Ақмолалық кәсіпкер ауылындағы орта мектепке IT-технология кабинетін толық жабдықтап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Есіл ауданының Заречный ауылында «Заречный» ЖШС директоры Уәлихан Әріпов орта мектепке робот техникасы кабинетін сыйлады. Кәсіпкер «Nur Otan» партиясының мектептерде IT-технология кабинеттерін орнату жобасына қолдау білдіріп отыр. Кабинет құны 4 миллион теңге болатын қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен және жиһазбен жабдықталған.
«Кабинетке интерактивті тақта, 3D принтер, ноутбук және Arduino жиынтығы сатып алынды. Бұл меценат Уәлихан Әріповтың ауылдастары үшін жасап отырған алғашқы жақсылығы емес, бұған дейін де талай мәрте қайырымды істер атқарып халықтың алғысына бөленіп келеді. Сол себепті, мектеп ұжымы кәсіпкерге шынайы алғысын білдіреді», дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетсек, Есіл ауданының жеке кәсіпкерлері «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға бірден қолдау білдірген болатын. «Әрбір қазақстандықтың міндеті – өзінің үйінің, кеңсесінің, кәсібінің аумағында тәртіпті сақтау, ауылды көркейтуге үлесін қосу», - дейді «Ново-Приречное» серіктестігінің жетекшісі Валерий Трюкин. Ал, «Заречный» ЖШС директоры Уәлихан Әріпов: «Қазір қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін уақыт келді. Сондықтан, елді мекендерді абаттандыруды қолға алып, «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға өз үлесімізді қосқымыз келді»,- деген еді.
«Заречный» ЖШС – Есіл ауданының ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі. «Заречный» ЖШС директоры Уәлихан Әріпов – белгілі меценат, Фермерлер одағы, Ет өндірушілер одағы, Қазақстанның селекционерлер және тұқым өсірушілер одағының мүшесі.