
«Тағы бір оқиға Қарағанды облысында тіркелді. Өздеріңіз білетіндей, жол-патрульдік қызметінің инспекторы қарақшылық жасамақ болып, табельдік қару алып, бір кісімен қала шетіне шығып, өлтіріп, автокөлігіне ие болған. Жақында осы іс бойынша сот болды. Ол 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Біз қызметтік тергеу жұмыстарын жүргізіп, 13 қызметкерді жауапкершілікке тарттық. Олардың сегізі жұмыстан босатылды. Осындай фактілердің барлығы бойынша біз қызметтік тергеу жүргізіп, шараларды қабылдайтын боламыз», - деді министр.