Фотоколлаж: ustinka.kz
Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов мемлекеттік борыштың өсіп бара жатқанына алаңдап, бюджет кірістерін ұлғайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутаттың ақпаратынша, 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 28,5 трлн теңгені құрайды. Республикалық бюджеттің борышқа қызмет көрсетуге арналған шығыстары 2026 жылға қарай 3,5 трлн теңгеге (барлық шығыстың 14%-і) жетеді. Мұндай қарқынмен 2030 жылға қарай қарызға қызмет көрсету шығындары ЖІӨ-нің 49%-іне дейін барады.
"Үкіметтік борыштың өсу қарқыны ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынынан едәуір асып түседі. Мысалы, соңғы 15 жылда үкіметтік қарыздың өсу қарқыны орта есеппен 28%, ал жалпы ішкі өнім 15%-ті құрады. Егер жақын болашақта бұл жағдайды түзету үшін шаралар қабылданбаса, онда бұл біздің еліміздің бюджетінің техникалық дефолтына әкелуі әбден мүмкін", - деп ескертті Жұбанов Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында 277 салық жеңілдігі бар екені көрсетілген. 2018-2020 жылдар аралығында шығын 12,9 трлн теңгені құрады. Экономиканың нақты секторын дамытуға басымдық берілгенімен, жеңілдіктердің ең көп үлесі қаржы секторына тиесілі.
"Қазақстанда қаржы секторының салық жүктемесінің деңгейі салыстырмалы түрде төмен. Бұған қоса, банк жүйесін мемлекеттік қолдау 2010-2020 жылдар аралығында 6,6 трлн теңгені құрады. Салық салу мақсатында бұл түсімдер кіріс ретінде қарастырылмайды, бұл банктерге бюджетке салық төлемей, акционерлерге дивиденд төлеуге мүмкіндік береді", - деді ол.
Бес жыл ішінде қазақстандық банктердің табысы 3 еседен астам өскен.
Сондай-ақ, депутаттың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі қызметкерлері бар жұмыс берушілерді қосылған құн салығын төлеуден босату бойынша жеңілдіктер бюджет алдындағы міндеттемелерін азайту үшін осы жеңілдіктерді теріс пайдалануға мүмкіндік береді. Жеңілдіктер қабылданған сәттен бастап ҚҚС бойынша босатылған айналым сомасы 16 есеге, 2018 жылғы 5,4 млрд теңгеден 2021 жылы 86,2 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
"Салық кодексінде салық салу әділдігі қағидатына қайшы келетін жеке сипаттағы жеңілдіктер көзделген нормалар да бар. Мысалы, "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ және "Nazarbaev Fund" жеке қоры корпоративтік табыс салығын төлеуден босатылған", - дейді Жұбанов.
Сонымен қатар "MEGA" СОО желісі, дәрі-дәрмекті импорттайтын және оны қымбатқа сататын фармацевтикалық компаниялар да салық жеңілдігін пайдаланады. Негізінен көлікті құрастырумен айналысатын Hyundai Trans Kazakhstan да ҚҚС-ның нөлдік мөлшерлемесін пайдаланады. Ал Өзбекстан бюджетіне 25 млн доллар салық төлеген. Сондай-ақ компания 2015 жылдан бері мемлекеттен 160 млрд теңгеден астам субсидия алған.
Жұбанов экспорттаушыларды қосылған құн салығын өтеу арқылы субсидиялау кезінде де көптеген мәселе бар екенін мәлімдеді.
Айтуынша, ҚҚС-ны қайтару шикізат экспорттаушыларын елімізде өндірісті дамытуға ынталандырмайды. Осы ретте депутат 2005-2021 жылдар аралығында 543 млрд теңге сомасына қосылған құн салығын қайтарған және бірде-бір дайын өнім зауытын салмаған Қазақмыс корпорациясын мысалға келтірді.
Осыған байланысты мәжіліс депутаттары бірнеше ұсыныс енгізді:
• таяу жылдары республикалық бюджеттің техникалық дефолтын болдырмау үшін бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту жөнінде шұғыл шаралар қабылдау;
• қолданыстағы салық жеңілдіктеріне, субсидияларға және басқа да преференцияларға, оның ішінде ҚҚС бойынша түгендеу жүргізу, кейіннен оларды паспорттау практикасын енгізу;
• болашақта салық жеңілдіктерінің тиімділігін жүйелі негізде бағалау, оларды одан әрі қолданудың орындылығы туралы шешімдер әзірлеу;
• екінші деңгейлі банктердің шығыстарды шегерімге жатқызу тәсілдерін жетілдіру;
• өңдеуші кәсіпорындар мен дайын өнім өндірушілерге преференциялар, салық жеңілдіктері мен артықшылықтар беру;
• Салық кодексінен жеке сипаттағы жеңілдіктер білдіретін барлық норманы алып тастау.