ҚР Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Ерұлан Жамаубаев саланы ары қарай цифрландыру жоспары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Біріктірілген мәліметтер базасы мен салықтық әкімшілендіру жүйесін жаңғырту жүргізіледі.
«Бұл өз кезегінде бірыңғай мәліметтер базасында мемлекеттік органдардан өзекті деректерді алуды автоматтандыруға және мемлекеттік қызметті көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деді министр.
Е. Жамаубаевтың сөзіне қарағанда, ҚҚС-ті әкімшілендіруде блокчейн технологиясын енгізу жоспарланып отыр. Осы орайда бұл қадам салық төлеуден жалтару тәуекелін төмендетеді деп ескерілген.
«ЭЫДҰ елдерімен мәліметтер алмасу тұрғысында экономиканың офшорлануына қарсы қадамдар бойынша жұмыстар жанданады. Биыл 102 юрисдикцияда ашылған біздің резиденттердің шоттары туралы алғашқы ақпаратты алу жоспарланып отыр», - деді министр.