СУРЕТКЕР
Әбіш Кекілбаев хикаяны алыстан аңдымай бірден былай бастайды: «Шығыс Азиядағы бір өзенді қытайлар Хуанхэ-Сары — сары өзен, Тибеттіктер Мачу — Қызыл өзен, Мағұлдар Хара Мурэн Қара өзен деп атайды. Ал, енді оны Хатын-Гөл — Ханша дария десеңіз бәрі де түсіне қояды. Неге олай?!
Әбіш Кекілбаев хикаяны терең ойға бөктірмей бірден былай аяқтайды: «…Біреулер қауға түсіріп алса, артынан сонау көк теңіздің жағалауындағы ақ тұмсықтың астынан табылыпты. Енді жұрт бұл құдықтың суы сонау ұлы теңізге барып құяды екен десті. Не де болса, ол бүкіл Үстірттің үстіндегі ең терең, ең мол шыңырау болып атағы жайылды. Бірақ «Еңсеп қазған» емес, «Еңсеп өлген» деп аталып кетті.
Адам бойында Тәңір жаратқан табиғатқа тән тазалық киесі тапшы. Сонан да Адам құрған қоғамда сатқындық, айуандық, арсыздық, пәтуәсіздік, құдайсыздық бой көтереді. Сонан да адам өзі құрған қоғамда әскер ұстауға, полиция жасақтауға, абақтылар салуға мәжбүр.
Өзі құрған қоғамда адам шексіз байлыққа жанын беруге, асыра сілтеуге бой ұруға, қомағайлықты қасиет деп тануға барын салады. Сонан да дүние байлығын пір тұтқан қоғам бар, бірақ, онда адам жоқ. Сол қоғам адамды бо-йындағы ең асыл қасиеті адамгершілігінен айырып болған. Тән бар, жан жоқ, рух жоқ.
Моральдық ұстанымды түбінен шауып тастау қауіпті. Олай болса адам адамдығынан айырылады. Сонан да әлемнің озық ойлы әдебиеті қомағай қоғам, ар-ұятын жоғалтқан адам жайлы таусылмайтын аза тұтады.
Сонан да суреткердің басты мақсаты дүние байлығы киеміз деп, адам өз қолымен құрған азған қоғам туралы шындық жазу.
Суреткерде онан басқа міндет те жоқ.
Сонан да суреткердің өмірі — азап. Қан жылау. Әлемдегі адам тартар бар азапты жүрегінен өткізетін суреткерде не өмір бар дейсіз? Сонан да қоғамда жазушы, әнші, тақпақ жазатындар көп, суреткер – сирек ұшырасатын құбылыс. Көпшілік мәдениеті таптауырын, суреткер — терең дария.
Әрине, сөз өнері суреткерден ерекше сабырлылық пен асқан төзімділікті талап етеді.
Азапты ғұмыр кешкен озық суреткерлерді қоғам кеудеден тебеді, ал, суреткер дүниеден өткен соң оның тұрғызған ғимараттарына, салған суреттеріне, жазған кітаптарына адамзат баласы бас ұрады. Азапта ғұмыр кешкен пенделер тудырған өнер туындыларына әлемнің мәдени ескерткіштері деген айдар тағылады. Сонан да біз Италияға Микеланджелоның, Рафаэльдің, Леонардо да-Винчидің суреттері салынған ғимараттарды тамашалауға сапар шегеміз. Луврды көру, сондағы Джокондаға телміре қарап тұру бақытын қайда қоямыз?! Алматының түбінен табылған Алтын Адам ше? Тас-қа салынған суреттер ше? Түркістандағы көк күмбезі жарқырап күнде ойнаған Қожа Ахмет Йассауи мавзолейі ше?
Осы кереметтерді дүниеге әкелген, азапта туып, азапта жан тапсыратын – біртуар суреткерлер. Олардың ешқайсы да бұл дүниеде рахат көрмегендер.
Тәңірі жаратқан сұлулық ғажайып күш. Сол сиқырлы күшке жан бітіру кемеңгер суреткерлердің ғана қолынан келген.
Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын жас кезімнен еркін оқығандікі ме, мен ол кісінің сөз саптауын бірден танитынмын. Айтар сөзінің мәйегін қай кезде төгетінін, қай тұста ұстамдылық танытатынын, қай тұста басты кейіпкеріне еркіндік беретінін ішім анық сезетін. Сонан да мен шығарманың сюжет желісіне емес, ой аясына қызыға ынта қоятынмын. Асқар Сүлейменовтің, Оралхан Бөкеевтің көркем сөздері мен пәлсапаларының ой бұлағынан сүйсіне сусындап, ерекше елтіп оқушы едім. Бұл тізімде аға буыннан Тахауи Ахтанов, Тәкен Әлімқұлов, Әбдіжәміл Нұрпейісов бар. Өнерлерін суреткер болуға бағыштаған қайсар топтың қазақ әдебиетіне әкелген жемістері ұшан-теңіз…
Батыс ғалымдары өз әдебиеттерін қандай формада, қандай үлгіде, қандай тереңдікте талдайды. Шығыс та сол үлгіден танбаған.
