25 ақп, 2020 сағат 08:15

Қару-жарақтың ұрлануы: Әскери жасаққа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Түркістан облысындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімшесінде ұрланған қару-жараққа қатысты тағы бір қылмыстық істің қозғалғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі уақытта 29 автомат, 24 тапанша мен оқ-дәрі тәркіленді. Әскери бөлімнен қару-жарақты жымқыру фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар сол күні кезекшілікте болған әскери жасақтың немқұрайлылығы бойынша екінші қылмыстық іс қозғалды. Себебі дәл осындай мөлшердегі қаруды қалай алып кеткенін анықтау керек. Әскери бөлімнің басшылығы мен әскери жасақтың әрекетіне жеке құқықтық баға беріледі», - деді министр Үкімет отырысынан кейін тілшілерге.

Естеріңізге сала кетсек, 20 ақпан күні Түркістан облысында Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімшесінде келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген кіші сержант А.Балғынбай кезекшілікті өз бетімен тастап шығып, біраз қару-жарақты ұрлап кеткен болатын. Сол күні ІІМ және ҰҚК қызметкерлерінің арнайы жедел тобы әскери қызметшіні қолға түсірді. Әскери бөлімнен бірнеше қару ұрлаған әскери қызметші Абылай Балғынбайдың екі сыбайласы ұсталды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «аталған қарудан ешкімге залал келтірілмегенін атап өткен.