Алматы облысының Қаскелең қаласында көпқабатты тұрғын үйде жарылыс болды, зардап шеккендер бар, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Азамат Жұртбаевтың айтуынша, көпқабатты тұрғын үйдің ең үстіңгі қабатындағы пәтерде газ ауа қоспасы жарылып, жапсарлас тұрған бірнеше пәтерге нұқсан келген.
«Газ ауа қоспасы жарылған. Бірақ ары қарай өрт болмады. Оқыс оқиғадан зардап шеккендер бар. Басқа ақпарат анықталып жатыр» деді баспасөз қызметінен.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, Төле би көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйдің ең үстіңгі қабатындағы пәтерде газ-ауа қоспасы жарылып, қабырғалас тұрған бірнеше пәтерге нұқсан келген.
«7 адам, соның ішінде 3 бала түрлі жарақат алды. Барлық зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. 2009 жылы дүниеге келген бала оқиға орнында көз жұмды. Аталған үйдің тұрғындарын өртке қарсы қызмет қауіпсіз жерге көшіріп, Қаскелең әкімдігі уақытша тұру орнын ұйымдастырды. Жарылыс себебі анықталып жатыр» деді ведомстводан.