Кеңестер кезінде Прибалтика, Грузия, Ресейдің талантты әдебиетшілері, сыншылары, философтары өте терең, өте жаңашыл стильде өрнекті мақалалар жазған. Озық ойлы кітаптар ту- дырған.
Қазақта ұлт әдебиетін зерделейтін ғылым да, терең талдайтын сын да болмады. Орыс тілді қазақ азаматтары тынысы кең, ойы терең мақалалар жазды, бірақ, ол еңбектер қазақ әдебиетінің бар болмысын ашып көрсете алмады. Өйткені, олар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің айдынына еркін қосылып кеткен жоқ. Сонан да орта қолды, орта ойлы, орта білімді қазақ сынының туған әдебиетіне еш пайдасы тимеді. Әдебиет өз алдына, ғылым өз алдына, сын өз алдына күн кешті. Олардың ортасында терең білімді, талантты адамдар бар еді. Мен Мәскеуде Жазушылар Одағында жұмыс істегенде солардың бастарын қосқым келген. Өкінішке орай, қоса алмағам.
Бұл проблемаларды әр кезде Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшылары Әнуар Әлімжанов та, Жұбан Молдағалиев те, Олжас Сүлейменов те көтерген. Бірақ, көтере алмаған. Өйткені, атақ-даңққа құмар жазушы ортасын ойлы, өміршең іске жұмылдыру мүмкін емес еді. Тіпті, ұлт мүддесі үшін жиналайық десе де, олар әуелі өз мүдделерін қорғаштап, бағып тұратын.
Сонан да әдебиет бір қапталда, әдебиеттану екінші қапталда, сын үшінші қапталда қалған.
Қазақ өнерінің санасы мен сапасы әлі күнге дейін партиялық концерттің бағасымен өлшенеді.
Біздің бозбала кезімізде қазақ сынының семсерін суырып шыққан бір топ жалаңтөс жас сыншы болған. Олардың ой жүйелері, жазу мәнерлері, форма ұсыну үлгілері мүлде бөлек еді.
Олар шындықты айтатын. Дәлелді болатын.
Олар ой айтатын. Білімді болатын.
Олар сөз айтатын. Сөздері алмас қылыштай өткір еді, осып түсетін.
Олар әдебиетте адал сын болмай, көркем әдебиет тудырудың пәтуасыздығын ескертетін.
Олар алпысыншы жылдары бір сәтте сын айдынына көтеріліп, әдебиетке әділдік әкелді.
Оларды бір сәтте сын майданынан қуып, енді ғана суреткерлік қуатын даралаған қазақ әдебиетіне трагедия әкелді.
Сол көзсіз батырлар — Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменов еді. Олардың отты мақалаларының кей орамы менің есімде әлі жүр.
Бұл – Әбіш Кекілбаевтың әдебиетке келген тұсындағы қазақ қоғамының мәдени һәм әдеби өмірінің хал-ахуалы жайлы шағын сурет қана.
Бүгінгі қазақ ортасында терең ойлы философ немесе шебер әдебиет зерттеушісі жоқ, әйтпесе, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ прозасы тұнып тұрған рухани қазына. Айтушысы жоқ асыл көмбе. Бағасыз байлық.
ӘУЕЗОВ
жиырмасыншы жылдары жүрегінде Абайға деген шексіз махаббаты бар бозбала шағында-ақ ұлтының нағыз суреткері болуды көксегенін білеміз. Бұл тума ойды Жидебайда Абайдың әдеби мектебі санасына құйып, жүрегіне дауалатқан.
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар,
Өтірік пен өсекке
Бәйге атындай аңқылдар.
Абайдың суреткерлік болмысы әуелі өмір шындығы екенін Әуезов бала кезінен біліп, танып өскен. Құйма құлақ баланың құлағына құдыретті Абай жырын Әуез атасы сараптап құйып отырушы еді. Қадірлі Мұхаң «Еңлік-Кебек» пьесасының алғашқы вариантын Бақанастағы жайлауында отырған Шәһкәрім қажыға арнайы апарып, оқып береді. Қариядан бата алуды да ойласа керек.
