ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов "Абу Даби Плаза" маңында болған қақтығыстың хронологиясын айтып берді, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.
"Барлығы күзетші мен шетелдік жұмысшылар - Үндістан азаматтары арасында болған жағдайдан басталды. Бастапқыда айтылған себептің рас емес екені анықталды. Жұмысшылар кезекті ауысымнан шығып, бір топ болып баса-көктеп кірмек болған. Содан күзетші оларға ескерту жасаған, нәтижесінде дау шығып, Үндістан азаматтары күзетшіні ұрып-соққан. Бұл жерде тек күзетші зардап шекті. Содан ол бұл туралы басқа да күзетшілерге айтады", - дейді Қасымов.
"Жұмысшылар тұрғын үйге кіріп бара жатқанда күзетшілердің бірі Үндістанның бір азаматын ұрып-соғады. Сосын сол жақта Үндістанның тағы екі азаматын ұрып-соғады. Міне, осыдан төбелес шықты", - деді министр.
"Үндістанның үш азаматы соққы көрген соң жұмысшылар кейін шегініп, күзетші отырған жерге тас лақтыра бастайды. Бұл қақтығыс сағат 19.30-да басталды. Бірақ күзеттегілер бұл туралы полицияға тек 20.05-те хабарлаған. Оқиға орнына жасақ барады. Тілді білмей қалуы мүмкін деген проблема болған жоқ. Ағылшын тілін білетін арнайы топ келді. Себебі шетелдік жұмысшылардың ешқайсысы біздің тілді білмейді. Содан біз елшілікке хабарластық. Елшіліктегілерге рақмет, олар бізге үлкен көмек көрсетті. 25 минутта-ақ өздерінің өкілдерін жіберді. Консул келіп, біздің көмектесті", - деді министр.
"Көшеде Үндістанның тағы екі азаматын ұрған. Бұл сағат 20.10-да және 20.20-да болды. Оларды кейіннен ауруханаға жеткізді. Біраздан соң көшеде барлығы жиналып қалды. Біз оларды бірден жауапкершілікке тарта алатын едік, бірақ біз прокуратураға олармен сөйлесуге мүмкіндік бердік. Қала прокуроры сөз сөйледі. Әкім де келіп сөйлесті. Бірақ сіздер олардың өздерін қалай ұстағандарын көрдіңіздер. Адамдар тіпті көбейіп кетті. 56 адамды полиция бөлімшесіне жеткіздік, олармен сөйлестік. Тәртіп бұзғандарға қатысты материалдар дайындалып, сотқа жіберілді. 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды: 15 тәулікке, 10 тәулікке және 5 тәулікке", - деді ІІМ басшысы.
"Сағат 21.45-те оқиға орнын тексере бастадық. Міне, болған жағдай осы. Үш қылмыстық іс қозғадық, тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу бақылауда", - деді министр.