Қазақтың атақты ақыны Қасым Аманжолов 1948 жылдың сәуір айында «халықтар көсемі» Сталиннге хат жазыпты. Орысша жазған. Қазақша мағынасы былай:
«Қымбатты, біздің сүйікті Иосиф Виссарионович!
Осыдан бір жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағы мен республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында мен «Сталин туралы поэма» аталатын дастанымды оқыдым. Шығарманың сәтті шығуы бүкіл Қазақ әдебиеті қоғамдастығын қатты қуантты. Одақтық «Культура и жизнь», «Литературная газета» басылымдары да осындай пікірлерін жариялаған. Алайда осының біріне де қарамастан, аталған толғаудың орыс тіліне аударылуы былай тұрсын, түпнұсқасы да басылған жоқ.
Мақтайды да жарияламайды! Оның себебі, поэма Сталин жолдас туралы болғандықтан, Бүкілодақтық Коммунистік большевиктер партиясы Орталық Комитетінің рұқсаты керек көрінеді.
Сол мақсатпен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы жолдас Мұқанов 1947 жылдың жазында туындыны Мәскеуге ала кетіп, оралған бойда оны ВКП (б) Орталық Комитетіне, жолдас Еголиннің қолына табыстағанын айтты. Ал 1947 жылдың қыркүйегінде КСРО Жазушылар одағы қызметкерлері арқылы менің сұратуыма Еголин жолдас ондай поэманы көрмегенін жеткізді. Мұқанов жолдас болса өзінің Мәскеуге жасаған қысқы сапарынан кейін маған Еголин жолдастың басқа жұмысқа ауысуына байланысты туындыны таба алмағанын айтып келді.
Қымбатты Иосиф Виссарионович!
Өз тарапымнан өрескелдеу болса да, мен Сізге туындымның жолма-жол аудармасын жолдауды жөн көрдім. Бұл, әрине, түпнұсқаның көркем артықшылықтарын жеткізе алмайтын мағыналық қана қотармасы. Қазақ әдеби қауымының тарапынан қаншалықты жоғары бағасын алса да, мен адамзат еңбекшілерінің ұлы көсемінің ғажайып бейнесін керемет деңгейде кестелей алдым деп ойламаймын. Дегенмен, менің поэмам жолдас Сталин туралы ақындардың барлық буындары жазып жатқан, жазыла да беретін мыңдаған шығармалардың бірі екені анық.
Қымбатты, Иосиф Виссарионович!
Сізден аздаған уақытыңызды бөліп менің поэмамды жолма-жол аудармасынан болсын оқып шығуыңызды өтінемін!
Ақын Қасым Аманжолов, сәуірдің жетісі. 1948 жыл, Қазақстан Жазушылар одағы».
Хат ойға қалдырды. «Өлеңі өртке тиген дауылдай» өр Қасымның өлім алдында да бас имегені белгілі. «Берсең бер, бермесең ғой баспанаңды» деп алапат соғыс өртінен келгеннен кейін бала-шағасымен тұрмыс тақсыретін қаншама тартып жүргенде де ешкімге жағынған да, шағынған да емес. Ал, жан-жүрегін жарып шыққан өлеңінің жерде қалмауы жолында шырылдап, тікелей сонау ең биікте отырған көсемнің өзінен араша сұрайды. Туындысы болса сол Сталиннің өзі туралы! Бұл қалай сонда?
Халықтар көсемі өзіне жазылған оданы бірден құрақ ұшып қабылдай кетеді, дереу оны жариялату туралы тиісті орынға бұйрық береді, осынау жақсы ниетке кедергі жасаған адамдардың сазайын тартқызады деп ойлаған ба?
Кім білсін.
Әйтеуір, тәкаппар мінезді ақынның жәбір көріп атасына шағынған баладай төтесінен Бас хатшыға жүгінуі таңырқатады. Алып ұшқан ақын көңілдің аңғырттығы ма? Әлде осылайша «Айды аспаннан бір шығарып», маңайында жүрген бақталастарын тәубесіне түсіріп алуды көздеді ме?
