Былтыр пандемия барлық саланы сергелдеңге түсірді. Әсіресе, экономика, кәсіпкерлік секторы едәуір шатқаяқтап қалды. Дегенмен де мемлекет дағдарыстың салқынын сездірмес үшін қолдан келген шараларды жасады. Бизнесті қолдау үшін субсидиялар бөлді. Кәсіпкерлердің алған несиесі қайта қаралды. Ауыл шаруашылығы, сауда және өңдеу өнеркәсібіне де көңіл бөлінді.
Отандық бизнесті қолдау үшін Үкімет дағдарысқа қарсы іс-шаралардың барлық тиімді тетігін қарастырды. Соның ішінде «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес ұйымдары да кәсіпкерлік саласын күрделі кезеңнен алып шығу жұмыстарына жұмылды. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпхановтың айтуынша, холдинг коронавирус өршіген тұста да жұмысын тоқтатпай, қызмет көрсетуді қашықтан ұсынған. «Вирус таралған кезде халықты сабылтпас үшін қызметтің бәрін онлайн ұсындық. Өтініштердің қарау уақыты мен керекті құжаттардың санын қысқартып, елге неғұрлым жедел қызмет көрсетуге тырыстық. Ресімделген құжаттар да онлайн нұсқада иесіне жіберіліп отырды», дейді А.Әріпханов.
Орта және шағын бизнеске көрсетілген қолдаудың үлкені несиені қайта қарау болды. Қазақстанның Даму банкі 2020 жылы кәсіпкерлердің ғана емес, инвестициялық жобаларға берілген несиені де қайта қарап, мерзімін ұзартып, мөлшерлемесін азайтты. Айталық, былтыр 16 наурыз бен 31 желтоқсан аралығында «Даму» қоры «субсидиялау» тетігі бойынша шағын және орта бизнестің 4 179 жобасының кредитін қайта қарап, жеңілдіктер берген. Осы кезең ішінде қор «кепілдік беру» құралы бойынша 3 291 жобаның несиесін қайта құру жөніндегі ұсынысты мақұлдаған. Сондай-ақ «Даму» қоры кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыру үшін оларға қолдау білдіріп отырған. Былтыр кәсіпкерлердің 9 984 жобасы қор тарапынан қолдау көрген. Бұл − 2019 жылмен салыстырғанда 19%-ға артық көрсеткіш.
Аяқ астынан болған пандемия жағдайы бизнес саласына ауыр соққы болса да Үкімет тарапынан жасалған батыл қадамдар оларға әжептеуір қолдау болғаны анық. Мысалы, дағдарысқа қарсы шаралардың бірі − «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасына кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа бағыттары енгізілді. Соның нәтижесінде бизнес субьектілеріне мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын субсидия бөлінді. Айналым қаражатын толықтыруға – 5 млн теңгеге дейін, инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін қаржы беріле бастады. Оның кепіл мәселесін «Даму» қоры мойнына алып, жалпы қарыз соманың 85%-на дейінгі мөлшеріне өздері кепілдік берді.
Сонымен былтыр «Бизнестің жол картасы – 2025» аясында субсидиялау тетіктері негізінде жалпы кредит мөлшері 411,5 млрд теңге болатын 5 808 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл ретте 35,1 млрд теңгеге жуық субсидия төленгенін атап өткен жөн. Бұған қоса, жалпы көлемі 214,8 млрд теңге болатын 6 782 жобаға қордың кепілдігімен қолдау көрсетілді. Берілген кепілдіктердің жалпы мөлшері 81 млрд теңгені құрады.
Ал 2020 жылдың қазан айында COVID-19 пандемиясы кезінде экономиканың ең көп зардап шеккен салаларда жұмыс істеген шағын және орта бизнеске субсидия беру бағдарламасы қабылданды. Оған экономиканың 29 секторы қамтылды. 8 454 жобаға қолдау көрсетіліп, кредит портфелінің жалпы көлемі 426,8 млрд теңгені құрады. Осы бастама шеңберінде субсидиялар 2020 жылдың 16 наурызынан бастап берілсе, биылғы 15 наурызға дейін жалғасады.
2020 жылдың қорытындысы бойынша «субсидиялау» тетігі бойынша келіп түскен барлық өтініштің 96,7%-ы онлайн рәсімделген. Айталық, 2019 жылы бар-жоғы 678 жоба, яғни Электронды үкімет арқылы жолданған жалпы өтінімнің 28%-ы мақұлданса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 90,5%-ға жеткен. Осы ретте кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламаларға қатысуға өтініш білдіргендерден келіп түскен жоба саны 2019 жылмен салыстырғанда 1,3 есеге артып, 24,3 мыңнан 32,5 мыңға көбейген.
Үкімет пандемия кезінде жеке құрылыс салушыларды да назардан тыс қалдырған жоқ. Былтыр коммерциялық кредиттердің құны арзандатылып, 23 млрд теңгеге жеке құрылыс салушылардың жобалары субсидияланған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Отбасы банк» пен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептемей, негізгі борыш пен сыйақы төлемдерін 90 күнге кейінге шегеруге мүмкіндік берді. Осылайша, 34,7 мың азаматтың төлемі шегерілген. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» меншігіндегі жылжымайтын мүлік нысандарын жалдау ақысын 2020 жылдың соңына дейін тоқтатқаны да жеке кәсіпкерлерге біраз қолдау болғаны анық.
Қымбат Тоқтамұрат,
"Егемен Қазақстан" газеті