03 мау, 2021 сағат 11:21

Қаржы пирамидалары блокчейннің атын жамыла бастады – қазақстандықтарға ескерту жасалды


Fingramota.kz сайты қазақстандықтарды қаржылық пирамидалардың жаңа тәсілі пайда болғанын ескертті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сайттың жазуынша, қаржы пирамидалары тегін оқыту курстарын ұсынуға көшкен. Бұған дейін олар көбінесе заңмен тыйым салынбаған желілік маркетингтің, тұтыну кооперативтері мен краудфандинг платформаларының, Forex-тің атын жамылып жұмыс істейтін. 

«Көп жағдайда мұндай ұйымдар Қазақстанда тіркелмеген. Керісінше, көптеген алаяқтық схемалар өздерінің шетелде тіркелуін артықшылық етіп көрсетуге тырысады. Бас прокуратураның деректері бойынша соңғы бес жылда мұндай фактілер – 619, ал өткен бір жылда - 181 болған. 

Кейінгі кезде қосымша құзыреттер мен тегін білім ұсынатын ұйымдар танымал болып тұр. Өздерін блокчейн технологиялары мен орталықтандырылмаған қаржы туралы білім беру орталықтары ретінде көрсететін ұйымдар өз қызметін белсенді түрде жарнамалап жүр. Олар қаржылық технологиялар мен құралдарға, негізінен, тегін инвестициялау бойынша оқыту бағдарламаларын «жүргізеді». Оқудан өткеннен кейін клиентке өз қаражатын оқыту орталығы әзірлеген трейдингтік платформаға орналастыру ұсынылады», -деп сипаттайды Fingramota.kz.

Ақпараттық ресурс әлеуметтік желілер арқылы өз қызметтерін белсенді түрде жарнамалап жүрген MarketPeak ұйымынан сақ болуды керектігін ескертеді.

«Компания БАӘ-де тіркелген. Дегенмен, Қазақстандағы қаржылық реттеушінің сайтында бұл компанияға лицензия беру туралы ақпарат жоқ. Яғни, оның ҚР аумағында қаржылық қызметке лицензиясы немесе өзге де рұқсат құжаттары жоқ. Қаржы ұйымы ретінде тіркелмегендіктен, бөлімшелері болу мүмкін емес. Ақша таратып, қаржылық қызметтер көрсетуге, оның ішінде Қазақстанның бағалы қағаздар нарығында жұмыс істеуге құқығы жоқ», - дейді автор.

Сайттың мәліметі бойынша, тегін оқытуды өткізгеннен кейін MarketPeak компаниясы азаматтарға нарықтық құралдарға емес, жеке трейдингтік платформаға инвестиция салуды ұсынады. Осылайша кірістілік шетел валютасында айына 20% - дан 30% - ға дейін деген ақпаратпен алдандырады. 

«Алайда, компанияға салған қаражаттың қайтатынына ешқандай кепілдік жоқ», - деп жазылған материалда.