Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бөлінетін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне нысаналы грант беруге мониторинг жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мониторинг қорытындысы бойынша грант көбіне жұмыс орнын қамтамасыз етпейтін және нарықта экономикалық белсенділік танытпайтын кәсіпкерлерге берілетіні анықталды.
Десек те аталған екі талап бизнесті қаржыландырудың негізі көзі екені анық.
«Сонымен қатар, грант алғаннан кейін бірқатар кәсіпкерлер штат санын мүлдем қысқартып тастағаны анықталды», - деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Марат Хайруллин «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалында өткен кездесуде.
Одан бөлек, басқарма басшысы мониторинг аясында әзірленген ұсыныстар шара қабылдау үшін уәкілетті органдарға жіберілгенін айтты.