ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Асылбек Ыдырысов халықтан сатып алынған қару-жарақ үшін қанша өтемақы төленетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қару тапсырғаны үшін төлемдер мөлшері олардың түріне, техникалық күй-жайына байланысты әр данасы үшін (10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін) 30 мыңнан 306 мыңға дейін әр түрлі болады. Өтемақы көлемін әр облыстық, қалалық және аудандық полиция органдарында құрылатын комиссиялар белгілейді.
«Мысалы, 100 АЕК-ке дейін немесе 306 мың теңгені – автоматты ойық қаруды тапсырған азамат ала алады. Мұндай соманың жартысы ойық ұңғылы мылтықтар мен карбиндер үшін төленуі мүмкін. Тапаншалар мен револьверлер үшін – 122 мың теңгеге дейін ақы төлеу болжанады. Тегіс ұңғылы мылтықтардың әрбір данасы барынша 91 мың теңгеге бағалануы мүмкін», - деді Асылбек Ыдырысов ҚР ІІМ ұйымдастырған онлайн-брифингте.
Өтемақы төлеу мерзімі – 1 ай. Оның мөлшерін айқындау кезінде комиссиялар қарудың техникалық жай-күйін ескереді және 3 санатқа бөледі. 1-санаттағы қару үшін төлем ұсынылатын құнының 100%-ын, 2-санатқа 70%-ын, 3-санатқа 30%-ын құрайды.
1-санаттағы қаруға – пайдаланылмаған және техникалық ақауы жоқ қару не бұрын пайдалануда болған, бірақ ақауы жоқ, тауарлық түріне нұқсан келмеген қару жатады. 2-санатта – одан әрі пайдалануға кедергі болмайтын, жекелеген техникалық ақауы бар немесе тауарлық түріне нұқсан келген қару бар. Жөндеуге жарамды қарулар да екінші санатқа жатады. 3-санатқа – техникалық ақау салдарынан пайдалануға жарамсыз немесе қауіпті, жөндеуге, қалпына келтіруге немесе ауыстыруға жарамсыз қарулар жіберіледі.
Криминалист-маманның қорытындысы негізінде атыс қаруы, оқ-дәрі немесе жарылғыш заттар болып танылмаған, ҚР ІІМ БДБ-ның «Криминалдық қару» және «Тіркелген қару» есебінде тұрған қару-жарақтарға, қолдан жасалған, сондай-ақ тегіс ұңғылы, газды және жарақат салатын патрондарға сыйақы төленбейді.
«Қару-жарақ заттардың қайдан пайда болуы туралы айтсақ, әлбетте олардың көбі – бұрыннан мұраға қалған, не тауып алынған немесе оларды тіркеу бойынша шектеуді енгізгенге дейінгі сатып алынған қарулар. Мысалы, бұрын 1974 жылға дейін қарулар малшыларға аңдардан қорғану үшін есепсіз таратылған. Барлық тексеру шараларынан кейін тапсырылған қарулар мен оқ-дәрілер жою процессін бейнежазбаға бекіте отырып, комиссиялық түрде жойылады», - деді А. Ыдырысов.
Жиналған қарулар бөлшектенеді және өнеркәсіп кәсіпорындарында балқытылады. Сонымен бірге, антикварлық және тарихи құндылығы бар қару криминалистикалық бөлімшелердің заттай коллекцияларына немесе Ішкі істер министрлігінің музейлеріне берілуі мүмкін.
«Мәселен, өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында 1886 жылы Францияда шығарылған ойық ұңғылы калибрі 8 мм «MANUFACTURE DARMES» маркалы винтовкасы (Винтовка Лебеля) тапсырлған, ол атасынан мұраға қалған екен. 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысында ерікті түрде тапсырылған ҰОС кезінен қалған калибрі 12,7мм «Никонов-Семенов-Владимировский-Танковый» маркалы танк пулеметі бар. 2013 жылы Семей қаласында 1882 жылы Итальяда шығарылған 32 калибрлі «ВЕТТЕРЛИ-ВИТАЛИ» винтовка және «ЛЕФОШЕ» жүйесінің револьвері тапсырылды. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарынан «ПИСТОЛЕТ-ПУЛЕМЕТ ШПАГИНА» тапсырылған. Павлодар облысында 1891 жылы шығарылған «Фролов» конструкциясының тегіс ұңғылы атыс қаруының кесіндісі тапсырылды. Комисссия шешіміне сәйкес, бұл қарулар экспонат ретінде Полиция департаменттерінің музейлеріне берілді», - деп түсіндірді Асылбек Ыдырысов.