Олег Пак. Фото: "Атамекен" ҰКП
«Парасат» кәсіпкерлер альянсының басқарма төрағасы Олег Пак Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен арадағы дау туралы баяндады.
Ол бұл туралы «Байтақ» жасылдар партиясы мен «Парасат» кәсіпкерлер альянсының Астанада өткен баспасөз конференциясында тілшіміздің сұрағына жауап беру кезінде айтты.
Еске салсақ, Олег Пак былтыр Өңдеу өнеркәсібі комитеті төрағалығынан өз еркімен кетіп, "Қазхимпромның" комитет құрамынан шығатынын мәлімдеген. Айта кетейік, осындай жағдай ҚР ИИДМ жанындағы "Адалдық алаңы" сараптамалық кеңесінде де болды. Кеңес Пакты "Индустриялық даму" секциясы басшысының міндеттерін орындаудан босату туралы бұйрық шығарған.
ULT.KZ тілшісі Олег Пактан: «Сізбен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Адалдық алаңы» эксперттік кеңесіне байланысты дау туындағаны белгілі. Сіздің ойыңызша, неге бұлай болды? «Парасат» кәсіпкерлер альянсында оң нәтиже болатынына сенімдісіз бе? Неліктен Өңдеу өнеркәсібі комитеті қауымдастығының 11 мүшесі ҰКП-ға сіздің мерзімінен бұрын босатылуыңыз туралы арыз жазды?» - деп сұраған.
«Естеріңізде болса «Адалдық алаңын» әр министрліктен құрған болатын. Мен олардың біріне қатысқанмын. Сөйтсек, ол құрылымның қаулысы да жоқ, заңсыз екен. Бірақ бизнес жүргізіп, әлдебір жиналыстар өткізіп жүрген. Біз мұны анықтағасын наразылық танытуымызға тура келді. Бұл туралы Болат та (Палымбетов, - ред.), басқалар да біледі.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келер болсақ, мен Ұлттық палатада 2014 жылы құрылған кезінен бастап жұмыс істедім. Өңдеу өнеркәсібі комитетінің құрамында болдым, 2023 жылы Альберт Рау комитет төрағасы лауазымынан кеткесін мен осы комитеттің төрағасы болып сайландым. Ол тағайындалатын емес, сайланатын қызмет. Менің алдымдағы негізгі мәселе, Ұлттық палатаны трансформациялау болды. Себебі, қазіргі уақытта, өкінішке қарай, Ұлттық палата бизнестің шоғырланған пікірін емес, шағын топтардың мүддесін қорғайды. Өздеріңіз білесіздер, қазір 15-20 млрд. теңгені олар жарнадан жинайды», - деді ол.«Ешқандай трансформация болмады»
"Атамекен" ҰКП төралқасының Өңдеу өнеркәсібі комитетінің бұрынғы төрағасы, "Қазхимпром" ЗТБ басқарма төрағасы Олег Пактың пікірінше "Атамекеннің" трансформациясы сәтсіз аяқталды.
«Бізде Райымбек Баталов бастаған жаңа құраммен трансформация жүргіземіз деген келісіміміз болған. Бірақ бұл мәселе үнемі кері шегеріліп, ешқандай трансформация болмайтынын білгенде, біз трансформацияны ішінен жүргізбек болдық. Мен төраға ретінде түзетулерді президиумға жолдадым. Өкінішке қарай, ол жерде кедергілер болды. Біз комитеттердің кеңесін жинадық. Ол жерге басқарманы трансформация туралы есеп беру үшін шақырдық. Өкінішке қарай басқарма мұны жауапсыз қалдырды», - дейді О. Пак.
Сонымен қатар Олег Пак комитет мүшелері неліктен үстінен шағым түсіргенін айтып берді:
«Бүгінде Ұлттық палата мүшелік жарна есебінен және көптеген ұйымдарға қаражат төлеу арқылы олардың бейтараптығын сатып алады. Сол кезде осы режим жұмыс істеді. Яғни, комитеттегі 11 ұйым қарсы шықты. Бірақ баса айтқым келетіні, мені ешкім орнымнан алып тастаған жоқ. Мен бірдеңе өзгерту мүмкін емес екенін түсінгенде өз еркіммен орнымды босаттым. Ұлттық кәсіпкерлер палатасында терең трансформация жүрмей, бизнеске зиянынан басқа пайдасы жоқ», - дейді ол.
«Ұлттық палатаның болашағын талқылайық»
Олег Пак өз сөзінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Парасат» кәсіпкерлер альянсының айырмашылығын айтты.
«Бізде негізгі сектор – ол өңдеу саласы. Ал Ұлттық палата өкінішке қарай, өндіруші сектор. Екіншіден, біз міндетті мүшелік жарна талап етпейміз. Ал Ұлттық палатада бүгін бизнес болып құрылсаңыз, ертең жарна төлейсіз. Одан бөлек ҰКП сізбен соттасуы да мүмкін», - деген О. Пак ҰКП төрағасы Райымбек Баталовқа қарата былай деді:
«7 қарашада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезі өтеді. Осы ретте Райымбек Әнуарұлына егер ол расымен де бизнестің мүддесін қорғайтын болса, «Парасат» альянсын съезге шақырып, біздің сарапшылардың өз ойын айтуға рұқсат берсін. Сосын Ұлттық палатаның болашағын талқылайық», - дейді Альянстың басқарма төрағасы.
«Квотаның бөлінуінде ашықтық жоқ»
Оның пікірінше, қазіргі уақытта елдегі мұнай өндіруші компаниялар арасында мұнай экспортына квотаның бөлінуінде ашықтық жоқ.
«Яғни, оның бір себебі – жемқорлық. Сосын, рейдерлік туралы шағымдар бар. Экспорт бағасы ішкі нарықтан 3 есе жоғары. Оған қоса, әр түрлі мұнай өңдеу зауыттарына мұнай өңдеу бағасы әртүрлі», -дейді ол.
Олег Пактың сөзінше, бұл фактілерді Бәсекені дамытуды қорғау агенттігі анықтаған және Альянс агенттікпен бірігіп, мұнай экспортына квотаның бөлінуі процессін ашық өткізу бойынша түзетулер дайындап жатыр.
Ал «Альянста қазіргі уақытта мұнайды бөлуге қатысты наразы жер қойнауын пайдаланушылардың шағымдары бар ма?» - деген сұрағымызға «Парасат» альянсының басқарма төрағасы былай жауап берді:
«Олар құпия. Себебі, ондай шағым болғанның өзінде олар қорқады. Мұның бәрі ашық жүрмегендіктен, кез келген шенеунік бүгін ішкі нарыққа 80 пайыз жүктеген болса, ертең 100 пайыз жүктеуге мәжбүрлейді. Сондықтан мұндай хаттар бар. Көбі ол туралы ауызша айтады», - деді «Парасат» кәсіпкерлер альянсының басқарма төрағасы Олег Пак.