Сонда Қажы:
— Мұхтар, билер бұлай сөйлемеген, қолыңа қағазың мен қаламыңды ал, — дейді. — Олар былай сөйлеген… — деп қамшысын тізесіне тіктеп тіреп сөйлей жөнелгенде желідегі құлындар ойнақшып, боталар далаға маңып кеткен.
Ленинградта оқитын Мұхаң сол жолы Шаһкәрім Қажының Бақанас жайлауынан Әуездің ауылына жеткенше Қажының билерше сарнап кеп кеткен сәтін есіне алып, таң-тамаша болған. Асылдың сөз ордасына кіріп алып, сонан шыға алмай аласұрған. Бұл кереметтің түп тамырында Абайдың ойы, сөзі, ақылы барын ұққан. Бұл Жидебайдағы Абайдың әдеби мектебінің Шаһкәрім берген дәрісі болатын.
Елуінші жылдары Абайдың ұлы Тұрағұлдың қызы Мәкен апамызды «Еңлік-Кебек» қойылымына апарған Мұхаң театрдан шыққанда:
— Мәкен, атаңның сөздерін таныдың ба? — деп сұрайды.
— Таныдым, — дейді Мәкен апай. Басқа сөз айта алмай жылап жібереді. Сонда Мұхаң Мәкенді иығынан құшақтап:
— Жамандарша жылай берме. Өмірге үмітпен қараудан бір талмаңдар. Абай да, Қажы да, әкең Тұрағұл да әлі-ақ қазақ өнері мен әдебиетіне келіп қосылады. Бұның бәріне уақыт керек. Сен Тобықты тектілерінің ұрпағысың, сүрт көз жасыңды. Қайтып маған жылағаныңды көрсетпе. Ез болмаңдар, ер болыңдар. Жауларыңды қуантпаңдар, — дейді Мұхаң.
Шығыстың ұлы ақындарын, қазақтың Сұлтанмахмұтын, Қасымын, Мұқағалиын аударған атақты мәскеулік аудармашы, досым Михаил Курганцевтің бір әңгімесі еске түседі.
— Мәскеуде үлкен Шығыс институтын ашуға Тәжікістанның Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Бабоджан Ғафуровты шақырды. Ғафуров аса ақылды, білімді, озат ұйымдастырушы адам болды. Сол озық ойлы адам іргесін қалаған Шығыс институты – күні бүгінге дейін ең ірі ғылыми орталық. Мәскеудің Ломоносов атындағы университетін бітірген бірнеше жас жігітті Ғафуров жұмысқа алды. Бүгінгі атақты шығыстанушылардың бәрі Ғафуровтың оқушылары. Әрине, мен де солардың қатарында болдым.
Жаңа жыл қарсаңында Ғафуров мені кабинетіне шақырды. Мәскеуге Әуезов келгенін, оның кім екенін, қандай ұлы кітаптар жазғанын айтты. «Азия и Африка сегодня» журналына Әуезовтен сұхбат ал» деп тапсырды. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы сол кезде мәскеуліктерге жақсы таныс болатын. Ол кітапты мен де қызыға оқыған едім.
Ертеңінде «Москва» қонақ үйіне бардым. Мұхтар Омарханұлы мені жылы қарсы алды. Қал-жағдайымды сұрады. Еңбек жолымды Ғафуровтың ұстаздығымен бастауымның өте игілікті болуын тіледі. Кең маңдайы, ойлы жүзі көз алдыма Шығыстың ғұламаларын елестетті. Мені үстел басына отырғызды да, өзі кең бөлмені асықпай, адымдай басып сөйлей жөнелді. Ақырын, кібіртіктеп барып басталған Әуезов сөзі тез арада терең ойға оранып, қазақ даласын кезіп кеткендей болды. Түйдек-түйдек ой орамдары асықпай, аптықпай кең көсіле құйылып берді. Ғасырды ғасыр қуды, құрлықты құрлыққа ауыстырды, бір қоғамды бір қоғам жұлып жеп жатты, оныншы ғасырдағы әл-Фарабиден жиырмасыншы ғасырдағы Мәскеуге дейінгі аралыққа Шығыс әлемін сидырды…
Маған Мұхтар Әуезовтің қырық минуттік сұхбаты өзі жеке бір университет болып көрінді. Редакцияға қайтып келе жатқанда профессор Әуезовтің ғұлама ғалым екенін мойындадым. Бұл шындық болатын. Мәселе кімнің кімнен артықтығында емес, Әуезовтің ұлылығында еді.
Ғафуровқа Әуезовтен алған әсерімді айтқанда:
— Мұхтар Омарханұлының Ленинградтағы ұстаздары ғажайып ой титандары болған ғой. Әуезов те – Совет Одағының ой титандарының бірі. Мен ол кісіні құрмет тұтамын, — деп ойланып тұрып қалып еді.
