Бүгін теңіз шекарашылары Каспий теңізін шолып жүріп 44˚25′ солтүстік ендік пен 50˚00′ шығыс бойлығының аумағында қос «Ямаха» моторлы «Байда» типтес жылдам жүзетін шағын жүзу құралын кезіктірді, деп хабарлайды ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
Қараңғыны қақ жарып кенеттен пайда болған теңіз шекарашыларының катерін байқап қалған «Байда» қашуға бет алған кезде, оны тоқтату үшін шекарашылардың ескерту ретінде аспанға оқ атуына тура келді. Шекара бұзушылар бұдан әрі тәуекелге бел бууға дәттері шыдамай, зәкір тастап, қолдарын көтерді. Қайықта отырған 4 адамның барлығы да Ресей азаматтары екен. Екеуі 52 жаста, біреуі 36 жаста, ал біреуі небәрі 20 жаста. Қайықтан 200 литр ауыз су, қосымша баллонымен газ плита, азық-түлік пен қосалқы бөлшектер табылғанына қарағанда, бұлар теңізде ұзағырақ жүреміз деп үміттенген болуы керек.
Тергеу амалдары жүргізілуде.