11 там, 2023 сағат 19:22

Қаскелеңде әйел перзентхана терезесінен секіріп кетті: Полиция тергеуге кірісті

видео кадры

Қаскелеңде сәбиінен айырылған әйел перзентхананың үшінші қабатынан секіріп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 10 тамызда Қарасай аудандық полиция басқармасына Қаскелең қаласындағы орталық ауруханадан 37 жастағы К. есімді әйелдің перзентхана бөлімшесінің үшінші қабатынан секіргені туралы хабарлама түскен. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша аудандық полицияда тіркелген.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында ол іштегі нәрестесінің шетінеп кетуіне байланысты өз-өзіне қол салғысы келгендігін, медицина қызметкерлеріне шағымы жоқтығын айтты. Қазіргі уақытта тіркелген фактінің объективтілігін, жан-жақтылығын және толықтығын қамтамасыз ету мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады полициядан.

Бұған дейін аудандық аурухана әкімшілігі аталған оқиғаға қатысты түсінік берген.

«37 жастағы пациент әйел операциядан кейін 4 күн реанимацияда болды. Босанғаннан кейін қатты күйзеліске түсіп, емделуден бас тартты, өзін агрессивті ұстады. Оны барлық арнайы мамандар: анестезиолог-реаниматолог, нейрохирург, травматолог, хирург тексерді. Барлық қажетті сараптамалар жасалып, толықтай емделіп жатыр», - деген еді аурухана әкмшілігінен.