Сол кезден бастап мен Әуезовті құрмет тұттым. Мұхтар Әуезов пен Бабоджан Ғафуровты өзімнің ұстаздарым санадым.
Ой титаны деген – өзгеше өлшем.
Өзгеше баға.
Олар өзгеше ақыл иелері.
Алпысыншы жылдарда тарихи сана намысшыл жүректерді дүр сілкіндірген.
Қоғамда жылымық басталған жыл. Аз уақытқа болса да ауада бостандық лебі ескен. Кеңестер Одағында жаңа талантты ұрпақ бой көтерген. Ақындар еркін өлеңдерін оқыды. Суретшілер еркін суреттерін салды. Аспанға зымырап жер серіктері ұша бастады.
Ашаршылықтан, соғыстан, тың жерді игеруден, таусылмайтын өтіріктен шаршап-шалдыққан кеңестер одағының халқы көк аспанға телмірді.
Болашаққа деген сенім көңіл сергітті. Адамдар сол жарқын болашаққа сенді, көңілде үміт оты оянды. Бірақ, кейін оның бәрі күл-талқан болды. Қаланы да, даланы да үнсіздік жайлады. Қаракүңгірт үнсіз жылдар еңсені басты. Бірақ, ешкім үндеген жоқ. Үндегендерді үндетпейтін жерлерге айдап жатты.
Дәл сол кезде Әбіш бастаған студенттер Әуезовті Қазақ университетіне кездесуге шақырады. Бұл айтулы кездесу болатын. Сол кездесудің дүмпілі қазақтың намысшыл, есті жаңа толқынын — алпысыншы жылдықтарды дүниеге әкелген. Сол толқынның көшбасы Әбіш Кекілбаев болатын.
«Шала Шекспирлер, толыспаған Толстойлар» деген сөз тіркестерін Мұхтар Әуезов сол кездесуде айтқан. Бұл кездесу Әуезов пен жасөспірім қазақ интеллигенциясының арасындағы берік рухани көпірдің іргесін қалады.
Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдары Әуезов ашқан қазақтың ойлы суреткерлік әдебиетінің қуат күшін, асыл демін тоқтатпай алға жүргізу керек болатын. Кемеңгер Әуезов орнатқан ұлт әдебиетінің темір қазығының беріктігі Қазақ университетіндегі бір топ өрімдей жастардың қолына көшіп жүре берген. Әуезов нағыз суреткердің табынары ақиқат қана екенін сол топтың құлақтарына құйып, жүректеріне қан қылып қосып жіберген.
Қазақтың қасқыр жүрек тұлғаларының тәлім әлемі сол жас топтың жанынан да, санасынан да, көңіл көкжиегінен де кетпеген. Уақыт өткен сайын қасқыр жүрек қазақтар сол топтың піріне айналған. Сол топ Әуезовті Алаш көсемдерінің сарқыты деп білген. Қасқырдың жүрегін жүректеріне қойдыра алмаса да сол топ көсемдердің ақылы мен ойларын бойларына дарытып, болашаққа ту қылып көтеріп алып кеткен.
Алпысыншы жылдары тіл туын осы жас топ көтерген. Тілді байытуды да осы топ дамытқан. Айқаймен шындықтың үрейін ұшырмауды осы алпысыншы жылдықтар ойлап тапқан. «Айқай салып арзандатпа шындықты» деп Жұмекен Нәжімеденов жыр жазған. Сол өрімдей жас топ бойларындағы бар қуаттарын суреткерлік шеберлікке салған.
Алып Әуезов қазақ өмірінің энциклопедиясы «Абай жолын» қолымызға ұстатып кетті. Олай болмағанда бүгінгі қазақ өткенімізді жоғалтып алатынымыз ақиқат еді. Ғажайып эпопеяның алғашқы екі томы — Абайдың триумфы, соңғы екі томы – Абайдың трагедиясы. Шындығы — қазақ халқының күйреуі.
Қазақтың дала цивилизациясынан еншілеп алғаны мал ғана болды. Қайран Абай бабамыз «…малды да еміңдер, жерді де еміңдер» деді. Бұл ең үлкен ақыл еді. Бірақ, ол ақылды қазақ бойына дарытпаған. Дешті-Қыпшақ даласында қазаққа үш ғасыр ұрыс салып өмір сүруіне тура келді. Басқа жолымыз да болмап еді, дейді қазақ тарихшылары. ХVІ-ХVІІ ғасырдағы қазақ даласының күй-жайын көне кітаптардан оқып отырсақ жерді еметін кезіміз болған. Тек ханда да, қазақта да құлық болмаған. Даланы немкеттілік жайлаған. Ал, қазір Дешті-Қыпшақ даласы сол құлықсыздығымыз бен немкеттілі-гіміздің зардабы мен кесапатын көруде.
