12 қар, 2021 сағат 10:40

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қаржы пирамидаларына қатысудан бас тартуға шақырады



Қаржы пирамидалары жыл соңына қарай барлық бонустар мен халықтың сыйақыларын тарту үшін белсенділігін арттыра бастайды. Көбінесе ұйымдар құрылыс және әртүрлі бизнес-жобаларға, криптовалютаға, сондай-ақ брокерлік компаниялардың акцияларына инвестициялар түрінде қаражат тартумен айналысады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Пирамидалардың көпшілігі интернет-жобалар түрінде әрекет етеді және сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істейді.

Агенттіктің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті қаржы пирамидасының белгілері бар «Antares Limited» инвестициялық компаниясына қатысты қылмыстық істі тергеуде.

Компания қызметкерлері азаматтардың қаражатын инвестициялар бойынша тренингтерөткізу арқылы тартып отырған.

Тренингке қатысушылар ақшалай қаражатты компания қызметкерінің «Kaspi Bank» карточка шотына аударған. Одан әрі олар виртуалды ақша аударылған электрондық парақты ашуға мүмкіндік алған.

Бұл қаражатқа күніне салым сомасының 1% көлеміндегі уәде етілген пайдасы бар инвестициялық пакет сатып алынды. Ақша тек жаңа салымшыларға пакеттер сату немесе қосымша инвестициялық пакеттер сатып алу арқылы шығарылып отырды.

Сонымен қатар, жаңа салымшыны тартқаны үшін виртуалды ақшамен төленген салым сомасының 1-ден 5%- на дейінгі сыйақы қарастырылған.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Қаржылық мониторинг агенттігі осындай күмәнді жобаларға қатысудан бас тартуға шақырады. Егер Сіз немесе Сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидасына тартылған болса, +7 7172 708 478 сенім телефонына хабарласуыңызды сұраймыз.