03 ақп, 2021 сағат 11:58

Кәсіпкерлерге арналған «E-Salyq-business» қосымшасы әзірленуде

Таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жеңілдету бойынша міндеттер қойды. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев осы тапсырма қалай орындалып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, биылдан бастап жеке тұлғалардың мүлік мен жер салықтары біріктірілген. Яғни екі салық та бірыңғай төлеммен төленеді. Сонымен бірге көпқабатты үйдегі пәтер иелеріне арналған жер салығы алынып тасталды. Салық төлеушілер үшін мүлік салығын төлеуге ыңғайлы болу үшін «E-Salyq Азамат» мобильді қосымшасы жасалған. Бұл қосымша мәліметтерді толтырмай салық төлеуге, 2 минут ішінде онлайн режимінде шотқа ақша жіберуді, артық төлемдерді басқаруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда салық әмиянының пайдаланушыларының саны 130 мыңнан асады. 

«Егер сіз қазір мүлік салығын тексергіңіз келсе, AppStore немесе PlayMarket-те іздеу жолағында «e-Salyq Azamat» қосымшасының атын теріп, жүктеп алуыңыз керек. Ал жеке кәсіпкерлер үшін «E-Salyq-business» қосымшасы жасалуда», деп атап өтті комитет басшысы. 

Ол сонымен қатар жеке кәсіпкерлікті тіркеуді және жабуды, салық есептілігін тапсыруды оңайлату, комиссиялық төлемдер мен фискалдық деректер операторларының қызметтері үшін төлемдерді жою қарастырылғанын мәлім етті. Бұл қосымшалар есептілікті автоматты түрде жасап, салық төлеуші оны растай алады немесе түзетуі енгізе алады.