27 ақп, 2020 сағат 14:35

Қашаған кен орнында ілеспе газды өңдейтін ірі зауыт салынады

Атырау облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қашаған кен орнында ілеспе газ өңдеу зауытын салу мәселесі жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Қаржыландыру мәселесі, мемлекеттік қолдау шаралары, газ теңгерімі және аталған жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев және Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары баяндады.

Қашаған кен орнында ілеспе газ өңдеу зауытын салу жобасын 2021 жылдың соңына дейін Атырау облысының Мақат ауданында, «Болашақ» мұнай және газды кешенді дайындау қондырғысынан солтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым жерде және Ескене теміржол станциясынан оңтүстікке қарай 5 шақырым жерде іске асыру көзделген. Жобалық қуаттылығы — жылына 1 млрд текше метр. Инвестор — «GPC Investment» ЖШС. Инвестиция көлемі - 860 млн доллар.

«Қашаған кен орнында ілеспе газды өңдеу зауытын салу еліміз үшін маңызды жоба. Ол кен орнында мұнай өндіруді 12 млн тоннаға арттыруға, сондай-ақ құрылыс кезеңінде 2800 уақытша және пайдалануға берілген соң 600 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы зауыт өнімі ішкі және сыртқы нарықтарға шығарылатынын атап өтті.

«Өткен жылдың қазан айынан бастап аталған жобаны жан-жақты зерделедік. Бүгінгі отырысты зауытты салу туралы шешім қабылдайтын қорытынды жиын ретінде қарастыру қажет», — деді А. Мамин.

Атырау облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министр, сонымен қатар мұнай-газ саласы үшін жабдықтар мен құрауыштарды өндіретін кәсіпорындар — «Каспий Плюс», «International Pipeline Structure Solutions Caspian», «Caspian Contractors Trust Atyrau» ЖШС-ын аралады.