ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет үйінде өткен брифингіде бюджеттің кірісін қалай арттыруға болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір Қаржы министрлігінің пысықтауында 5 пилоттық жоба жатыр. Олар тауардың ілеспе жүкқұжаттарын енгізуге, акциздік тауарларды маркілеуге, электронды шот-фактураларды қолдана отырып, қосымша құн салығын әкімшілендіруге, ірі кәсіпорындар үшін горизанталды мониторинг енгізуге және «Tax Free» жобасына қатысты. Бұл жобаларға бджеттен жеке қаражат қарастырған жоқпыз. Олар қолданыстағы ақпарат жүйелерінің аясында іске асырылады. Пилоттық жобалар жалпы кәсіпкерлермен кері байланыс орнату үшін қолға алынып отыр», - деген ведомство басшысы аталмыш жобалар заңнамалық нормаларды енгізу кезінде кәсіпкерлердің қандай қиындықтарға тап болып жатқанын білу үшін керек екенін атады.
«Жобалардың тиімділігіне келсек, Мемлекет басшысы бюджеттің кіріс бөлігін көбейту бойынша алдымызға айқын міндет қойды. Біз бұл тапсырманы бірінші кезекте салықтық, кедендік әкімшілендіру жүйесін жетілдіру және цифрландыру арқылы орындаймыз. Бұл бағытта үлкен жұмыс істелді. Соңғы үш жылда осы шаралардың арқасында бюджет қосымша 2 трлн теңгедей кіріс алды», - деді Ерұлан Жамаубаев.