Жиырма бірінші ғасырдың алау оттары тазарту оты емес, жолдағыны жайпап өтер қатерлі өрт, ол адам қолымен жасалған барлық құндылықтарымызды жоқ қылады.
Мұхтар Әуезов қазақ жұртының бір ғасырлық ғұмырын асқан шеберлікпен суреттегенін айрықша атауымыз қажет. Әбіш Кекілбаев ұстазының үлгісін жиырмасыншы ғасырдың соңына дейін жеткізді.
Қазақтың көркем прозасын Әуезовтен соң әлемдік деңгейге көтеруге жанын салған алпысыншы жылы Қазақ университетіндегі кездесуде өзін қарсы алған бұйра бас, кең маңдайлы қара торы бозбала жігіт еді…
Дешті-Қыпшақ топырағында Мұхтар Әуезовтен соңғы тамыры терең талант — Әбіш Кекілбаев әдебиетке осылай келген. Қорықпаған, қорғанбаған, даңққа кеуде салмаған. Арлы суреткер ақиқатты жанындай қорғап, ұзақ, азапты тіршілікке бой сұнған…
ТАҒДЫР
Әбіш Кекілбаевқа таза суреткер ретінде қазақтың көркем прозасының адамгершілікке суарылған туын қадап кетті. Біз оны есімізден еш шығармауымыз керек.
Бұл егесті рухани күресте ол жалғыз болған жоқ. Қазақ университетінде сол қызу қанды саналы топтың бәрі де әдеби майданға бірге көтерілген. Әнуар, Сәкен, Қабдеш, Сайын, Асқар, Зейнолла, Қалихан, Қадыр, Мұқағали бұл шағын топ мүшелерінің әкелерінің аттарын айтып та керегі жоқ. Бұлардың қай-қайсы да қазақ әдебиетінің асыл тұлғаларына айналып кеткелі қашан.
Бұл суреткерлердің қазақ прозасына сіңірген еңбектерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ, олардың терең қатпарлы текстерін талдап, оларды терең ұққан адам жоққа тән. Әдебиет ғылымы қазақта әлі де әлсіз. Қызыл сөзі көп. Татымы аз. Ал, формалық ізденістері жоқтың қасы.
Адам мен еңбек бағасыз қалған қоғамда қандай зерттеу болуы мүмкін?! Кеңдеу Кеңес кезінде туған әдебиетін жеріне жеткізіп зерттей алмаған ғалымдардан бүгін не күтуге болады?!
Мәскеуге бір келгенінде Әнуар Әлімжанов талантты орыс жазушылары Анатолий Ким, Владимир Личутин, Анатолий Кончиц, сыншы Владимир Бондаренконы шақыруды сұрады. Ол жігіттер сол кезде қырық-қырық бес жас шамасында ғана болатын. Мен оларды қазақ жазушыларын аудартуға тартқанмын. Ал, Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы олармен көзбе-көз кездесіп, пікір алысуды ойлаған.
Әнекең көп оқыған, аса мейірбан, қонақжай, кішіпейіл жан еді. Кездесу өте жылы, туыстық пейілде өтті.
Біз, кездесуге шақырған жігіттер суреткер жазушылар болатын. Сол жігіттердің бәрі де Әнекеңе ұнады. Сыйға тартқан кітаптарын қолына алып отырып:
— Мен бұл жігіттерді оқуым керек екен. Сендердің әңгімелерің маған ұнады. Сендер – суреткер болуға туған адамсыңдар. Бұл – өте бағалы ұмтылыс. Ал, мен ағартушымын. Суреткер болуды басты мақсатым деп санамадым. Оған уақыт та жоқ еді. Сол үшін де өкінемін, — деді Әнуар Әлімжанов. Жүзінде қынжылу бар еді.
— Әнеке, қазаққа сіздей ағартушы бермесе біз кім болатын едік? Сіздің ағартушылық қуатыңыз бүтін бір ұлтты тәрбиелеп шығарды. Сіз – біздің адал ұстазымызсыз! — дедім.
Әнуар мен Олжас менің өмірімдегі ең қадірлі ұстаздарым болды. Солардың ағартушылық ойға толы ғажайып кітаптарын оқымағанда қаны қызу біз кім болатын едік? Оны ойлаудың өзі қорқынышты.
Әнекеңнің жүзіне қан жүгірді.
— Суреткердің өмірі қиын. Мына жігіттерді Қазақстанға шақыр, елімізді, жерімізді көрсін. Кітаптарын аударатын жазушылармен достастыр. Айтқан уәдемізде тұратын болайық, — деді.
