Фото: Pexels.com
Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) биылғы жылы 20 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген қаржы пирамидаларын құру және басқару бойынша 57 қылмыстық істі тергеп-тексергенін мәлімдеді. 12 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылған, деп хабарлайды Ult.kz.
«Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы аясында алаяқтық жобалардың жұмыс мерзімін қысқарту және салымшылар санын азайту мақсатында тергеу іс-шаралары жүргізілді. Мысалы, Алматыда HitBeatMusic қаржы пирамидасын құру және басқару бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, 255 миллион теңге залал келтірілгені анықталған. Сот шешімімен кінәлілер 5-6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Агенттік әлеуметтік желілерді бақылап, қаржы пирамидасының белгілері бар 10,5 мыңнан астам сілтемені бұғаттаған. WhatsApp, Telegram, және Instagram платформаларындағы 292 чат жабылған. Бұл шаралар арқылы 2 миллионнан астам әлеуетті салымшылардың қаржылық шығындарының алдын алуға мүмкіндік туды.
Агенттік қаржы пирамидасына қатысты мәселелер бойынша азаматтарды Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласуға шақырады. Сонымен қатар, күмәнді жобаларды тексеруге мүмкіндік беретін арнайы телеграм-бот іске қосылған.