30 қар, 2021 сағат 19:23

Kaspi Bank мобильді аударымдарға қатысты сұрақтарға жауап берді


Парламент Cенаты мобильді аударымдарға қатысты салық заңнамасына түзетулер енгізді. Осыған байланысты желіде мобильді аударымдарға қатысты түрлі ақпарат, соның ішінде одан бас тарту туралы жазбалар пайда болды. 

Kaspi Bank заңға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.

Мен жеке тұлғамын. Менің мобильді ақша аударымым туралы деректер салық органына беріле ме?

Жоқ. Банк құпиясын сақтау талаптарына сәйкес сіздің ақша аударымыңыз туралы деректер салық органдарына берілмейді. Сіз бұрынғыдай жеке мақсатыңыз үшін ақша аудара аласыз және қабылдай аласыз.

Жалпыға бірдей декларациялауды кезеңмен енгізу туралы заңға сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүргізу белгілерінің бары туралы мәліметтер тек 2025 жылдан бастап берілетіні көзделіп отыр. 2025 жылға дейін жеке кәсіпкер емес және мемлекеттік қызметші емес жеке тұлғалар үшін ештеңе өзгермейді.

Мобильді ақша аударымына шектеу қойыла ма немесе салық салына ма?

Жоқ. Жеке тұлғалардың арасындағы ақша аударымына салық салынбайды. Заң жобасында ақша аударымына жаңа салықтың немесе шектеудің пайда болатыны көзделмеген.

Егер кәсіпкер клиенттерден мобильді ақша аударымын алатын болса, ол үшін көтеріңкі салық төлеуі керек пе?

Жоқ. Заң жобасында жаңа салықтың пайда болатыны көзделмеген.

Кәсіпкерлік мақсатта мобильді ақша аударымын пайдалану қазірдің өзінде сатушыларды ел заңнамасына сай салық төлеу және фискалдық чек беру міндетінен босатпайтынын атап өтеміз.

Мен жеке кәсіпкер не компания басшысымын. Менің мобильді ақша аударымым туралы деректер салық органына беріле ме?

Жалпыға бірдей декларациялауды кезеңмен енгізу туралы заңға сәйкес жеке кәсіпкерге не компания басшысына тиесілі шоттар бойынша кәсіпкерлік қызметті жүргізу белгілерінің бары туралы мәліметтер 2024 жылдан бастап берілетіні көзделіп отыр.

Ендеше бұл заң жобасы не туралы?

Заң жобасы жеке тұлғалардың арасындағы мобильді ақша аударымына қатысты емес.

Мобильді төлемдер ұғымын және жеке кәсіпкер мен заңды тұлғалар үшін тауарлар немесе қызмет көрсету үшін ақыны арнайы кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға қабылдау міндетін енгізу көзделіп отыр.

Мысалы, мұны тауарлар мен қызмет көрсету үшін ақы қабылдауға Kaspi Pay мобильді қосымшасы мен Kaspi QR-дың көмегімен қазірдің өзінде жасауға болады.

Мобильді аударымдарды көлеңкеден шығару

25 қарашада парламент сенаты кәсіпкерлерді мобильді аударымдар үшін жеке шот ашуға міндеттейтін заңды қабылдап, президенттің қол қоюына жолдады.

Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, пандемия кезінде шағын және орта кәсіпкерлер мобильді аударымдарды бүкіл жерде пайдалана бастады. Алайда ол тек жеке тұлғалар арасындағы транзакцияларға арналған.

Бұл мәселені заңнамалық реттеу мақсатында "мобильді төлемдер" түсінігі енгізілді.

Сонымен қатар кәсіпкерлер бизнеске арнап жеке шот ашуға міндеттеледі. Клиенттер де алған тауардың немесе көрсетілген қызмет ақысын төлегенде, ақшаны осы шотқа аударады. Банктер тиісті мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына береді.

Бұдан бөлек, заңға сәйкес, мобильдік төлемдер арқылы тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу үшін есеп айырысу кезінде онлайн-бақылау-касса машиналарын қолдану заңдастырылады.