Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Жанболат Тілеулестің қарамағындағы қызметкерге қатысты сыбайлас жемқорлық ісінен кейін өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініші қанағаттандырылды. Қаржы министрлігі лауазымды тұлғаның жұмыстан босатылуына байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін Жанболат Тілеулес қол астындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлық дауына іліккеннен кейін жұмыстан шыққан болатын. Қаржы министрлігі Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болған Жанболат Тілеулестің 2021 жылғы 14 қыркүйекте Мемлекеттік кірістер органдарынан өз қалауы бойынша жұмыстан кеткенін мәлім етті. Бұған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 15) тармақшасы негіз болған.
«Осыған байланысты өзіне сеніп тапсырылған бөлімшеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың болмау фактісі бойынша оның тәртіптік жауапкершілігін қарау мүмкін емес», - деп жазылған ведомствоның түсіндірмесінде.
Айта кетейік, Жанболат Тілеулес бұл жұмыстан босатылғанымен басқа мемлекеттік органдарда жұмыс істей алады.