Сол жетпісінші жылдары Әнекең қабылдаған орыс жігіттері қазақ прозасын орыс тіліне аударуға көп еңбек етті. Қазақ әдебиеті туралы терең сөздер айтты. Біз оларға таза құрмет көрсеттік, олар қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген адалдықтарынан тайған жоқ.
Т Ұ Л ҒА
тұрғысында терең тамырлы тағылым мен түсінік танытатын Әбіш Кекілбаев кеңістік айдынында тұсау көрмеген жүйріктей жүйткитін.
Ұлы жазушының ұлы ойшыл болуы міндет емес, бірақ, Әбіш Кекілбаев кең ойлана алатын, кеңістікті кең піше алатын аса зерек, аса ақылды суреткер болғаны бізге мәлім.
Өнерге келген көп адам Құдайдың құлы емес, Құдайдың өзі болғысы келеді. Мен Құдаймын дейді. Ал, сөйлес дөкеймен.
Әбіш Кекілбаевтың бойында тәкәп-парлық, өзім білем деу, өзгені өзінен бірер саты төмен қойып сөйлесу атымен жоқ еді. Ол кісі жұрттың бәрімен бір қалыпта сөйлесетін. Бәрін бірдей құрметтейтін. Біреуді жоғары, біреуді төмен қоймайтын. Бірақ, өз еңбегінің салмағы, ойы жоғары екенін іштей білетін, сырт көзге аңғартпайтын. Адамдық болмысы біркелкі маңғаз, байсалды қалпынан танып көрмеген.
Әбекеңнің жетпіс жылдық мерейтойына мен «АMANAT» журналының бір санын арнадым. Анатолий Ким Әбіштің «Аңыздың ақыры» романын орыс тіліне аударған.
– Аудармам қалай екен? — деп сұрады Анатолий Ким.
– Анатолий Андреевич, аудармаң жаман болса «АMANAT»-қа баспаймыз ғой, – дедім.
– Қалжыңсыз, шыныңды айтшы.
– Бір сөзбен айтсам, аударма керемет. Бірақ, тым сұлу. Кей жерде тәкаппарлық жетіспей жатыр, — дедім…
Анатолий сәл ойланып тұрды да:
– Старик, сенің сөзіңде жан бар. Сен тілдің тынысын, қаһарманның жүрек лүпілін анық аңғарып үлгеріпсің. Жасырмай шындық айтқаныңа рахмет. Бірақ, біздің сөзімізді Әбекеңе жеткізбе. Аударма туралы әркімнің өз ойы бар, — деді.
Әбіш жазушы мен суреткердің аражігін ерте таныған. Жазушы – бір күндік, суреткер – мың күндік. Суреткердің өмірі – азап. Оның тіршілігінде азаптан өзге ешнәрсе жоқ. Қай жазушы да суреткер болуды аңсайды. Қол жетпес асқақ олжаны Тәңірі ғана ұсынады. Ал, қазақта алып суреткерлік кескін-келбет, ойлы ақыл берген екеу бар.
Оның бірі — Мұхтар Әуезов.
Екіншісі — Әбіш Кекілбаев.
Тәңірі екеуіне де өрнекті көркем сөз, шеңбері шексіз тиянақты ой, мүлтіксіз шеберлік, этикалық һәм эстетикалық қапысыз талғам берген.
«БӘЙТЕРЕКТІҢ»
қасында Әбекеңмен бетпе-бет кездесіп қалдық.
– Кітапханаға бара жатыр едім, — деді. – Кездесу болмақ.
Көз алды күлгін тартқан, жүзі сал-қын, шаршағаны білініп тұр. Кең кеудесі, ауқымды дене бітімі әлі де шымыр.
– Бастықтарға бара жатырмысың? — деп министірліктердің қытай қорғанындай ұзыннан ұзақ сұлап жатқан қамалына қарап иегін көтерді.
– Жоқ, ескі қаладағы қара халыққа бара жатырмын, — дедім.
Әбекең кең кеудесін керіп, әлдене айтқысы келгендей болып барып бөгелді. Езуіне ойнап шыққан қуақы күлкі байқалып қалып басылды. Үндеген жоқ. Артық сөйлейтін адам емес. Қимылы да, ойы да сабырға толы. Ойланып барып сөз айтады. Толғанып барып сөз өрнегіне жан бітіреді. Аспайды, саспайды. «Ат шаба ма, бап шаба ма?» деген осы болар шамасы.
– Астанада қанша боласың, Роллан?
– Ертең кешке Мәскеуге жүремін.
– Анатолий Кимге сәлем айт, — деп бөгелді де, — ауырсынбасаң, уақытың болса ертең түсте үйге соқ. Кездеспегелі көп болды. Әңгіме-дүкен құрайық. Анатолийге бір хат жазып өзіңмен беріп жіберейін.
