Қаржы саласындағы түрлі сұрақтар бойынша ел азаматтары жедел желіге 23 мыңнан астам хабарлама қалдырған. Бұл туралы fingramota.kz жүргізіген талдаудың нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылғы 26 наурыздан бастап қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жедел желіні іске қосты.
«Жедел желі арқылы қазіргі кезде азаматтардан қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, оның ішінде карантин кезеңінде кредиттер бойынша мерзімін кейінге қалдыруға рұқсат алу, қашықтан банктік қызмет көрсету мәселелері бойынша 23 мыңнан астам қоңырау келіп түсті және өңделді», - делінген хабарламада.
Халықтың қаржы реттеушісімен өзара іс-қимылы мақсатында және ҚР Үкіметінің биылғы 30 мамырдағы №338 Қаулысымен бекітілген Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында Агенттік 2020 жылғы 25 маусымнан бастап «Fingramota Online» мобильді қосымшаны іске қосты. Бұл қаржы реттеушісінің халықпен және бизнеспен өзара іс-әрекетінің ыңғайлы құралы. Осы мессенджер арқылы қаржы реттеушісіне қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, қаржы және өзге де ұйымдардың қызметі, қаржылық сауаттылықты арттыру, Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру әрі басқа да мәселелер бойынша 1800-ден астам сұрақ келіп түскен.