Жоқ әлде, жеке басқа ессіз табынудың әсері ме екен?
Солай шығар, тегінде. Ақын да сол тұстардағы көпшілік замандастары секілді әлдебір құдіретті күшке сенгендей Ұлы жеңіске жеткізіп, халқының шексіз құрметіне бөленген Иосиф Виссарионовичке шүбәсіз сенім артады. Өздері ойлап тапқан жүйеге құрбан болып кетіп жатса да, Компартия мен оның жетекшілеріне деген адалдықтан жазбаған көптеген қызылсұңқар большевик ағаларындай, тіпті, солардың ажалына тікелей себепкер Сталинді пір тұтады.
Бір себептен, ақиық ақынның халықтар көсеміне деген шексіз сеніміне аса таңданудың жөні жоқ. Реті келгенде айта кетейік, Сталиннің әуелден қабілетті журналист, дарынды әдебиетші екенін көпшілік жұрттың біле бермеуі мүмкін. Сталиннің сонау Ұлы төңкеріс жылдары мен Кеңес өкіметінің жаңада орныға бастаған кездеріндегі мақалаларын оқыған адам автордың жоғары кәсіби біліктілігін, терең білімпаздығын аңдар еді. Оны өзін әдебиетшімін деп есептейтін Ленинмен табыстырып жүрген де осы қыры екеніне дау жоқ. «Жазушы – адам жанының инженері» деген сөздің иесі де осы Иосиф Виссарионович еді. Міне, Қасым Аманжоловтың сондай адамға «аздаған уақытыңызды бөліп менің поэмамды жолма-жол аудармасынан болсын оқып шығуыңызды өтінемін!» деуі де көсемнің әлгіндей қасиетінен хабардарлығынан шығар.
Одан соң әлдебір аз ұлттардың тілінде жазылған поэманы оқуына тікелей мемлекет басшысына тілек білдіруге таңдай қаға қоймаудың тағы бір себебі – Сталиннің ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлерін жиі қабылдап тұрғаны мәлім. Мәселен, Сәбит Мұқанов Сталинмен жүзбе-жүз кездесіп, оған өзінің арыз-шағымын жеткізіп, көсем қолынан «Эпоха» темекісі мен бір қорап сіріңке алғанын өзінің әйгілі «Өмір мектебі» мемуарында жазғаны белгілі…
Ақыры аталған поэманың тағдыры не болды екен? Сталин жолдас сол тұстарда өзі туралы жазылып жатқан мыңдаған туындылардың бірін оқыды ма, оқымады ма, белгісіз.
Осынау аты шулы дүниенің көркемдік деңгейі қай дәрежеде, көлемі қандай екен деп те елегзисің.
Кейінірек академик Серік Қирабаевпен хабарласып білгеніміздей, аталған поэма 1948 жылы Қасым Аманжоловтың «Дауыл» жинағына «Біздің дастан» деген атпен енген көрінеді. Белгілі сыншы ағамыздың айтуынша, шығарманың көркемдік деңгейі биік. Расында да, ақын шоқтықты туындыға бар өнерін салғандай.
Әрине, Сталин қайтыс болып СОКП-ның аты шулы жиырмасыншы съезінен кейін, яғни Хрущевтің «жылымығынан» соң аталған шығарманың Қасым Аманжолов еңбектері қатарынан алынып тасталғаны өз-өзінен түсінікті. Тіпті, сондай тырнақша ішіндегі «керітартпа » поэма жазғаны үшін ақынды табалаған адамдардың да табылуы кәдік.
Осыдан кейін көп ұзамай, яғни, 1955 жылы Қасым Аманжоловтың өзі де о дүниеге көшіп, «екінші өмірін» бастап кеткен еді.
Хат Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан алынды. (Қор 9142, тіркеу-1, іс-132).
Құлтөлеу Мұқаш, жазушы