– Рахмет, Әбеке, сіздің сәлеміңізді ауырсынбаймыз ғой, — дедім.
– Онда ертең үйде тосамын, — деді де жүріп кетіп, лезде қайта бұрылды:
– Роллан, қазақтың сөзі ұзын. Аман бол. Аман жүр, — деді. — Жидебай иесіз қалды. Жидебайды иесіз қалдырма. Сенен басқа бас көтерер жан да жоқ қой.
– Сіз де аман болыңыз, Әбеке. Үстірт сізсіз жетім. Үстіртте қалың қытай мен америкалықтар еркін талтаңдауда. Дешті-Қыпшақ даласында салтанат құрған, қуса құтқармайтын, қашса жеткізбейтін қасиетті жез тұяқ Тарпаңдар даламызда 1758 жылы жоғалып тынған.
Мен жүріп барып артыма қарап едім, Әбекең мені бағып тұр екен, оң қолын көтеріп, езу тартты. Көзі сәл жасаурағандай ма, қалай?! Соны көрсеткісі келмей мол денесін жылдам бұрып, алыптарша адымдап ұзап кетті.
«Қазақтың сөзі ұзын» деген аңғартпасының астары қалың. Жүрегім селт ете қалды. Байлық пен даңқтың түкке тұрмайтынын білгенмен, қазақ сөзінің қаталдығына енді ерекше мән беріп қинала ойланып бара жатыр едім.
Қамқор аға алып денесін барынша бұрып, пәле-жаладан, өсектен, ғайбат сөзден, қауіп-қатерден маған қалқан боп тұрғысы келгендей.
Ойыма Махамбеттің өршіл жыр жолдары оралып менімен ілесіп жүре берді.
…Үлкені кімнің жоқ болса,
Жасы болар дуана.
Бір сынаған жаманды
Екіншілей сынама.
Тіріде сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе
Өлгенде бекер жылама…
Өлім барда қорқыныш жоқ. Өнер барда өлім жоқ,-деп, Әбіш Кекілбаевтың Дешті-Қыпшақ даласында енді ғана саумал сағымдай толқып жөнелген рухани әлемінің кеңдігі мен тереңдігінің өлшеусіз мол болуын тіледім. Тілімізді құртып, ел-жұртымызды күйретіп алмасақ, ол күнге де жетерміз.
ШЫНДЫҚ
айтатын Герольд Бельгер бір түнде телефон соқты.
– Роллан, кештеу мазаладым, ғафу ет.
– Мазалағаныңыз үшін рахмет, Гераға.
– Мен тәртіп жетектеген неміспін. Түнгі онда өзім де, жеңгең де ұйқыға құлаймыз. Сен менің «чепухамды» оқып жүремісің?
– Біз сіздің «чепухаңызды» жәй «чепуха» емес, «Избранная чепуха» болсын» деп атап едік.
— Оны білемін. Оны құп алғам. Мереке інім бір томдығын шығарады. Сонда кітапты «Избранная чепуха» атаймын. Соңғы чепухада қазақтың төрт дүлдүл жазушысы бар. Олар Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин деп жазған едім. Осыны айтқаным пәле болып жабысты. Телефон қайнап кетті. Қайнаған телефон менің басымды да қайнатуда.
– Телефоныңызды қайнатқандар не дейді?
– Не деуші еді? Тізімде біз неге жоқпыз, — дейді.
– Ал, сіз не айтасыз?
– Мен баяғы төртеуін айтамын тізбектеп. Сен неге телефон соқпадың? Соны білгім келді.
– Мен жынды емеспін ғой, Гереке.
– Дәл айттың, жындыларды жөн сөз айтып ұялта алмайды екенсің.
– Оны басыңызға ала бермеңіз.
– Бас түгілі жүректі жаралап бітірді. Осы төртеуі жөнінде сен не айтасың?
– Менің айтқанымды тыңдамайсыз. Ылғи өзіңізше жасайсыз.
– Роллан, мен неміспін ғой. Мен сендей жас қазақты тыңдап не қыламын? Қалжың. «Сен маған мемлекеттік сыйлықта неңіз бар?» деп ренжіп едің. Сені сол жолы тыңдамағаныма қатты өкінемін. Үкімет мемлекеттік сыйлықты маған бермеді. Жә… өтті, кетті… енді не қылайын? Кешірім ет… Оны қояйық. Төртеуі туралы тіл қыздырып көр.
– Гер аға, сізге дүлдүл жазушы, маған суреткер қымбат. Төртеудің ішінде екі суреткер бар.
– Ата кәне!
– Біреуі – Әуезов, екіншісі – Кекілбаев.
