27 мам, 2021 сағат 12:20

Кәсіпкерлерге сатып алуларға қатысу үшін тең мүмкіндіктер беріледі - Мәулен Әшімбаев


Жаңа нормалар квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алудағы бірыңғай жүйесін қалыптастырады. Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, бүгін палата депутаттары «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Заңы мен ілеспе құжатты қабылдады

«Мемлекеттік қаржыны тиімді жұмсау – аса маңызды мәселе. Мемлекеттік сатып алуды, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың алуын тиімді пайдалануды пандемиядан кейінгі кезеңде экономикалық бәсекелестікті қалпына келтірудің тетігі ретінде қарастырған жөн. Алайда осыған дейін ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтердің сатып алулары жалпы тәртіптен шығарылып, өз ережелері бойынша жүргізіліп келді. Мемлекет басшысы бұл мәселелерді шешу үшін тиісті заңды қабылдауды тапсырған еді. Соның нәтижесінде заңдар әзірленіп, қабылданып отыр»,- деп тоқталды Сенат төрағасы палатаның жалпы отырысында. 

Оның пайымынша, бұл нормалар квазимемлекеттік сектордың жекелекеген субъектілерінің сатып алудағы бірыңғай жүйесін қалыптастырады. 

«Заңдарды жүзеге асыру сатып алу рәсімдерінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға жол ашады. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Бүгін қабылданған заңдар алдағы уақытта елімізде қаражатты тиімді пайдалануға, сондай-ақ кәсіпкерлерге сатып алуларға қатысу үшін тең мүмкіндіктер беруге ықпал етеді деп сенеміз», - деді М. Әшімбаев.