Каспий құбыр консорциумындағы болған ақауға байланысты ешбір мұнайшы жұмыстан қысқармайды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Каспий құбыр консорциумында жұмыс тоқтап қалған күнде жұмысшылардың тағдыры не болатыны туралы мынаны айта аламын. Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз сияқты кез келген үлкен жобада жоспарлы аялдау деген ұғым болады. Кеніштің көлеміне байланысты екі жылда немесе үш жылда бір рет жұмыс аялдауы мүмкін. Кейбір нәзік тораптардың жұмысы жыл сайын бір рет тоқтатылуы мүмкін. Бірақ кеніштегі жұмыстың түгелдей тоқтауы жоспар бойынша үш жылда бір рет қана болады. Оның мерзімі қалыпты жағдайда 30 күннен 60 күнге дейін баруы мүмкін. Ешкім бұл кезде ешбір жұмысшысын шығарып тастамайды. Бәрі штаттық режимде жұмыс істей береді. Сондықтан Каспий құбыр консорциумындағы жағдай айлықтың, жұмысшылардың қысқартылуына әкеледі деуге мүлде негіз жоқ. Өйткені бұл кеніштер үшін штаттық апат десек болады. Яғни, бұл кеніштегі техникалық аялдаулардың шегіндегі жағдай», -деді ведомство басшысы
Айтуынша, бүгінге дейін ешбір мұнай компаниясы қалыптасқан жағдайды алға тартып, жұмысшыларды қысқарту туралы бастама көтермеген.
«Егер кеніш бір жыл бойы жұмыссыз тұрса, мәселе басқа. Бірақ біз шектеулер туралы айтып отырмыз. Бұл тұтас тоқтату емес. 3 аптаның ішінде жөндейміз деп отыр. Тіпті әр айлаққа 3 аптадан кетті дегеннің өзінде 2 айдан аспауы керек. Бұл аралықта ешкім ешкімді жұмыстан босатқалы жатқан жоқ. Бұл мәселе тұрақты бақылауда. Тиісті облыс әкімдерімен де сөйлесіп отырмыз. Кәсіпорындардың ешқайсысы қызметкерлерін жұмыстан босату туралы әңгіме көтерген жоқ», - деді министр.