– Саған дауа жоқ екен. Сенікі дұрыс.
– Жақсы жатып жайлы тұрыңыз, Гераға.
– Бар бол, Роллан.
Гер ағам телефон трубкасын тастай салды.
Ә Б І Ш
Кекілбаевпен сирек кездесемін. Ал, Әбіш Кекілбаевтың жазбаларымен жиі ұшырасамын.
«…Ол қайтадан есеңгіреп кетті. Енді жан-жағын шетсіз-шексіз құла түз жайлап алды.Білем-білем шағылдар да әлдеқандай шимай жазуларға толып кеткен сияқты. Бұл сөніп бара жатқан жанарының соңғы қуатын шым-шым сарқып, қадалып келіп оқиды-ақ. Әлдебір уақыттарда барып зорға-зорға ажыратқандай болды. Күллі дүниені «Барар жерің бәрібір жердің асты» деген шимай жазу қаптап кетіпті».
Нағыз суреткер Әбіш өте биязы мінезімен бөлектенеді. Озық ойлы кітаптарды тудырған адам асқан сабыр иесі. Әбіштің Тәңір мен Ақылға таза көңілмен әрі адалдықпен қызмет көрсететінін ерекше атамақпын.
Біз Ана-Жердің жан жылытар қы-зуын сезінуден қалып барамыз. Ана-Жерде бәрін де құртуға болады дейді. Адам бойындағы ар-ұжданды, ойды, сезімді, құлшынысты, тіптен бүкіл атмосфераны — өзендерді, көлдерді, ормандарды — оларсыз адам Ана-Жерде тұншығып өледі. Өйткені, ойын тәртібі солай. Өлтіруге рұқсат! Жиырма бірінші ғасырдың тіршілік аясы соны талап етеді.
Біз уақыт ұйғарымын мүлтіксіз естуіміз, азаматтық парызымызды қалтқысыз өтеуіміз қажет.
Қашан да ақиқатқа адал болуды басты парызымыз санаймыз.
Соңғы деміміз біткенше ел-жұртымызды аялап өтуге, ардақ тұтуға жанымызды салуымыз қажет.
Ана-Жері Үстірттен нәр алған жас Әбіштің бойына Әуезовтің рухани тағлымы құт-береке болып дарыған.
Әбіш қазақтың хас суреткері болып, әлем әдебиетінен өз биігін тапқан санаулы қазақтың бірі.
Ұлы шығармалар адамның жан-жүрегін ашады, сезімін байытады. Сонан да концлагерьлермен, түрмелермен адам бойындағы адамшылық қасиетті өлтіру мүмкін емес.
Қайран Алаш-Орда қайраткерлерінің жанкешті адамдық ерліктері суреткер Әбіштің қадалған қырағы көзінен де, отаншыл жан-дүниесінен де еш шықпағанына мен имандай сенемін. Сенгім келеді де тұрады. Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы – қазақ ортасынан, түркі әлемінен, ғасыр шеңберінен озып шығып, болашаққа ұмтылған рухты құбылыс. Жазушының рухани тағлым-аманаты елінің жадында болуға жазсын.
Әбіш Кекілбаев – халқының трагедияға толы тағдырын айқын жазған ұлы талант.
Әбіш Кекілбаевтың дүниеден озғанына бүгін бір жыл толыпты. Енді Әбіш Кекілбаевтың рухани әлемі бізге аманат болып ортамызда өмір сүрмек. Ол әл-Фрабидің, Йассауидің, Баласағұнның, Махамбеттің, Шоқанның, Абайдың, Әлиханның, Ахметтің, Міржақыптың, Қаныштың, Мұхтардың, Ғабиттің, Марғұланның аманатындай ардақты, асыл дүние.
Сол асылды бүгін қайтадан зерделей зерттеп, Дешті-Қыпшақ даласының рухани әлеміне үкілеп қосу бізге парыз болыпты.
Қасқыр жүрек қазақтардан тағылым дарыған соңғы көштің соңғы көшбасы Әбіш Кекілбаевтың рухани әлемі енді туған ел-жұртының көгілдір көгінде еркін талмай самғауға жазсын.
Әбіш – әлемдік өнерге де, қазақ өнеріне де ауадай қажет тұлға.
Суреткер ақыл көзімен көріп туады, жан көзімен көріп өледі. Ана-Жердің тағдыры адамның қолында қалған қатерлі кезеңде жерді жауапты адамзат баласы ғана сақтап тұра алмақ.
Жауапты интеллигенция тәрбиелемеген адамзаттың жауапты іс тындыратынына сенімсіздік білдірген — Роллан Сейсенбаев.
Роллан Сейсенбаев, жазушы